Бейбіт Шүменов Лас-Вегастағы зәулім үйін сатылымға шығарды (фото)

651
0
Бөлісу:

WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Бейбіт Шүменов Лас-Вегас қаласындағы үйін сатылымға шығаратын болыпты.

Бұл туралы LasVegasNOW хабарлайды.

Аумағы 9,469 шаршы фут болатын үш қабатты зәулім үй шаһардың қымбат ауданында орналасқан және 4,75 миллион долларға бағаланып отыр. Үйде алты жатын бөлме, тоғыз ванна, кинотеатр, лифт және шарап қоймасы бар. Жаңа қожайын аумағы 17 мың шаршы фут болатын жер участкесіне де ие болмақ.

Қазіргі кезде жылжымайтын мүлік жөніндегі агент Шеннон Смит Шүменовтың үйін сатып алатын адам іздестіруде. Ол «әлемге танымал баскетболшы бойы 216 сантиметр болатын Шакил О Нилдің өзі мына зәулім сарайдың қасында өзін кішкентай сезінеді» деп әзілдейді.

«Бұл Лас-Вегастағы ең керемет апартаменттің бірі. Мұндай салтанатты сарайды күн сайын көре бермейсіз. Қаржысы бар кез келген адамның бұл үйге қолы жетеді. Бұл – Вегас, не қаласаң соны істе» дейді Смит.

Боксшының үйін сатып алғысы келетін үміткерлер Смитпен VegasCribs.com сайты арқылы байланыса алады.

Еске салсақ, жақында ғана Бейбіт Шүменов WBA тұжырымының «уақытша» чемпионы француз Арсен Гуламариянмен жекпе-жек өткізу туралы келісімге келген еді. Кездесуге Бейбіттің титулы тігілмек.

Тараптар алдағы 14 күн ішінде келісімшартқа қол қояды. Әзірге жекпе-жектің өтетін уақыты мен орыны белгісіз. Дегенмен үш мерзім ұсынылуда: 15 сәуір Монакода, 30 сәуір Астанада және 13 мамыр Нью-Йоркте.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: