Дирижер келбеті

793
0
Бөлісу:

«Дирижер» сөзі французшадан аударғанда «басқару, бағыт беру» деген мағынаны береді. Ал негізінен дирижер – музыкалық шығармаларды орындаушылар тобын басқаратын жетекші. Ол музыкалық шығармалардың екпініне, динамикалық ырғағына, бет құбылысы, қас-қабақ, көзқарасы мен ым, қол қимылдары, яғни қалыптасқан дирижерлік тіл арқылы жетекшілік жасайды. Негізгі міндеті – екпін үстеп, мөлшерін нұсқау. Бұл оның оң қолындағы таяқшаның көмегімен жүзеге асады. 

Музыканттарды шабыттандырып, қол қимылдарына негізделген белгілі бір тәртіп пен жүйеде басқарады. Ол орындаушылардың ансамбльдік үйлесімі мен орындаушылық шеберлігін қамтамасыз етіп, шығармаға өзінің көркемдік түсінігі беруге тырысады. VIII ғасырда вокалдық немесе аспаптық капелланың, кейіннен әскери үрмелі аспаптар оркестрінің дирижерлері капельмейстер деп аталды. XIX ғасырда симфониялық оркестрдің дирижерлері арагідік осылай атала бастады. Хор басқарушысы, хор дирижері немесе хормейстер, ал христиандардың шіркеу хорының дирижері регент деп аталады. Қазақстандағы ұлттық дирижерлік өнердің туып, қалыптасу тарихы 1934 жылы бастау алды. Сол жылы Қазақ ұлт аспаптары оркестрін құрылды. Алғашқы дирижері А.Жұбанов есімімен байланысты. Сондай-ақ  Л.Шаргородский, Ш.Қажығалиев, Е.Брусиловский, С.Шабельский, Р.Кацман, А.Мырзабековті атауға болады.

Орта ғасырларда сарай дирижерлері аса үлкен құрметке ие болған.  Басында артымен тұруды мәдениетсіздік деп есептеген дирижерлер көрерменге бетін беріп тұрған. Бұл дәстүрді бірінші рет Рихард Вагнер бұзды. Ол өзінің замандастары Мендельсон, Лист, Берлиоздармен бірге қазіргі түсініктегі дирижер келбетін қалыптастырды. Сол келбетті сақтап келе жатқан әйгілі дирижердің бірі – Айдар Торыбаев. Бүгінде ол Львовтың мемлекеттік филармониясының бас дирижері.  Бұрын Алматыдағы мемлекеттік консерваторияның хор дирижерлігі класы бойынша оқыған. Негізгі дирижерлік класс бойынша тәжірибесін профессор Роман Кофманнан өткен. Бүгінде Роман Кофманның қызы Марианна Саблинаға үйленіп, күйеубаласы болды. 80-жылдардың соңында радио және телевидение Қазақ мемлекеттік хорның бас дирижері болды. Артынан Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының бас хормейстрі еді.

1990-1996 жылдары Украинаның ұлттық филармониясында Киевтік камерлік оркестр дирижері болып, екі жылдан кейін П.Чайковский атындағы Киевтік ұлттық музыкалық академияның дирижерлік профессоры атанды. Үндістандағы Бомбейлік симфониялық оркестрдің бас дирижері болды. Араға екі жыл салып Украинаның мәдениет аясында «Жыл адамы» атанды. «Жоғары деңгейдегі классика апталығы»  фестивалінің көркемдік жетекшісі  еді.  2013 жылдары «Удар молотом» фильміне Малердің 6 симфониясын жазып берген.

Ол дирижер ретінде концертпен Германия, Голландия, Португалия, Бельгия, Япония, Мексика, АҚШ, Оңтүстік Корея, Испания, Польша секілді елдерде шыққан. Тіпті Наумом Штаркманн, Наталья  Гутман, Эрик Курмангалиев секілді мықты музыканттардың концерттерін дирижерлік еткен.

Бүгінде дирижердің көбі сахнаға таяқшасыз шығатын болып жүр. Таяқша шын мәнінде дирижердің символы іспеттес. Тарихтан белгілі бұрынғы кезде патшалар қолына таяқ ұстап жүрген. Бұл биліктің, үстемдіктің белгісі саналған. Дирижер қолындағы таяқша да солай.   Эстраданың әншілері болсын, басқа жанрдың әншілері болсын, дирижерді қажет етпейді десеңіз, қателесесіз. Олардың да дирижерлері бар. Ол – әуенді көркемдеп қана қоймай, музыканы өзіне ілестіретін түрлі музыкалық аспаптар дауысы.  Дирижердің қимылы сырт көзге оңай көрінгенімен, шын мәнінде дирижер болу үшін іштен дирижер болып туу керек. Дирижерлердің қажырлы еңбегі мен төккен терінің арқасында ғана көрермен әсем әуеннен нәр алып, нағыз музыканың құдіретін сезінбек. Ал біз сөз еткен таяқшаның бұл тұрғыда қосар үлесі зор.

 «Айқын» ақпарат

 

Бөлісу: