«АРСЕЛЛОР МИТТАЛДАҒЫ» АПАТТАРҒА НЕ СЕБЕП?

504
0
Бөлісу:

Мәжіліс депутаттары соңғы уақытта Үкімет назарын «Арселор Миттал» компаниясына аудара бастады. Митталдың меншігіндегі металлургия комбинатындағы апаттардың жиілеп кеткені, расында, көңіл бөлерлік. Қаңтар айының басында ғана комбинаттағы апаттардың жиілеу себебін қаржыландырудың жоқтығынан, қондырғылардың уақытында жөндеу көрмеуінен, осы салаға маман даярлаудың төмендігінен көрген депутаттар араға ай салып, өнеркәсіптік апаттардың жиілеуіне қауіпті өндірістік нысандар жұмысын бақылаусыз жіберген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты құрылымдық ұйымдар кінәлі деп жатыр. 

Мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мү­шесі Шәкір Хахазов бастап қол қойған депутаттық сауалдың Үкімет жетекшісіне жөнелтіл­геніне көп бола қойған жоқ. Ол хатта Қарағанды облысындағы өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі өкілетті органның, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриал­ды даму және өнеркәсіп қауіпсіз­дігі комитеті тарапынан өзіне қарасты бөлімшелер қызметі­не тиісті бақылаудың жоқтығы сөз болған.
«Қарағанды облысының Өнер­кәсіп қауіпсіздігі басқар­масы (Теміртау қаласындағы) көпшілікке жария болып кеткен апаттарды ғана тіркейді. Қол­даныстағы заңға сәйкес, өнер­кәсіптік апаттарды тіркеуден жасырып қалу, апаттың шығу себебі ашылып қалмауы үшін тәуелсіз тексеруден жалтару жү­йелік сипат алған. Мәселен, 2018 жылы алты апат тіркелсе, соның үшеуі ғана ресми тіркел­ген», – дейді депутаттар.
Алты апат туралы аз-кем ақпар айта кетсек, 23 наурыз­да агломерациялық өндірістің №4 уатып-сұрыптау фабрикасы шатырының 2500 шаршы метрі опырылып түскен, ал 31 наурыз күні диаметрі 820 мм құбыр ауа қысымына шыдамай жарылып, 1 шақырымдық құбыр желісі опырылған. 31 шілдеде көмірдің жабық қоймасының бункері қираған. 5 тамызда бірінші және екінші домна пештердің ка­бельді галеркасының электр ка­бельдері жанып кетті, 6 та­мызда ЛПЦ-2 цехында өрт шық­ты. Желтоқсанда газ беретін құбыр желісі құлап, шектен тыс жүктің салдарынан екі кранның жебесі қираған. Міне, осы апат­тардың үшеуі жасырылып, жа­булы күйінде қалыпты. Ал заңға сәйкес, Облыстық өнеркәсіп қауіпсіздігі департаменті мен басқарманың арнайы комис­сиясы тәуелсіз тексеру жүргізуі тиіс болатын. Алайда ондай тек­серу жүргізілмеген. Апатқа кінә­лілерді өкілетті орган жауап­кершілікке тартпаған. Осы апатты оқиғадан соң метал­лургия комбинатының басшы­лығына қажетті ұйғарым да жөнелтілмеген.
«Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лі­гінің өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі өкілетті органының ұстанымы бізді таңғалдырып отыр, өйткені, бұл мекеме өн­ді­рістік апат деп сипатталған фак­тілерді тексеруді талап етпе­ген», – дейді халық қалаулылары.
Депутаттарды Өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімшелерінің жүйесіндегі кадрлық саясаттың жағдайы да алаңдатып отыр. Енді ше, 2014-2018 жылдары пара алғаны үшін ұсталғандар арасында осы саланың өкілдері жиі кездеседі. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы бойынша өнеркәсіп қауіпсіздігі депар­таментінің басшысы Закирья­нов пен осы құрылымның бөлім бас­шылары Кайсин, Неволькин, Алматы облысында – Әбдиев пен оның екі қызметкері Тұр­ғамбаев пен Асаубаев, Оңтүстік Қазақстан облысында, қазіргі Түркістан облысы – Сетимов және инспектор Исатаев, Ақ­мола облысы – Турашев, Атырау облысында – РМК облыстағы директоры пара алғаны үшін ұсталған. «Құтқару қызметінің» басшысы Махмутов пен оның орынбасары Құрманқұлов, сондай-ақ Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздігі комитетінің екі қызметкерінің үстінен жемқорлыққа қатысы бар деп қылмыстық іс қозғалған.
Сонымен қатар, бұған дейін әдеп пен қызметтік тәртіпті бұз­ғаны үшін жұмыстан шыға­рыл­ған қызметкерлерді өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімшелеріндегі жұмысына қайта қабылдаған да деректер бар.
Мәжіліс депутаттары Индус­триалды даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетіндегі мүд­делер қақтығысын да жүйелі кемшілікке балап отыр. Аталған комитет өнім көлемін арттыруға мүдделі. Мұндайда табыс қуып, жоспар соңына түсіп алған өнеркәсіп нысандарының заң бұзуға жол беретіні белгілі. Міне, өнім көлемін көбейтуді талап ететін Комитет жоспар қуып кеткен өнеркәсіп нысан­дарын бақылауды қалай қамта­масыз етпек?
Осыған байланысты Мәжі­ліс депутаттары Премьер-ми­нистрден Индустрия және инфрақұрылымды дамыту ми­нистрлігінің Өнеркәсіп қауіп­сіздігі комитетінің облыстардағы өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлім­ше­лерінің апаттарды тіркеу ере­жесін қаншалықты сақтайты­нына, апатқа соқтыратын се­бептерді анықтау жұмысының сапасына тексеру жүргізуді сұрап отыр. Бұдан бөлек, Өнер­кәсіп қауіпсіздігі бөлімшеле­ріндегі кадрларды іріктеу мен тағайындау жұмысын да қайта қарап, теріс уәжбен жұмыстан шығарылған кадрлардың жұ­мысқа қайта қабылдануының негізділігін тексеріп, орталық пен жергілікті жерлердегі өнер­кәсіп қауіпсіздігі бөлімше­ле­ріндегі мемлекеттік қызметкер­лер тарапынан болуы мүмкін жемқорлықтың алдын алу керек деп санайды. Ал Өнеркәсіп қауіпсіздігі басқармасын Ин­дус­триалды даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің құра­мы­нан бөліп алып, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі орынбасарларының біріне бағынышты ету қажет деген ұсыным беріп отыр. Де­пу­таттық сауалдағы бұл ұсыныс­тарды ел Үкіметі қалай қабыл­дап, қандай шешім шығараты­ны – алдағы уақыттың енші­сінде. Ал бізге депутаттар са­уа­лына «Арселлор Митталдың» қожасы Лакшми Митталдың не уәж айтатыны қызық.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу: