Жамбылдың Жалағаштағы көне домбырасы

1110
0
Бөлісу:

Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, дәулескер жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың біз білетін үш домбырасы бар. Бірі, өмірінің соңғы жылдары тұрған, бүгінде мәдени ескерткіш мұражайына айналған үйінде болса, енді бір домбырасы Алматыдағы Ықылас атындағы Республикалық музыка аспаптар мұражайында сақтаулы. Ал үшіншісі Қызылорда облыстық Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейінде тұр.

Әйгілі жыраудың ақындық, әншілік өнеріне бастау болған Жалағаштағы көне домбыра Жамбылдың  талай әні мен жырының дүниеге келуіне себепші болған. Жамбыл кеңістігінің көркем деңгейге көтерілуіне жол ашқан қоңыр домбыра тұтас өнерсүйер қауымның құнды жәдігері. Ғасырдан астам тарихы бар домбыраны фольклортанушы Мардан Байділдаевтің қызы Жанат 2006 жылы өткізген екен.
Аудандық музей қорында бірнеше домбыра сақтаулы тұр екен. Солардың ішінде Жамбыл мен оның немересі Әлімқұлдың тұтынған домбырасы да бар. Жамбыл Жабаевты барша қазақ танығанмен немересі Әлімқұл жайлы аға буын білсе де, бүгінгі жастарға бейтаныс есім. Сондықтан таныстыра кету ләзім. Әлімқұл Тоққұлыұлы Жамбылов 1927 жылы қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Бала кезінен Жамбыл атасының тәлім-тәрбиесін көріп өседі. Өз замандастары Манап Көкенов, Надежда Лушникова, тағы да басқа айтыскер, ақын-жыраулармен сөз додасына түскен тұлға. Атасы Жамбыл мен қазақтың басқа да ақын-жырауларына арнап көптеген толғаулар жазған Қазақстанның халық ақыны. Тектінің ұрпағы жарты ғасырдан астам мәдениет саласында еңбек етіп, 2015 жылы өмірден озады.
Құнды дүниенің Жалағаш топырағына қалай келгені жайында музейдің ғылыми қызметкері Марат Шөмекей сыр шертеді.
– Бұл домбыраны Әлімқұл Жамбылов, жерлесіміз, ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қармақшы ауданында ұйымдастырылған республикалық айтыста сыйға тартыпты. Домбыраны музей қорына Мардан Байділдаевтің қызы Жанат 2006 жылы өткізген. Аталған домбыраны кезінде ақын-жырау Жамбылдың өзі ұстаған көрінеді. Атасы тартқан домбыра шанағынан басқа бөліктерінің барлығын немересі Әлімқұл қайта жөндеп, қалпына келтірген, – дейді Марат Шөмекей.
Қасиетті аспап, сол қалпында. Әлі күнге өңдеуден өтпеген күйінде тұр. Қасиет қонған домбыра шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған. Музей қызметкерінің айтуынша, музыкалық аспап жетісулік үлгіде жасалған. Шанағы ұзын, бесбұрышты, мойынтұғыр жағы сүйірлеу, түйметұғыр жағы төртбұрышты, екі бүйірі түйметұғыр тұсынан бастап жоғарыға қарай сәл кеңейіп, мойынтұғырына қарай қайта тарыла түскен. Мойны жіңішке әрі ұзын. Арқасы үшкірлі әрі дөңес. Шанағының беті қарағаймен, ал қапсырма беті жұқа тақтайшамен жабылыпты. Дыбыс ойығы адам шынашағының ұшы сиярлықтай ғана. Құлақ тесіктері қос шектің ара қашықтығына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау орналасыпты. Құлақтары мен түйметығырығы ағаштан жасалған.
Міне, музейдің  басты құндылығының бірі болған Жамбыл бабамыздың домбырасы Жалағаш жеріне осылай жеткен. Ұлттың ұлы мұрасын ұлықтаған Сыр бойына бұл ұлттық  аспаптың орны тым ерекше.
Ұрпақтан ұрпаққа аманат болған халық мұрасын көпке көрсетуде музейдің алар орны өзгеше. Бұны өнер мен мәдениет және ғылыми құндылықтарды сақтауға, тарихи мәліметтерді жинақтап, таратуға, ұрпаққа танымдық тәрбие беруге арналған шаңырақ десек артық айтпаймыз. Сыр еліндей қасиетті өлкедегі таусылмайтын қазына болған қасиетті жәдігерлер өткен тарихты болашаққа жеткізуші құнды дереккөз болып қала бермек.

Нұрбек Дәуренбеков,
Қызылорда облысы.

Бөлісу: