Дәрігерлер балаларға билеп берді

391
0
Бөлісу:

Бүкіләлемдік балалардағы қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында арнайы флеш-моб өтті.

 

Флеш-мобқа емделіп жатқан кішкентай емделушілерді қолдау үшін орталықтың барлық онко-гематолог дәрігерлері қатысты.

Мақсат – қоғамның назарын қатерлі ісікпен күреске аудару, алдын ала тексерілуге шақыру. Дертті жеңуге болатынын көрсету мақсатында өткен шараға Help today қоғамдық ұйымы мен еріктілердің қолдауымен арнайы бейнеролик дайындалды. Флеш-моб, Жақсылық эстафетасы ретінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына берілді.

 

– Қатерлі ісік – соңғы үкім емес. Аты жаман ауруды жеңуге болады. Әрбір баланың өмірі үшін күресуге міндеттіміз,  күресе аламыз. Ең бастысы, өмірге деген құштарлықты жоғалтпау керек, – дейді онколог-дәрігерлер.

Ресми деректерге сүйенсек, жылына еліміз бойынша қатерлі ісікке шалдыққан 600-ден аса бала анықталады. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала емделеді.

 

– Осыдан 25 жыл бұрын елімізде балалар лейкемиясы мүлдем емделмейтін қатерлі аурулардың бірі болатын. Ол кездері бұл диагнозбен ауырған балалар 3-6 айға жетпей ауыр қан кету мен түрлі асқынулардан қайтыс болатын. Онкогематология бөлімі қан саситын. Ол кездері диагнозды да тура айтпайтын. Емделушінің кітапшасына тек, қысқаша – «ол» деп жазатынбыз. Ал қазір ашық түрде жазамыз, айтамыз. Ата-аналармен де, балалармен де ашық түрде сөйлесеміз, ауру туралы түсіндіріп айтамыз. Қазір онкогематология бөлімінде керісінше, балалардың күлкісін жиі еститін болдық. Балалар билейді, ән айтады, ойын залдарында ойнайды, арнайы ашылған смарт-сыныбында білімдерін жетілдіреді. Жіті лейкоз – үкім емес,  қазіргі күні көп жағдайда емделіп кетуде.  Ең қиын 90-жылдары біз неміс мамандарымен әріптестік орнаттық, соның арқасында BFM бағдарламасы енгізілді. Қазіргі күні біз бүкіл әлемде қолданылатын осы бағдарламамен емдеудеміз. Үмітіміз жоғалған сол жылдары елімізде КЭР Германия қайырымдылық ұйымының қолдауымен алғаш рет заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған онкогематологиялық орталықтар ашыла бастады. Қазақстандағы балалар  онкогематологиялық қызметінің дамуына бірден-бір еңбек сіңірген жандардың бірі, Қазақ елінен шыққан, Қарағанды медициналық университетінің түлегі – балалар онкологы Валентин Герайн. Ол көп жыл біздің дәрігерлерге көмек қолын созып, мамандарымыздың біліктіліктерін арттыруға атсалысты. Соның арқасында көптеген бала аман қалды. Ол нағыз  кеңжүректі, қайырымды, ең мейірімді жан. Біз оған және барша неміс мамандарға алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі күні жіті лейкозға шалдыққан балалардың өмір сүруі 76 пайызды құрайды. 2013 жылдан бері ісіктерді емдеудің жаңа әдістері қолданылуда. 2012 жылдан бері балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді. Осы жылдан бері сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 150-ден аса балаға жасалды. Көрсетілетін медициналық қызметтерге қолжетімділік пен сапасы жақсаруда. Балалардың оңалту жайы да қарастырылған, – дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева.

Флеш-моб соңында дәрігерлер, шараға атсалысқан қайырымды жандар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері балалар мен ата-аналарға ақ тілегін арнады.

«Айқын» ақпарат  

Бөлісу: