Қызметкері жемқорлық жасаса, басшысы да жауапқа тартылады

1715
0
Бөлісу:

Енді бағынышты шенеуніктері жемқорлық қылмыс жасаса, ол үшін басшылары да жауап беретін болады. Мәжіліс жалпы отырыста мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін депутаттық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл құжатқа сәйкес, қоластындағы лауазымды тұлғалардың коррупциялық қылмыс жасағаны үшін бұдан былай басшылар да қызметінен қуылуы ықтимал.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымованың түсіндіруінше, осы орайда теңгерімді көзқарас қарастырылып отыр. Бұл жерде тәртіптік жаза туралы сөз болып отырғандықтан, заңнама талаптарына сәйкес, алдымен қызметтік тексеру жүргізілмек.
– Бағыныштылары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған басшы, оларға тағылған айыптың оған да қатысты екені расталған жағдайда, дербес тәртіптік жауапкершілік арқалайтын болады. Ең бастысы, коррупциялық бұзушылықтың жасалуына сол адамның да кінәсі барлығы туралы соттың айыптаушы үкімі болуы тиіс, – деді А.Шайымова.
Тікелей басшыға кінәсінің дәрежесіне қарай тәртіптік жазаның әртүрлі нұсқалары қолданылмақ және олар атқарып отырған қызметіне толық емес сәйкессіздіктен бастап, лауазымынан босатуға дейінгіні қамтиды.
Бұған қоса, заң жобасы мемлекеттік органдардың өңірлік бөлімшелерінің басшылары лауазымына іріктеуден табысты өткен кандидатураларды орталық меморгандардың келісімінен өткізу бойынша қазіргі қолданыстағы тәжірибені жояды. Түзетулерде тұжырымдалғандай, конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған үміткер тиісті лауазымға тағайындалу бойынша шүбәсіз құқыққа ие болады. Ал конкурстық комиссияның шешімі ешқандай қосымша келісім өткізусіз-ақ, бос лауазымға байқау жеңімпазын тағайындау үшін негіз болып табылады.
Бұдан бөлек, құжат мемлекеттік қызметшіге арналған сынақ мерзімін есептеу мен өткізу тәртібін нақтыламақ. Бүгінде азамат тек арнайы тексерудің оң қорытындыларын алғаннан кейін ғана «мемлекеттік қызметші» саналады. Алайда ол тексеру үш айға дейін созылуы мүмкін. Бұл ретте сынақ мерзімі дәстүрлі түрде тағы үш айға белгіленеді. Депутаттардың ұсынысы бойынша жаңа норма енгізіліп, оған сәйкес, сынақ мерзімін есептеу еңбек келісімшарты күшіне енетін күнмен немесе конкурстан өткен азаматтың жұмысқа шыққан күнімен бір мезгілде басталатын болады.
Заң жобасы ары қарай пысықталып, екінші оқылымға дайындалады.
Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялайтын заң жобасын құптап, Сенатқа жолдады.
Мәжіліс «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды да қарады. Жалпы отырыс соңында қалаулылар орталық мемлекеттік органдар басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады.

Айхан Шәріп

Бөлісу: