Өрттен соң көпбалалы отбасы далада қалды

516
0
Бөлісу:

Ақтөбеде Байтөбетовтер отбасы 6 баламен туыстарының үйін жағалап жүр.

Өрт кеше жергілікті уақытпен сағат 15:00-де тіркелген. Өрт кезінде үйде 10, 5, 2 жастағы үш бала болған. Ойнап отырған балалар ойыншық алатын кезде өзге бөлменің жанып жатқанын көрген. Үй ішін қара түтін басқанда балалар қорқып, киімсіз далаға қашып шыққан. Үй иелері өрттің неден шыққанын білмейді.

Мұрат  Байтөбетовтің айтуынша, өрт кезінде інісі сыртта, гараж маңында жүрген. Үш бала далаға жалаң аяқ, жалаң бас жүгіріп шыққанда ғана көрген. Ішке кіріп, құжаттарды алмақ болған. Бірақ көбі жанып, екі баланың ғана туу туралы куәлігі қалған.

Бір үйде 8 жан тұрамыз. Алты балам бар. Баламыздың үлкені 5-сыныпта оқиды, кішкентайым – 3 айлық. Кешегі өрттен соң туыстарымызды жағалап, пана іздеп кеттік,  – дейді үй иесі Мұрат.

Алдымен үйіндегі заттары өртеніп, кейін өрт төбеге ұласты. Өрт сөндіру қызметінен 8 адам 2 автокөлік, апаттар медицина орталығынан 3 адам, бір автокөлік жіберілді. Өрт 15:38-де ауыздықталып, 16:17-де толық сөндірілгенін облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: