Толағай талант та тобынан озады немесе Рахымжансыз өткен бір жыл

1133
0
Бөлісу:

«Құйрық-жалы сүзілген мың сәйгүлік мың тарапқа бас бермей ағызып бара жатыр екен дейді…». Өз сөзі. Сол мың сәйгүліктің біріне тақым қысып, артына мың-сан қиқу ілестіріп, өзі де бірге кеткендей. Бізге қалғаны – жүрегіңе мұң артпай оқуға келмейтін сөзі, санаңа жарқыл салып тұратын ойлы, мұңды көзінің жұмсақ, жып-жылы мейірімі ғана…

Жаратылысынан жайма­­шуақ, дала гүлдеріне таңдап-таңдап қонатын көбелектің қанатындай нәзік болмысты еді. Адамдардың бәрін әулиенің ақ жалауын кө­тергендей ақ деп ұқты. Дана­лыққа ұластырған дара талан­тының қайталанбас сәулесіне алдымен өзінің сұлу жүрегін шомылдырды. Сол іңкәр жүрек­тің сүзгісінен өткен таңғажайып дүниелерді халқына рухани азық­қа ұсынды. Оның ой дү­ниеңді ормандай мүлгіткен, қазақтың қара сөзінің шексіз тұңғиығына шым-шым батырған кереметтеріне Тәңірінің уәжі деп табынғандар көп болатын. Көп пе екен өзі?! Мүмкін санаулы ғана шығар?!
Атаққа да, шатаққа да үйір емес-ті. Атаққа айқайшылдар күштеп қосты. Шатаққа күңкіл сөз, пыш-пыш өсек, қарадай қа­ралау киліктірді. Оқтын-оқтын үйірілген қарала бұлттың жасын­дай тілгілеп жүзін жасқады, тіпті кейде жүрегін жарды десе де болар. Махамбет бабамыздың рух-найзасы болып сілтенбеске амалын қалдырмады. Сол ұлы бабамыздың жалаң қылышын сабынан қысып ұстап, ылғи да кескілесуге даяр тұрды.
«Бір күні аласапыран дауыл көтерілген. Шыр көбелек ай­на­лып құйын келген. Келе бәй­теректі жұлмалаған. Жапырағын шашқан. «Біздің алдымызда ба­сыңды и де, бағын» дейді қыз­ғаншақ дауыл. Айтқанымызға көн. Құстарды қу. Жолаушыны жолатпа. Әйтпесе, жер бетінен жұлып алам деп дігірлейді жын шашқан құйын. Зәулім де тәкап­пар бәйтерек басын имепті. Басын имек тұрмақ, бұрылып та қарамапты. Ал әлгі тамырын қуалап өскен шыбық пен тал не істепті дейсің ғой? Дауыл мен құйынның алдында құрдай жор­ғалапты. Жат десе, жатыпты. Тұр десе, тұрыпты. Сөйтіп аман қа­лыпты. Ал бәйтерек ше? Сол зәулім де тәкаппар басын имеген қалпы ерлікпен құлапты. Дұш­панға таба болмапты. Сонда өзінен өскен шыбық пен тал… Жиылып кеп бәйтеректің басына тепті дейді. «О, ақымақ, біз сияқ­ты иіліп, бүгілмесең осылай сұ­лап жатпас ең. Өз обалың өзіңе» деп… (Шыңғыс ханның көз жа­сы, 219-бет). Бұл ұлы қаһанның жантәсілім алдындағы санасы­нан көшкен елес суреттер Ра­хымжан суреткердің өзіне де қатысты деген ішкі түйсік жиі мазалайды.
Солай екені де рас. Соңғы жылдары оның асыл жауһарлары әлемдік өркениетті сәулелендіре бастады. Әлемнің әр тарабынан шақырулар көбейді. Шығар­ма­ларына сұраныс жиіледі. Араб­қа аян болды. Аудармашы немістер әлсін-әлсін төрін жай­лады. Түріктер төбесіне көтер­ді. Осман ұлылары жайында жазып беруін өтінді. Задында ақкөңіл жанға қытайлар керім үйірсек болып, Бейжіңде кіта­бының тұсаукесері өтіп, радиосы таң ала кеуімнен қазақ қаламгері Р.Отарбаев жайында қақсап тұрды. Қулана жымиып, көздерін қыса түсіп, теледидарында әл­денеше қайтара сұхбаттасты. Шы­ғармаларын сан мыңдап бас­тыруға келісімін сұрады. «Енді ханзу тілінде шығаруға лұқ­сатымды өтінуде» деп еді өзі бір сөзінде. Татар бауырлар да бі­рер кітабын аудартып бас­тыр­ды. Қырғыздар үшін Шың­ғыс – Шықадан кейінгі екінші дарын иесі қазақ қаламгері Р.Отарбаев екендігіне көзіміз куә болды.
Мәскеудің «Молодая гвар­дия» баспасы ұйымдастыруымен бұрынғы Одақ төріндегі ғылыми орталықтарда, студенттер ал­дында кездесулері өтті. Том-том кітаптары (орыс тілінде) сол бас­падан шығып Ресей еліне, әлемнің біраз елдеріне тарады. Сол Мәскеудің «Юность» жур­на­лы, түріктің Kardes Kalеmler журналы, т.б. халықтардың әде­би журналдары Р.Отарбаев­тың шығармашылығына әдейі нөмір арнаса, олардың кейбірі жан достан қалған тәбәрік ретінде ұрпағыма басты аманат. Орыс­тың белгілі қаламгері әрі бас­пагері Георгий Пряхин мұнайлы Астанаға Рахымжан Отарбаев үшін жиі табан тигізді. Достық, қаламгерлік қарым-қатынасын үзбей Рекең 60 жасына толғанда Мәскеу әдебиетшілеріне қол соқтырып, Кремль курантта­ры­ның сыңғырымен бірге сыңғыр­латып, мойнына аса дарынды жазушыларға тиесілі Алтын медалін ілді.
Қазіргі мемлекеттіктен бас­тап біржола сыйлық, сый-сыяпат алу бәсекесінде жүрген қай қа­ламгер қазақтың жазба әдебие­тін осы Рахымжанша биікке көтеріп еді?! Жоқ демейік, бар ғой, әрине, санаулылары. Сол санаулылары сапына қоспағаны, иә, қос­тыр­мағаны сұңғыла дарынның өзегін өкініш болып өртемеді дейсің бе?!
Алладан басқа жан адамға бұл жайында шағынбай, кейде тұн­жыр үнсіздікпен әлдеқайда өз ойымен болып құстай самғап ке­тетін… Өршіл рухты телегей да­рынның міне, арамызда жоғы­на жыл толса да, жоқтығына әлі көңіл шана алмай, көк құсы боп ұшып кеткендей сезінумен жүргеніміз рас.
Кімнің-кім екенін дүниеде қара көз қарындастардан артық кім білер? Жыл толуына орай, алғаш бастап Анар Қабылқақ есімді әдебиеттанушы сыншы қарындасымыз алдымен, «Ана тілінде», содан соң «Егемен Қа­зақстанда» көңіл толқытарлық мақалалар жариялады.
«Атырау» газетіндегі «Әмі­ренің әні, Мұстафаның мұңы…» аталатын қос беттің авторы ағасы жайлы, отбасы хақында жиі толғанып жазатын қарын­дасы – Бағила Сағындыққызы. Шырай­лы талант, ақын, фило­логия ғы­лымдарының кандидаты Гүлзада Ниетқалиева қарындасы аға­сының өзі барында «Дара» атты бүтіндей шығармашы­лығына арнап, талдау кітабын жариялап, өзін соншалықты разы қылғаны бар. Ағасының артындағы мұ­раларына аяулы жары Сәулемен бірдей жоқшы екеніне алдымен, Алла, қала берді біз куә. «Жан рухың жал­ғаннан алыс ұшқанда артыңнан қоймай қиқулап ұшқан қар­лығаштарың бар, сен көбі­мізден әлдеқайда бақытты­сың, Реке!» дегенімді біреулер артық көрер ме екен?
Дұшпаны жоқ, досы көптің бірі еді. Артынан қара көрсету мәселесі әзірге осы шамада бо­лып тұр. Бағила Сағындық­қы­зының: «Өзіне-өзі қатал болды. Ешкім сұрап, сатып, тартып ала алмайтын сарқылмас байлық, то­лағай талантпен қатар жан төз­гісіз бейнетті де бірге арқа­лады. Туындыларын толғатты. Сүйген іске жіпсіз байланды. Шешендік тізгін тартқыза ма, ауыз­дыға сөз, аяқтыға жол бер­меді. Ойын ірікпей айтты. Бас асаулығы болған шығар, бәрі кешірімді.
Мәрттігін де мойындатты. Жақсылықты тегін үлестіріп, жан-жағына уыстап шашты…» Ып-ырас. Сүттей айдың бетіндегі қара жолақ дақтай ақиқат. Тір­лігінде өзіне бұйырғанның бәрін өзгеге шашып өтті. Сыйға бе­рілген қалың конверттер ала­қанына тұрақтап көрген емес. Алтын зерлі шапандары да сол бойда өзге иыққа жарасты. Кө­ліктердің кілтін де ойланбай, өзгеге лақтырғанын көз көрді. Мұндай мәрт адамды жұмыр жер төсінен сүртілді дегенге көңілі түскір қалай илана қояр?
Алыстағыны қайтем, ауыл­дағы аз достың сиқы да тым қо­раш, қараң-құраң сүреңсіз. Біре­уінің ұрпағының оқуына, қыз­метке орналасуына, екіншіле­рінің сол жұмысында қала тұ­руы­на, тағы басқа шаруаларына жанын сала араласып, қолын да, көңілін де көмектен тартпап еді. Тірісінде алдынан дастарқан жайып қоюға таласқандардың бар кісіліктерінің жеткені – есімін ауызға алу былай тұрсын, басына барып уыс топырағын са­лып, Құран-дұға бағыштауға жа­рамағандары қу жаныңды отқа салған мыстай жасытады екен.
Солай, сенгендерің көңіліңді семдірсе, қарапайым халықтың құрмет-құштарлығы сол бір қа­ралы күндердегі елдік шарапат­т­ары әлі күнге қайран қалдырады. Ақырет сапарына жиналған жұрт­та қисап жоқ, жер қайыс­тырды. Бір топ зиялы жастармен шүйіркелесіп қалдық. «Рахым­жан ағаның өзін танымаймыз, бірақ шығармаларын құдіреттей көреміз, сол үшін жан рухына тәу етеміз, басына барып тұра­мыз, бұл біз үшін де өкінішті өлім, ауыр соққы болды» дейді олар. Рахаңмен қоштасуға тани­тындарынан гөрі осылай таны­майтындары көбірек жинал­ғандай түр байқатты. Владимир Высоцкийді халық тап осылай қимай-қимай қоштасып, шы­ғарып салды дегенді естігеніміз бар еді, соны еріксіз ойға салды. Қайда да күні үшін маңайлағандар күмілжіп қалғанда, дін-иманы түзулер тірекке жарайтыны бұл бірінші рет емес.
Махамбет бабамыздың атын­дағы Атырау драма театры мем­лекеттік мәртебе иеленсе, бұл игілікті істі өзі бастап, аяқтап кеткені де әмбеге аян. Соңғы рет марқұм әріптесіміз Сәбит Қа­сымов ағаның жылына бір өзі келіп, төсегіме түнеп шықты. Ертеңіне түске дейін әлі уақыт бар, «әке басына барайық» деді. Баруға талпындық, шамадан тыс теңіз беттен жайылған қызыл су жолымызды кесіп, ақыры әкей қорымына жібермеді.
Теңіз ауылы тиіп тұр. Өзі оқыған Гагарин орта мектебінің салынып жатқан құрылысына көңілі толып: «Осы мектептің осы ауылға салынуы жолында біраз жағаласып едім, тәуір екен» деді. Ауданның Құрметті азама­ты, көнекөз, ел мен жерге еңбегі бір кісідей бар Ұзақ Жәдіғұлов аға: «Еңбегі көп сіңгенін естідім, Рахымжанның атын осы мек­тепке беріп, алдына мүсінін ор­нату керек» дегенін жиі айтса, жұртшылық, ауылдастар қолдар деген пікірдеміз.
Жағалай ел-жұртты ессіз дей алмайсың. Есерлерге жол бере қоюы қиын естілерімен мар­қаямыз. Асанәлі Әшімов ағаның қоштасуға арнайы келіп: «Аты­рау жұрты, ұлы дарын ұлда­ры­ңыздан айырылып, қабырғасы қайысып тұрғанын бі­лемін, баршаңызға басымды иіп, көңіл айтамын» дегені ақ бас аға­ның, өзі де қайталанбас да­рын­ның кісілігі де кішілігі деп ұғындық.
Рахымжан Отарбаев! Қа­зақ­тың даңқын аспандатқан, қа­лам-құдіретімен елдік салт-дәс­түр, баба тарих, үлгі тұтар ұлы­ларын әлемдік деңгейге шы­ға­рысқан адуын азамат, бірегей тұлға. Балалығы даналығына ұласқан Бейбарыс бабаны Ақ Жайығына әкеліскен талайлы тағдыр иесі екені айтпаса да түсінікті.
Халқымыздың беткеұстар перзенттеріне бір-бір ескерткіш қойғаны – бір-бір тарихи дра­масы. «Сұлтан Бейбарыс», «Мұс­тафа Шоқай», «Ән Әміре», «Жәң­гір хан», «Сырым батыр», тағы басқа пьесалары халықтың жүрегіне мығым орнығып, қал­ғып-мүлгіген саналарды дүр сілкіндірді.
Дұрысы, аталған және басқа ұлы тұлғалардың беймәлім қырларын жарқырата көрсетуі­мен халықтың оларға деген ­мәң­гілік махаббатын қалыптас­­тыр­ды. «Шыңғыс ханның көз жасы» – да мұңды әуезге толы, терең ой­лы, аса күрделі шығарма. Кей­бі­ріміздің түсіне алмай әрі-сәрі баға беріп жатқанымыз да сон­дықтан.
Жалпы, шығармашылығында өзгеге мүлде ұқсамайтын тауды бұзып, тасты тілген өз сүрлеу-соқ­пағы бар. Әр сөйлемі ән са­лып тұрады немесе күлдіріп оты­­рып жылатады. Осындай сөз­­ге ие біз­дің қазақ қандай ба­қытты еді деп мойындасақ, ол Қа­зақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Ма­хамбет және Шың­ғыс Айт­матов атындағы халықаралық сый­лық­тардың, «Парасат» ор­де­нінің ие­гері, дра­матург-жа­зушы Ра­хым­жан ­Отар­баевтың бір­бет­кей, дара құдіре­ті дегеніміз орынды.
Шы­ғармала­ры – мәң­гілік! Мәңгілі­гі – халықтық!

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ

Бөлісу: