Қазақстан құрамасы Молдованы жеңді (видео)

703
0
Бөлісу:

Футболдан Қазақстан құрамасы Анталияда өткен Молдова құрамасына қарсы матчта жеңіске жетті.

21 ақпан күні өткен кездесу Михал Билек құрама тізгінін ұстағалы бергі алғашқы матч болатын. Дегенмен ойын ФИФА күнтізбесіне сай келмегендіктен ресми матч санатына енген жоқ.

Сондай-ақ кездесуге көптеген қазақстандық клубтар өз ойыншыларын жібермеді. Өйткені дәл осы күнге олардың оқу-жаттығу жиындары барысындағы кездесулері жоспарланған. Сонымен қатар «Ростов» Бақтиер Зайнутдиновты, «Уфа» Еркебұлан Сейдахметті өз қатарларынан босатпады. Сол себепті Билек алаңға құрама сапына енді келіп жатқан жас ойыншыларды шығарды.

Алғашқы таймда есеп ашылған жоқ. Ал екінші таймда тыңнан қосылған «Шахтер» ойыншысы Оралхан Өміртаев жеңіс голын соқты.

Айта кету керек, бұл Оралхан Өміртаевтың ұлттық құрама сапындағы екінші голы. Жас шабуылшы бұған дейін Ұлттар лигасы аясында сырт алаңда Грузия құрамасының қақпасынан саңылау тапқан болатын.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: