ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСАУДЫҢ ЖАҢА ҚАДАМЫ

738
0
Бөлісу:

Ертең Астанада Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтеді. Съезде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданады. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековпен сұхбаттасқан едік.

– Махметғали Нұрғалиұлы, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарла­ма­сынан не күтеміз?
– 2016 жылы 29 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының XVII съе­зінде «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұ­рақтылық. Жасампаз­дық» атты сай­лауалды бағдарла­масы қабыл­данған болатын. Өткен үш жыл­дың ішінде қа­зақстандық қоғамда бірнеше нақты реформа басталып, жаңа стратегиялық құжаттар (оның ішінде 5 институттық ре­форма да бар) қабылданды. Ел­ба­сының әр жылы жариялаған Жолдау­ларында «Нұр Отан» партиясына жаңа да күрделі тап­сырмалар беріледі. Осыған бай­ланысты партия бағдарла­масын қабыл­данған стратегиялық құ­жаттарға сәйкестендіру қа­жеттігі туындап, келесі онжыл­дыққа 10 мақ­сатты жаңа бағдар­ламаның жобасы дайындалды. Бұл құжат 27 ақ­панда өтетін «Нұр Отан» партия­сының кезекті XVIII съе­зінде қабылданады деп күтіліп отыр. Жоғарыда айтып өт­ке­німдей, жаңа құжат бұған дейін берілген тапсырмалардың жүйелі түрде жүзеге асуына септігін ти­гізеді. Сондықтан да бұл құ­жаттан күтеріміз көп.
– Жаңа бағдарламаның мақ­саты туралы айтып беріңізші?
– Жаңа бағдарламаның не­гізгі мақсаты – әрбір қазақстан­дықтың өмір сүру сапасын арт­тыру үшін елді жүйелі жаңғырту. Сондықтан да бағдарлама 10 жылдың ішінде әл-ауқатты қо­ғам құруға бағыт­талған. Қоғам әл-ауқатты болуы үшін әрбір қазақстандық азамат, қазақстан­дық отбасы бай-қуатты болуы қажет. Осыған байланысты қыз­меттің барлық саласы адамға бағдарлануы тиіс.
– Бағдарламада білім беру мәселелері қамтылған ба?
– Әлемнің барлық дамыған мемлекетті халықтың әл-ау­қаты экономикалық өсуге бай­ла­нысты екенін дәлелдеді. Ал эко­номи­калық өсу, ең алдымен, білім са­пасымен айқындалады. Яғни, жастарымызға қолжетімді сапалы білім беруді қамтамасыз ету партияның негізгі страте­гиялық мақсаты ретінде сақ­талады. Осы мақсатты орындау үшін «білім – оқыту» пара­дигмасынан «білім – тұлғаның қалыптасуы» парадиг­масына көшу көзделіп отыр.Универ­ситеттерде білім беру сапасын жақсарту мақсатында партия бірнеше нақты мәселеге назар аударып отыр. Мәселен, білім беру үдерісінде қолданбалы білімнің рөлін көтеріп, функ­ционалдық сауаттықты дамыту қажет. Қарқынды технологиялық және ғылыми өзгерістер нәти­жесінде, болашақ мамандық­тардың еңбек нарығында сұра­нысқа қажеттігін зерттеу де маңызды. Жұмыс берушілердің қатысуымен пәнаралық байла­ныстарды дамыту негізінде жаңа оқу бағдарламаларын дайындау, оқу процесіне сандық техно­ло­гияларды енгізуді жүзеге асыру, артық есептілік пен регламент­теуді азайту, іргелі ғылымды да­мыту үшін жағдай жасау да пар­тия назарында. Даму инсти­тут­тары қолданбалы зерттеулерді ға­на емес, іргелі сипаттағы ғы­лы­ми әзірлемелерді де қолдауы тиіс.
– Мемлекеттік жастар сая­сатын іске асыруда «Нұр Отан» пар­тиясының рөлі қандай?
– Партияның жаңа бағдар­ламасының жобасында страте­гиялық мақсат ретінде елімізде мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру көзделіп отыр. Бүгінгі жастар алдыңғы буынмен салыс­тырғанда, бірқатар ерекшелік­термен сипатталады: олар цифрлы технологиялар әлемімен тығыз байланыста, саламатты өмір сал­тына да бағдарланған. Осы ерек­шеліктерді ескере отырып, партия жастарды жан-жақты қолдауды күшейтеді. Нақты айтсақ, келесі ауқымды шаралар партияның назарында. Жастарды жұмысқа орналастыру, жастардың бизнес бастамалары мен стартаптарын дамыту жөнін­дегі бағдарлама­ларды жүзеге асыруға қол жеткізу, жастар өкіл­дерімен тұрақты кері байланыс орнату, жұмысқа тұр­маған жас­тарды әлеуметтендіру үшін жағ­дай жасауымыз қажет.
Жастардың дамуына салын­ған инвестиция ертеңгі күннің инновациялық экономикасына салынған инвестиция болмақ. Осы ретте партияның негізгі мақсаты – жастарға мемлекет тарапынан жасалған жағдайды дұрыс пайдалануға бағдар беру. Жергілікті атқарушы органдар бүгінде жүзеге асырылып жат­қан мемлекеттік әлеуметтік бағдар­ламаларды жастар сая­сатымен ұштастыруы қажет-ақ. Партия осы жұмысты бақы­лауына алады.
Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні, партияның жаңа бағдар­ламасы жоғары оқу орындарында инновациялық білім беру бағ­дарламаларын іске асыруға, жас­тардың білім деңгейі мен өмір сүру сапасын жақсартуға, олар­дың бәсекеге қабілетін арттыруға ба­ғытталған. «Нұр Отан» партия­сының жаңа бағдарламасын – жастарға қамқорлық жасаудың жаңа қадамы деп қабылдаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы

Бөлісу: