Еркебұлан Сейдахмет жақын күндері қазақстандық клубтың жиынына қосылады

1000
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасы мен ресейлік «Уфа» клубының шабуылшысы 19 жастағы Еркебұлан Сейдахмет жуырда алматылық «Қайраттың» оқу-жаттығу жиынына келмек. Бұл туралы сенімді дерек көзі хабарлап отыр.

Қазір «Қайрат» футболшылары Алматыдағы базада жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал 3 наурыз күні Орталық стадионда Қазақстан Суперкубогы үшін «Астанамен» кездеседі. Ойын 15:00-де басталады.

Бұған дейін «Қайраттың» бақылаушылар кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев «Уфаның» Кипрдегі оқу-жаттығу жиынына барып, клуб президенті Шамил Ғазизовпен кездескен. Осы уақытта Еркебұланның алматылық клуб сапына ауысатыны туралы ақпарат тараған.

Еске салсақ, Еркебұлан маусым аралық үзіліс кезінде жарақатынан айығып командасының жаттығу жұмыстарына кіріскен. Алайда жолдастық кездесулердің өзінде негізгі құрамнан орын таба алмады.

Көптеген ресейлік ойыншылармен бірге жұмыс істейтін танымал агент Алексей Сафоновтың айтуынша, «Уфадағы» бәсекелестік Еркебұланның еркін ойнауына мүмкіндік бермеген.

«Мүмкін оған командадағы қысым әсер еткен болар. Еркош – талантты ойыншы, бірақ әлі бала. Бәсекеге төтеп бере алмау кез келген ортада болады. Бауыржан Исламхан да «Кубань» қатарында осындай жағдайға ұшыраған. «Уфа» сияқты ұжымдарда бәсекенің жоғары болатыны түсінікті. Бірақ Еркебұлан олардың деңгейіне сай келмейді деген сөз емес. Әркімнің өз жолы бар. Ол Қазақстан құрамасының да негізгі ойыншысы. Сондықтан Еркебұланға тұрақты ойын тәжірибесі керек.

Егер ол осы ойынынан жаңылмаса келешекте тіпті Испанияда ойнай алады. Оның карьерасы енді басталды. Алғашқы шетелдік клубтағы ойындарынан тәжірибе жинады. Енді содан тиісті қорытынды шығаруы керек. Меніңше, Еркебұлан Испанияда ойнап кете алады. Себебі, Ла Лига чемпионаты оның стиліне сай келеді» дейді агент.

ЕРКЕБҰЛАН СЕЙДАХМЕТТІҢ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНА АУЫСАТЫНЫ ХАБАРЛАНДЫ

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: