ТҮБІМІЗДІ ТҮЗУ ТҮГЕНДЕЙІК

505
0
Бөлісу:

Қорғалжын ауданының құрылғанына 90 жыл толу мерекесіне байланысты шыққан «Қорғалжын» атты жинақ той өткеннен соң қорғалжындықтардың біразының кітап сөресінен орын алғаны анық.

Мөңке Қайқыбасарұлы айт­қан­дай, «Аттың желісінен, құстың ұшқанынан да жүйрік – қаламның ұшы» демекші жазу өнерінде бір басына жетерлік абырой-даңқы бар Сайлаубай Байбосынұлы ініміз келелі шаруа тындырып, өнімді еңбек етсе, кітап түзуге бас-көз бол­ған қорғалжындық азаматтар біраз тер төккен.
Өз басым Қорғалжынның ту­ма­сы болғандықтан, бұл жинақ­қа ерекше бір қызығушы­лық­пен қара­дым. Ата-баба тарихынан тың бір деректер кездесіп қалар деген үміт те болды. Оны несіне жасы­ра­йын?!
Шежіре жазғыштар тым кө­бейіп кетті. Атағы дардай кейбір тарих­шы-ғалымдар тарапынан да «әттеген-айлар» кездесіп қалады.
Қуандықтың (Бес Мейрамның біреуі) бір атасының шежіресін оқып отырмын. Қуандықтың сол руын 451 жылғы Испаниядағы «Ката­лаун» шайқасынан бірақ шы­ғар­ған?! «Айды аспанға атып» дегенің осындай-ақ болар?
Тарихшылар болжамы бойын­ша Арғын XIV ғасырда өмір сүрген. «Арғыннан әрі қарай барсаң, ада­са­сың» деп әулие Мәшһүр Жү­сіп баба­мыз бекер айтпаған.
Сайлау ініміз мұндай «жаңа­лық» ашудан аман. Ініміздің қалам сілтесінен ерекше бір ізгіліктің, парасаттылықтың лебі байқалады. Қорғалжын даласына деген пер­зент­тік сүйіспеншілігі ерекше жара­сым тапқан.
Ал кітапта өз естеліктерімен бөліс­кен кейбір ағайындарға айта­рым да бар. Талдысайдан Баршын­ға қарай жүрсеңіз, оншақты шақы­рым жерде Қылышпен екі ортада «Байдәулет» қорымын көресіз. Қорым­да атақты Айдапкел баба­мыз жатыр. Бес болыс Тінәліге қырық жыл төбе би болған – Құрман­тай Айдапкел!
Айдапкел қатарынан екі рет болыс болып сайланған. Мұрағат деректері бойынша ол кісі 1811 жылы дүниеге келген. 1855 жылы Уез бастығының бұйрығы­мен 44 рубль 78 тиын жалақы та­ғайын­­да­лып, Тінәліге болыс етіп бекіті­ліп­ті. Ол кездің бағасы бо­йын­­­ша қойыңыз 3 рубль тұрады. Ба­ғамдай беріңіз – жалақы но­байын болыс билерінің Ақбегет Тлеу­лин, Бегім­бет Түгелбаев, Нө­гер Сарин­нің қолтаңбалары араб графикасымен қойылған. Мұра­ғат деректерінде Құрмантай­лар­дың үй саны – 114, ер азамат – 236, әйел адам – 239, жылқы – 2 806 бас, сиыр – 240 бас, қой – 5 697 бас деп көрсетіліпті.
Тінәлі руларының ішінде Құр­ман­тайлар біршама ауқатты тұрса керек. Жақсы жер – «Жақсы­көң» бо­йының біраз жерін жайла­ған ғой.
Салыстырмалы түрде Байқо­сақ. Мәселен, мұрағаттың осы дерегінде Тінәлінің бір баласы Қожақұл (Әжіке руының кейбір тармақтарымен) үй саны – 134, ер азамат – 224, әйел адам – 213, жылқы – 1 794 бас, сиыр – 188, қой 2 908 бас деп жазыпты.
Енді бір мұрағат дерегіне назар салайық.
ҰҒА Орталық кітапханасы қолжазба қорындағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасы, 1 177-папка, 389,391,403-404 бет. Мен бұл де­рек­­терді шежіре қарттың таңда­ма­лы шығармалар жинағының IV томы­нан кездестірдім. Мұса Шор­ман­ұлының әкесіне берген асы туралы айтылады.
Қанжығалы Бөгенбай батыр­дың немересі өзі би, өзі бай Сақ­құлақ (кезінде Шоқанмен кездесіп пікірлескен білімді жан) аста өзде­рі­не тігілген үйлерге көңілі толма­ған. Бар «айыбы» – кедейлігі. «Толыбайлап» ұран шақырып, асты шаппақшы болады. Сүйіндік қатты сасыпты деседі. Мұсалар басу айтып, төрелік жасауға асқа Керей­ден Жәке би, Айдарке би, Алтай – Тоқадан Бекқожаны, Тінәліден Айдапкел биді шақы­рыпты.
Ақселеу Сейдімбек өзінің «Дат» (даланың ауызша тарихы) еңбегінде қорым-бейіттердің дала тарихында алатын орнын ерекше баса көрсеткен. Естияр адам өзі де түсінсе керек, «Байдәулет» Құр­ман­­­тайлар қорымы болса, бұл маң­ды анығы «Талдысай» елді­ме­кені жерін бір кездері Құрмантай ұрпақтары мекендеген. Ата-бабамның қонысы.
Кітаптың 89-бетінде Төлешов Кеңесбайдың: «Бұл өңірде Құлан­өтпестен басқа Жақсыкөң, Жаман­көң деп аталатын екі өзен бар де­дік. Ертеректе Жақсыкөңнің бойын Тінәлінің Құттымбет бала­лары жайлапты», – дейді. Келісе­міз. Құттымбеттің Ахметжан, Қылыш қорымдары тұрғанда, бұған кім дау айта алады? Бірақ бұл дегеніңіз Құттымбет ұрпақтары Жақсыкөң өзенінің өне бойын жай­лапты деген сөз емес. Кеңесбай мырза білмесе, біз айтайық: Жаба­ғы «Жақсыкөңнің» бойын­дағы «Байдәулет» қорымынан Бұзау­та­бе­ге дейін Құрмантайлар мекен­де­се, Бұзаутабеден ары қарай Сүйін­дік­тің «Төртуылы» қоныс еткен. Әрі үлкен қорымдары да бар.
Тағы да Кеңесбай Төлешовтің «сәуегейлігіне» жол бере тұрайық.
1960-1961 жылдары… Жаман­көң бойына Темеш атаның ұрпақ­та­ры, Жақсыкөң бойына Тінәлі – Құттымбет ата ұрпақтары, Ар­ша­­лыға Тінәлі – Қожақұлдар, Керей өзенінің бойына Алтай ба­ла­­лары қайтадан қоныстана бас­тай­ды. «Талдысай» совхозына Көк­шетау жерінен, ойдағы совхоз­дар­дан Құттымбеттер көшіп барды.
«Қазынасы секілді саналы ұлдың, түсінгенге бір кітап дала бұл күн. Төбе болып, тау болып, өзен болып, тарих жатыр астында таба­ныңның» деген Сайлау ініміз­дің өлең жолдарына неге назар аудармаймыз.
Бәсе, деймін-ау! Сол жылдары өздерінің ата-баба мекеніне көшіп барған. Бұл күндегі Құрмантай ұрпақтары мына Кеңесбай Төле­шов­тің айтып отырғанын оқыса, қандай ойда қалар еді.
Анығын білмеген соң, бұл дол­бар­лау кімге опа әпереді? Сондық­тан Кеңесбай Төлешов Айдапкел баба аруағының алдында кешірім өтінсе, нағыз сауап сол болар еді.
Өзім білетін тағы бір жайтқа көп­шілік назарын ардарғым келе­ді.
Аршалы совхозының орта­лы­ғы­нан Сарыөзенге қарай жүрсеңіз, 7-8 шақырымнан кейін сол жағы­ңыз­да Үмбет қыстауы қалады. «Тінәлі» шежіресін шығарарда бұл үлкен дауға айнала жаздаған. Атақ­ты Үмбетей жырау есімі біреулердің есіне түскен болу керек. «Бұл кісі Құрмантайларға қалай жақында­сып жүр» дегенді де естігенбіз.
Мамандығым филолог-оқыту­шы болғандықтан, Үмбетей жы­рау­ды көптен бері білуші едім. Уни­верситетте шығармаларын да оқыдық. Ал Тінәлі Үмбетей басқа.
Мен тіптен де ру-руға бөлінуді қаламайтын жанмын. Ал тегімізді түгендеу – басқа әңгіме. Жетпістің ішіне еніп отырған біз келер ұр­пақ­қа біршама түзу жол көрсет­пе­сек, бұл қиянат болар еді.
Өкінішке қарай, шежіре жазуда ата-баба тарихын түгендеуде көрпенің мол жағын өзіне қарай қымтауға ұмтылғандар бар. Шама келгенше осыдан сақ болған жөн!

Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
зейнеткер-ұстаз

Бөлісу: