Мәскеу съезге неге рұқсат бермеді?

845
0
Бөлісу:

1976 жылы Алматыда Ғылым академиясында КСРО елдерінің бүкілодақтық екінші түркология конференциясы өтеді. Конференцияға 600-дей адам қатысады. Оның ішінде 300-дей шетелдік ғалым бар. АҚШ, Түркия, Германия, Англиядан арнайы түрколог профессорлар келді. Ең қызығы, бұл жиынды съезд ретінде өткізуді сұрағанымен, Мәскеу конференция мәртебесін береді. Бакуде өткен Бүкілодақтық І Түркология съезінің жалғасы іспеттес өткізілген шараның басы-қасында ғалымдар Сейіт Қасқабасов пен Болат Көмеков те болды.

Белгілі ғалым, академик Сейіт Қас­қаба­сов бұл конференцияға дайын­дық барысы қалай өткенін, қандай ғалымдар атсалысқанына тоқталды. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркі әлеміне айрықша тоқталып, «Түркі өркениеті түп тамы­рынан қазіргі заманға дейін» атты жо­баны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экс­позицияларына ежелгі түркі жәді­герлері қойылатын Түркі халықтарының мә­дени күндерін ұйымдастыру» керегін айтты. Елбасы дұрыс мәселе көтеріп отыр. Түрколог­тардың дүниежүзілік конгресі өтуі керек.
Осы орайда, мына маңызды жайтты еске түсіргім келеді. Түркология съезі бұған дейін де екі рет өткізілген. Оның алғашқысы 1926 жылы Бакуде өтті. Оған біздің елімізден бес адам қатысты. Олардың арасында Ахмет Байтұрсынұлы, Нәзір Төреқұлов, Біләл Сүлеев, Елдес Омарұлы, Әміре Қашаубаев бар. Бакуде өткен жиынға қатысқан ұлт зиялы­ларының көбі 1937 жылы атылып кетті. Қуғын-сүргінге ұшырады. Араға елу жыл салып, Ұлттық ғылым академиясы Түркология съезін өткізуді қолға алады. Ол кезде қоғамдық ғылымдар бөлім­шесінде ғалым хатшы болып қызмет атқа­рамын. «Түркология съезінің өтпегеніне елу жыл өтті. Осыны өткізуді қолға алайық» деген ұсыныс түсті. Идеяны ұсынған – Ісмет Кеңесбаев. Идея академия басшылығы тарапынан да қолдау тапты. Онда академик Зәки Ахметовтің академияға жаңадан келген кезі. Түркология съезін өткізу туралы ұсынысымызды Мәскеуге жібердік.
Ол кезде Мәскеуден арнайы рұқсат алмаса, съезд өткізе алмайсың. Ондағы ойымыз – Бакудегі Түркология съезін жалғас­тыру. Өкінішке қарай, Мәскеу съезд өткізсе, мәртебесі жоғары болып кетеді деп қорықты ма, конференция деп бе­кітіп берді. Бұл – 1976 жылдың қыркүйегі болатын. Дайындық жұмысы басталып кетті. Әрі конференцияның жоғары деңгейде өтуіне Димаш Ахметұлының да қолдауы болды. Конферен­цияға 600-дей адам қатысты. Оның 300-дейі – басқа қалалардан. Шетелден де келгендер көп. Еуропаның атақты түркологтары, АҚШ-тан мықты ғалым­дар келді. Бір Татарстанның өзінен 45 ғалым қатысты. Татар ғылым академия­сының тіл, әдебиет, тарих институт­тарынан жиылған ғалымдар. Мәскеу, Ленинградтағы мықты түркологтар, арасында атақты ғалым Андрей Кононов та бар, конференцияға арнайы келді. Түркіменстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан да ғалымдар болды. Үш секцияға бөлініп, талқылаулар өткізді. Баяндамалар өте көп болды. Әр секцияның жұмыстары туралы қабыр­ғаға ілініп тұрды. Конференцияда кө­терілген мәселелер үш том болып шық­ты. Төртінші томға пленарлық баянда­маларды топтастырдық. Әдебиет сек­циясында айтылған дүниелерді мен жинақ­тасам, тарих секциясында айтыл­ған мәселелерді Болат Көмеков құрас­тырды. Ісмет Кеңесбаев пен Зәки Ахметов – басқарушы. Онда Шора Сарыбаев – жауапты хатшы. Мен – жауапты хатшының орынбасарымын. Конференция үш-төрт күнге жалғасты. Конференция барысында түркология жиыны үш-төрт жылда бір рет өткізілетін болып шешілді. Алматыда өткен кездесуден кейін келесі кезекті жиын Ташкентте өтті. Одан кейін 1985 жылы Ашхабадқа жиылдық. 1988 жылы түрколог ғалымдар Фрунзеде бас қосты. Келесі жиын Бакуде өтуі керек еді. Оған Совет Одағы тарап, әр республика тәуел­сіздік алғаннан кейін жалғаспай қалды. Содан кейін түркологтардың конферен­циясы мемлекеттік деңгейде өткізілмеген болатын. Қарап отырсаңыз, түркология саласы Совет кезінде де кешенді зерт­телгенін көрсетіп отыр. Түркология ғылымы тоқтаған емес. Бірақ дәл сол кездегідей мықты ғалымдар қазір бар ма, жоқ па, білмеймін», – дейді академик.
1976 жылы өткен конференцияда тарих секциясын жүргізген академик Болат Көмеков еді. Ғалым конферен­цияның екі пленарлық отырысы өт­кенін, үш секцияға бөлінгенін айтады. «1976 жылы түркологтардың бүкілодақ­тық екінші конференциясы деп аталды. Тіпті жинаққа бұл жиынның елу жылдан кейін жалғасып отырғаны туралы ар­найы жазылды. Оның Қазан революция­сының 60 жылдығы қарсаңында өткенін де айта кетуіміз керек. Түркологтардың бүкілодақтық конференциясына әдебиетші, тарихшы, тілші ғалымдар қатысты. Ғылым академиясының вице-президенті Бәйдібек Төлепбаев баяндама жасады. Отандық түрколог ғалымдар да сөз сөйледі. Екінші пленарлық жиынға Германиядан – Г.Дорфер, АҚШ-тан – Г.Менгес, Швециядан Г.Ярринг сияқты мықты түрколог ғалымдар қатысып, баяндама оқыды. Конференция 1976 жылы өткенімен, жинақ 1980 жылдары жарық көрді. Ол кездері бүгінгідей ком­пьютер жоқ, материалдарды жинақтап, машинаға тергізу керек деген сияқты мәселелермен төрт жылға созылды. Жинаққа жауапты болған адамдардың бірі – Ресей ғалымы Галина Благова. Алдын-ала үш салаға байланысты кон­ференцияның тезистері шыққан еді. Онда ғалымдардың баяндамаларынан қысқаша үзінділер берілген. Ал толық нұсқасын жинаққа жарияладық. Жинақ орыс тілінде жарық көрді. Тарихи секцияда тың ойлар айтылды, түркі халықтарының этникалық, тарихи байланыстары туралы сөз болды. Тарих, археология, этнография салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталды», – дейді Болат Ешмұхаметұлы.
Елбасы Түркологтардың дүние­жүзілік конгресін өткізу туралы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақа­ласында айтып өткені белгілі. Бұл кон­гресс тәуел­сіз Қазақстанның түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы екенін көр­сетіп қана қоймай, түрколог ғалым­дардың түркология саласында атқарып жатқан жұмыстарын паш ететін орын болмақ.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу: