Өмірзақ Шөкеев – Түркістан облысының әкімі

1636
0
Бөлісу:

Түркістан облысында жаңа әкім тағайындалды, деп хабарлайды осы облыстағы меншікті тілшіміз Тельман Бейсен. Енді бұдан былай Түркістан облысын осы киелі мекеннің төл тумасы Өмірзақ Шөкеев басқаратын болды.

Түркістанға ат басын тіреген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин облыс активі жиынында Елбасы Жарлығымен Жансейіт Түймебаевтың Түркістан облысы әкімі лауазымынан босатылғанын жеткізді.

 

Асқар Ұзақбайұлы Жансейіт Түймебаевтың жаңа облыстың алғашқы әкімі ретінде әкімшілік-аумақтық құрылымын ұйымдастыру және құрылыс жұмыстарының басталуында үлкен жұмыс атқарғанын, Түркістанды түлетуде біршама жұмыстар жасағанын айтып, 2,5 жылдам астам уақыт облысты басқарған Жансейіт Қансейітұлына  атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

Асқар Ұзақбайұлы Елбасының Өмірзақ Естайұлы Шөкеевті Түркістан облысына әкім етіп тағайындау туралы ұсынысын облыс маслихатының депутаттары бір ауыздан қолдағанын және Президент Жарлығымен Шөкеевтің облыс әкімі лауазымына тағайындалғанын жеткізді.

Жиында сөз алған бұрынғы облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы еліміздің рухани орталығы болып саналатын Түркістанды дамыту барысындағы үлкен жұмысты атқаруды сеніп тапсырған сенімі үшін Елбасыға алғысын білдірді. Ол сондай-ақ, Үкімет басшысына және басқа да бірге жұмыс жасаған әріптестерге ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде осы киелі өлкеде туылғанын және Түркістанды түлету өзінің перзенттік парызы санайтынын жетізген  Өмірзақ Шөкеев сенім артып отырған Елбасыға ризашылығын білдіріп, аянбай еңбек ететінін айтты.

«Өздеріңіз білесіздер, мен осы елдің тумасымын. Осы жерде өніп, өстім. Көп жерлерде қызметтерді атқарып келемін. Өздеріңіз көріп отырғандай, араға 10 жылды салып жаңа облыс орталығына өте жауапты қызметке мені тағайындап, маңызды жұмыстарды атқаруға және перзенттік парызымды өтеуге мүмкіндік туғызғаны үшін Елбасымызға шексіз ризашылығымды білдіремін. Елбасы Түркістанды рухани жаңғырған Қазақстанның жаңа мүмкіндігі деп айтты. Түркістанды мынау біздің түп тарихымыздың, біздің рухымыздың символы деп айтты. Сол мен ойлаймын Елбасының осы Түркістанға деген сондай құрметін, сенімін біз ақтауымыз керек. Барша осында отырған әріптестеріміз, бүкіл облыс халқы болып, бүкіл қазақстандықтар Елбасының сүйіспеншілігін, сенімін ақтап, Түркістанды түрлендіруде аянбай ат салысатындығымызға сенімім мол. Сондықтан біз осы абыройлы және сауабы мол қызметте бірігіп, жұмылып қызмет істеймін деп сендіремін, Асқар Ұзақбайұлы. Үкіметтің қолдауына да біз сенеміз. Баршаңызға осы қызметте абырой, амандық, сәттілік және жақсылық тілеймін», – деді Ө. Шөкеев.

Түркістан облысының дамуы Елбасының басты назарында тұрғанын және Түркістанды түлету үшін қалада қарқынды құрылыс жүріп жатқанын атап өтті. Үкімет басшысы еліміздегі көптеген үлкен қызметтер атқарып жүрген, біліктілігі мен жауапкершілігі мол Өмірзақ Есайұлына қасиетті Түркістанды өркендету үшін атқарылатын жұмыстарды сапалы орындап, Мемлекет басшысының сенімін ақтайтындығына сенім білдіріп, жұмысына сәттіліктер тіледі.

Өмірзақ Шөкеев бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды.

 

Өмірзақ Естайұлы Шөкеев 1964 жылы Түркістанда дүниеге келген.

  • Мәскеу экономикалық-статистикалық институтын бітірген.
  • ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің кеңесшісі;
  • Президент Әкімшілігі мен Министрлер Кабинетінің қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары 1991—1993 жж. қызметтерін атқарған.
  • 1993—1995 жж. Түркістан облысының мемлекеттік меншік жөніндегі территориялдық комитетінің төрағасы.
  • 1995 ж. қараша айынан – ҚР Экономика министрі; ҚР вице-премьері болып қызметтер атқарған.
  • 1997 ж. қарашасынан 1998 жылдың сәуіріне дейін – «Тұран-Әлем» банкінің басқарма төрағасы;
  • 1998 ж. тамыз айынан – ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымында болды.
  • 1998 ж. тамыздың 19 – Қостанай облысының әкімі қызметін атқарған.
  • 2004 ж. наурызынан – Астана қаласының әкімі қызметін атқарған
  • 2006 ж. қыркүйектің 20-сынан – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі.
  • 2007 ж. тамыздың 27-нен – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары
  • 2009 жылғы 3 наурыздан – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
  • 2011 ж. 26 желтоқсанынан – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ң басқарма төрағасы.
  • 2017 ж. 15 желтоқсанынан – ҚР вице-премьер – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі
  • Үйленген. Жұбайы – Мұхамеджанова Зәуре Советқалиқызы.
  • Қыздары – Нұрбала, Нұргүл;
  • Ұлы – Нұрасыл.
  • Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы

 

Бөлісу: