Жазушы болу да тағдырдан…

1023
0
Бөлісу:

Жастарды, келер ұрпақты елін, жерін, Отанын қалтқысыз сүюге тәрбиелеуде өткеннің рухани бай тәжірибесі ауадай қат. Тарихи роман жазудың майталманы Әбіш Кекілбаев: «Біздің халық­тың тағдыры масат­тану­дан гөрі қамығуды кө­бірек қажетсінетіндей», – деп жазуы мүнәпықтан аулақ, болмыстың апокалипсис­тік сипатын терең пайымдап, сұңғы­­лалықпен танып, барды барын­ша жазуға, ақиқатқа қия­нат жасамауға шақырған білімдінің кеңесі. Кеңесіп пішкен тон келте болмастың қамы ғой.

Біз бодандықтың қайыс ноқ­тасы есеңгіреткен зұлмат саясат­тың апофеозін Тұрлыбек Мәме­сейіт­тің «Таңжарық» роман-дило­гия­сындағы тағдыршешті тарихи оқиғалардан табамыз. Автордың бұл туындысын оқи отырып, теле­гей толқындарды бастан кешіре­міз, өзек өртеген өрелі сұрақтарға жауап аламыз.
«Таңжарық» романы қазақ әдебиетінде сүбелі орнын ойып алған тарихи роман дәстүрін жал­ғас­тырған, Қытай мен Қазақ­стан­ның Жетісу өлкесін мекендеген қазақтардың ХХ ғасырдың басы­нан 1945 жылға дейінгі күрде­лі қилы тарихының көркем шежіресі. Онда қаламгер қоғамдық, әлеу­меттік, тұрмыстық, фило­со­фия­лық, адамгершілік, моральдық, құқықтық, ұлттық дәстүр сипатта­рын жан-жақты қамтып, уақыт, зұлмат, қатыгез замандағы адамдар тағдырын күрескер, өлең-жырдың тұлпары Таңжарықтың тағдыры­мен бірегей талдайды.
Бір сүйсінерлігі, Тұрлыбек Таңжарығын бірден ұлы боп туған ақын, болмысынан болып-толып қалыптан шыққан ерекше жара­ты­лыс иесі етіп көрсетуден бойын аулақ салып, Таңжарық поэзия­сына вариация жасау, монтаждау әрекетіне аяқ баспаған. Адам жаны­на үңілдіретін спектр сәу­ле­сін сезім шырғалаңы, табиғи мінез­дің құнарына көбірек түсі­реді. Өйткені өзін халық жолы­на бағыштаған, халал сүт емген жан­ды қоғамдық мақсат, халықтық мұрат, елдік арманға, тек мінезге жомарттығы ұшпағына жеткізбек. Асқар Сүлейменов айтқандай, «мінез болмаған соң, образ жоқ, образ болмаған соң әдебиет те жоқ».
Тұрлыбек ес білгеннен Таң­жарық жырларын, айтыстарын естіп өскен. Өмірде тақырыптың да тағдыры болады. Шығармашы­лық­тың ширықты жолында «мені жаз, мені жаз» деп тұратын тақы­рып бар да, автордың өзі іздеп таба­тын тақырып бар. Осы орай­дан келгенде, Таңжарық тақырыбы Тұрлыбекті өзі іздеп тапқан, автор­ға өзі жолыққан үлкен олжа дейміз.
Таңжарық дүниеге келіп, өскен, ер жеткен, ат жалын тартып мінген заманы өте ауыр, нағыз елді ығыр еткен, ойран-ботқасы шыққан, бүгіні қатерлі, болашағы соқыр тұманды, аласапыран шақ-ты. Әділін айтқан жөн, Т.Мәме­сейіт роман-дилогиясына мате­риал жинау барысында дауылды, бұрқасынды, құйыны ұйтқыған тарихқа бүгінгі парасат биігінен, рухани өміріміздің игі талабынан қарайтын байыпты, сабырлы, сал­мақты, парасатты, зерделі зерт­теуші, көзі өткір, көңілі жүйрік байсалды барлаушы, сақ, әділ сарапшы ретінде танылатын тұстары мол.
Ұлы Абай: «Адамның адамшы­лығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болатынын» баса айтқан ғой. Тұрлыбек Таңжарықты осы құнарлардан нәр алып, тамырды тереңнен тартуына, арнасы мол сулы, егіні бітік шығуын назарда берік ұстаған. Әкесі Жолды жайлы құдасы Баспақ ақсақал: «Ой, өзі де бір құдай деген момын адам-ау. Құдағи да бап қосылған» десе дегендей. Әкесі мен ше­шесі Мазақ Таң­жарықтың ерек­ше туы­сын, дары­нын ерте сезіп, бетінен қақ­пай, ерке, ер­кін өсуіне мүмкіндік жасаған. Кедейшілік, қолы қыс­қалықтың қыл шыл­быры қылқындырса да Қайырбегі мен Таңжарығын ешнәрседен кенде қылмай өсірген. Қайырбегіне Бөрібайдың Айжан есімді қызын алып беріп, енді қызығын қызықтамақ болғанда, байдың жылқысына барымта­шылар шауып, солармен айқас үстінде қайғылы қазаға ұшырап, орны толмас қасіреттің қара бұлтына тұншығады. Таң­жары­ғы шынжыр балақ, шұбартөс бай Жайырбектің бойжетіп отыр­ған қызын алып қашып, қол­ға түседі, арты Күре қаласын­дағы оқуы­нан шығары­лып, түрмеге жабылып, онан босанғаннан кейін сол дүмді байдың атағы жер жар­ған жүйрік аты Сетіккөкті мініп, Кеңес еліне, нағашылары Албанға асып кетеді. Мал ашуы – жан ашуы, оның үстіне күні кеше айттырылып қойған қызын алып қашып, әуре-сарсаңға салғаны тағы бар, соның бәрі қосылып, дәурені жүріп тұрған қаһарлы Жайырбек – «жар­ты патша» тазы ашуын тырнадан, қорғаны жоқ кедей Жолдыдан алады. Азын-аулақ күн көрісінен қағып, шаңы­рағын жалаңаштап кетеді. Есесіне, Қазақстанға, нағашы­ларына шек­ара­дан аман-есен өтіп жеткен Таң­жарық жат елде көрген қия­нат­тарын ұмытып, өзін жұмаққа топ ете түскендей сезінеді. 1928 жылғы байларды жалпы тәркілеуге шейін Қазақ­станда Кеңес өкіметі орнап, советтендіру жұмысы қарқынды жүр­гізіліп, әркім өз тіршілігімен болып, ел ішінде ойын-той, ірі байлар ата-әкелеріне ас беруі тәрізді халық жиналған ірі ша­ралар толас таппай өткізіліп жатты.
Роман-дилогияда Таңжарық­тың ұстанған жолы, күрескерлік қабілетінің ашылуына, әнші, сері жігіттен ел мүддесі, биік арманына өзін құрбан етуден тайсалмаған әділет ұраншысына, көш бастаған кемел тұлғаға айналуына «атқа қон­дырсақ атқа лайық, таққа қон­дырсақ таққа лайық қазақтың си­рек азаматтарының (Ә.Ке­кілбаев) шарапаты тиген.
Оған да айт сартыма, – деген жолдарын ызғарлана қайта-қайта оқып, ауыздарынан көбігін шашып: «Үгіт емей бұл не? Жұртты өкіметке қарсы көтеріліске ашық үгіттеп тұрсың ғой!» – деп жеті басты жалмауызды көргендей зәрелері ұшып, орындарынан тік көтеріліп, күншіл, жағымпаз, мәнсапқор, имансыз, маргинал, ұлтын сатқан безер, қатыгез қазақ тер­геушіге қалдырады. Ол Таң­жарық­қа сұсты жүзін бұрып: «Сен күн сайын ажалыңа жақындап келесің!» – деп қытайша балдыр-бұлдыр сөйлеп, тұтқынды бақайы­нан арқанмен байлап, басын салақтатып асып кетеді. Бұл – тергеуші қазақ Мұқанбаевтың сүйікті тәсілі болса, 1937-1938 жылдардағы Совет өкіметіндегідей «тазарту» саясатын жүргізбекші. Шыңжаң билеушісі Шың Шысай­ға оның «Шыңжаңды жаңа құру» жоспарын жоғары деңгейге жеткізе орындауға өлшеусіз үлес қосқан Кеңестік тергеушілер Уголин мен Фалинов Кеңестік асыра сілтеу саясатынан шошы­нып, шекара асып келген қазақтар мен басқа да ұлт өкілдеріне қырғидай тиіп, садизмнің қазанында қуырады. Мәселен, Уголин мен Фалинов таққан кінәсін мойындамай, ырқына көнбеген Таңжарықтың «басына темірден құрсау, қолына кісен салдырды. Аузы-мұрнынан бірдей қан бұрқ етті. Шегелі орындыққа отырғызды. Екі көзі кеткен салбырап. Бас та бос бұлғақтайды. Тырнақтың көбесіне ине сұғып шырқыратады. Түрі тірі аруақ. Баяғы екі иығына екі кісі мін­гендей, нарттай қып-қызыл жігіттен жұрнақ жоқ. Тұла бойын­да сау-тамтық қалмаған. Құйрық жағы қасқыр тартқандай дал-дұл…» – деп Тұрлыбек қорғансыз шағын ұлттардың зәресін ұшы­рып, шовинистік, фашистік идеология талабына көзсіз табына бас ұруға мәж­бүр­леген зұлым тергеуші­лердің айуан­дық астам­шы­лығын қаз-қалпында бейне­леген.
Жазушы ретінде Тұрлыбектің ізденісі, тәжірибесі, жауапкер­шілігі, ой-санасы, білімі діттеген биігінен аласа жатқан жоқ. Бай, шелді қазақ тілінің мәйегін бұзбай, түпқазық идеясынан жаңылмай, роман поэтикасының диафраг­ма­сына барынша сақтықты бірінші орынға қоятыны сүйсінтеді. Мәселен, көркем шығарма бастау алар аймақтың тіліндегі ерекше­ліктерді ескеріп, елемеу қиянат, білімсіздіктің көрінісі. Сондықтан Тұрлыбек ондай немкеттіліктен бойын таза ұстап, жергілікті диалектілермен сөздік қорымызды байытуға үлес қосқан. Айталық, пәмлеп алар едім (жоспарлап алар едім), мамақұл (келісеміз), ас­бұзыл (асхана) сөздері роман-дило­гия тіліне балдай батып, су­дай сіңіп қай аймақтың ауасы­мен тыныстап тұрғаныңды есіңе салады.
Қысқасы, көпқырлы талант өз потенциалын, имиджін тиімді пайдаланып, тағдыры тағлымды күрескер ақын тұлғасын арзан мадақ­тау, даурықпа «айқай-ұйқай­ға» ұрындырмай, шыншыл­ды­ғымен, сөз кестесінің бояуы ажарлылығымен, көркем, публи­цистикалық стилистикасы «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» поэтика талабынан табылуымен, қажымас қайрат, қиын еңбек көрігінен шыққан роман-дилогия ретінде жан сүйсіндіріп, тебірен­терлік қасиеттерге ие, мазмұны терең, идеялық пафосы салмақты туындымен қауыштырды. «Қалам­герлік жол жеңіл жол емес, азабы ауыр – жүрек жолы» (Ж.Ахмади). Оның үстіне, маңдайына жазыл­ғаны – «азабы ауыр», рухы тозақ отында шыңдалған Таң­жарық тағдыры болып, шегер азабы еселеніп, «жүрек жолы» екінің бірі беттемес шырқау шың­нан асуға тәуекел жасатып, рас, біраз өңделіп-толықтыратын тұстары кездесетінімен, қазақ тарихи-публицистикалық, ғұмыр­намалық аса көрнекті көркем туындылар қатарын беделді роман-дилогия­сымен байытты.

Тұрсын СЫДЫҚОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу: