ШЕКАРАДАҒЫ ЕЛ ӘНҰРАНЫМЫЗДЫ ТЫҢДАСЫН

619
0
Бөлісу:

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өткізген алқа мәжілісінде БАҚ үшін де, басқалар үшін жақсы жаңалық айтылды. Соның бірі – күні кеше ақпарат құралдарының алаңдаушылығын туғызған аккредитация мәселесі. Ол туралы кейінірек.

…Әуелі әлеуметтің қуанышын еселейтін жаңалықты айтсақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға цифрлық телевизияға қажетті абонент құралдары тегін берілмек. Ал цифрлық сигналдардан шалғай орналасқан елдімекендер отандық OTAU TV спутник қабылдағышымен қамтылады. Ол үшін сол аймақтың жергілікті бюджетінен қаржы бөлінген.
Дәурен Абаевтың айтуынша,  былтыр  аналогтық теле-радиохабарларды таратуды кезең-кезеңмен тоқтату жұмысы басталды. Бүгінде төрт аймақ – Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы толығымен цифрлық телетаратуға көшті.
– Ауылдағы ағайын 15 отандық телеарнаны, ал облыс орталығының тұрғындары 30 арнаны жоғары сапада тамашалап отыр. Биыл Алматы, Павлодар мен Қостанай аймақтарын цифрлық xабар таратуға ауыстырамыз. Осы бағыттағы жұмыстар 2022 жылы толық аяқталады, –  деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, былтыр Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының 300 мыңнан астам тұрғыны бар 12 шекара аймағына «Қазақ радиосы» мен «Шалқардың» хабарлары тарала бастады.

handsome young boy listening to retro radio

– «Қазтелерадиоға» осы жұмысты ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын. Бұл – біздің ұлттық ақпараттық қауіпсіздігімізге тікелей қатысты шаруа. Еліміздің ең шалғай жерін мекендеп отырғандар радиоқабылдағыш арқылы Қытай немесе Ресей емес, Қазақстанның Әнұранын тыңдауы тиіс. Өсіп келе жатқан ұрпақ қазақ ертегілеріне құлақ түріп, жасөспірімдеріміз қазақ әнімен сусындауы қажет, – дейді.
Министрдің айтуынша, сәуір айында мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет порталы   ұсынылады. Яғни, жүздеген сайттың орнын бір портал басады. Оған аудандық әкімдіктердегі меморгандар да шығарылады. Барлық министрлік пен әкімдіктің ақпараты жарияланатын портал  gov.kz деп аталады. Жоба авторлары Ұлыбритания тәжірибесіне сүйенген. Ол жақта барлық мемлекеттік органдардың бірыңғай порталы бар. Сонда меморган теxникалық қызметке жауап бермейді, тек өз ақпаратын ғана беріп отырады. Жоба 1 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Өйткені қолданыстағы мемлекеттік сайттарды қаржыландыру тоқтатылады.
Министрлік мемлекеттік қызметкерлердің көптен күткен арманын орындамақ – мемлекеттік қызметте смартфон ұстаудың жолын тапқан сыңайлы.  Осыған байланысты арнайы пилоттық жоба өткізілген.
– Оншақты қызметкер жұмысқа смартфонмен кіріп,  тестілеу режиміне қатысты. Алдағы уақытта министрлік қызметкерлерін толығымен қамтитын шығармыз. Осыдан кейін барлық мемлекеттік қызметкерге жұмыста смартфон ұстауға рұқсат беруге болады, – деді министр.
Ал БАҚ-ты жиын-шараға тіркеуге қатысты министр пікірі «аккредитациялау ережелері  консенсус негізінде ғана қабылдануы шарт, БАҚ-тың пікірін барынша ескеру керек» дегенге саяды. Айта кетсек, министр алқа мәжілісіне дейін өткен Үкімет отырысынан соң дәл осы мәселеге қатысты жауап берген-ді.  «Модератор алдын ала тақырыпты жариялап, тек соған қатысты сұрақ қоюға өтініш жасай алады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ іс-шарадан кейін маман, я болмаса, шенеунік өз құзіретіне жататын кез келген сұраққа жауып беруге міндетті. Ол үшін журналистің аккредитациясын ешкім алып қоймайды», – деген сол кезде. Оның айтуынша,   ережеде жазылған «модератордың тәртібі сақталмаған жағдайда журналисті аккредитациядан айыру», «аккредитация үшін журналистің келісімшартын көрсету» деген талаптар алынып тасталмақ. Ал аккредитациядан өтетін журналистер санына қатысты былай дейді:  «Біз барлық редакцияны қамтуға тырысамыз. Бірақ кей басылымдар 5-7 журналисті жібереді. Содан орын жетпейді», – дейді. Министр, жалпы, осы тақырыпта  арнайы жиналыс өткізуге келісіп отыр.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу: