Алғыс алған арымас

93
0
Бөлісу:

Қайырымдылықтың ең абзалы – мұқтаж жандардың қажетін өтеу. Қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген. Дәстүрлі «Мың алғыс» атты қайырымдылық шарасы осындай игі істерге ұмтылдырып, алғыс алуға шақырады. Қазақ радиосы биыл да 11-28 ақпан аралығында өтетін «Қайырымдылықтан қалыс қалма! Алғысқа бөлен!» радио-видеомарафонын бастап кетті. 

Бүгінде «Qazaq radiolary» серік­те­с­тігіне қарасты «Shalqar», «Astana», «Classic» және «Qazaq radiolary» радиоларының эфир­лері­не еліміздің белгілі қоғам қайраткер­лері, өнер майталман­дары және меценаттар шақыры­лып, адамның бойындағы ең асыл қасиеттерінің бірі – қайырымдылық туралы ой­ла­ры мен тілектерін ортаға салуда.
Қазақ радиосындағы «Заңгер кеңесі», «Денсаулық», «Бірінші байлық», «Бармысың, бауырым?», «Кәсіп-нәсіп» хабарлары осы шара аясында әр сала бойынша арнайы мамандарды студияға шақырып, қайырымдылық тақырыбында пікір бөлісуде. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайы­рым­дылық көрсетіп жүрген жо­март жандарды көпке үлгі ететін бұл бағдарламалар жұмыла көтер­ген жүк жеңіл екендігін еске са­лып, осы игі істің маңызы зор еке­­нін жеткізеді.
Айта кетейік, былтыр Қазақ радиосының «Мың алғыс» бағдар­ла­масы бір жылдың ішінде 85 рет эфирге шығып, 75 кейіпкерге
16 004361 теңге қаржылай көмек көрсеткен еді. «Бұл қаражаттың ар жағында үлкен күш жатыр. Әр адамның тағдырына бей-жай қара­маған тыңдармандардың ізгі тілегі, жомарт пейілі бар. «Мың алғыс» шуақ сыйлаған бірқатар кейіпкер студияға арнайы қоңырау шалып, жағдайларының оңалуына жәрдем берген жандарға шексіз алғыста­рын жеткізді. «Қымбатты радио­тыңдаушы, әр адамның жүрегіне үміт отын ұялатуға, баласы үшін шырыл қаққан аналарды қуантуға өздеріңіз атсалыстыңыздар. Біріңіз көлік тізгінінде, біріңіз көшеде келе жатып, енді біріңіз бала-шағаңыздың аузынан жырып, ата-әжелеріміз зейнетақысын тағат­сыздана күтіп жақсылыққа үн қостыңыздар! Баршаңызға мың алғыс! Жаңа жыл тек жақсы жаңа­лығымен сүйіншілесін! Сәбилер ауырмасын! Аналар жыламасын!», – деді қорытынды жиында бағдар­лама жүргізушісі Амангүл Ермек­қызы.
Дәстүрге айналған қайырым­ды­лық жобасы биыл Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге ұйымдастырылып отыр. Бүгінде алғаш­қылардың бірі болып, шара­паты мол шараға «Qazaq radiolary» ұжымы бір күндік еңбекақыларын аударып үлгерді. Айта кетейік, 2017 жылдан бастап, осы уақытқа дейін аталмыш шара аясында мұқтаж жандарға 56 000 000 теңге қаражат көлемінде көмек көрсетілді. Биыл да арнайы құрылған қорға жинал­ған қаражат 1 наурыз күні «Бей­бітшілік және келісім сарайын­да» «Мың алғыс» қайырым­дылық концертінде табысталатын болады. Адами қасиеттердің қадірлісі қайы­­рымдылық болса, аялы ала­қа­­нын, жүрек жылуын ұсыну, сауа­бы мол іске қолынан келгенше көмек­тесіп, үлесін қосу адамның азаматтық парызы. Сондықтан ұйымдастыру­шы­лар ел тұрғын­да­рын осы игі іске атсалысуға шақы­ру­да.
«Бабаларымыз ізгі істі үлкен-кіші деп бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ орта­сының орнауына ерекше на­зар аударған. Сондай-ақ қайы­рым­дылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды «қолы ашық­­­тың – жолы ашық», – деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Сондықтан да Алланың берген ризығынан аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсасақ, қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөз­сіз», – дейді «Уақып» Қазақ­стан­­дық қайырымдылық қорының төра­ғасы Қайрат Мұратұлы.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: