Ине сабақтайтын бала қайда?

1125
0
Бөлісу:

Бала кезімізде «Әй, менің инемді кім сабақтайды?» деген апамның сөзіне бәріміз тұра жүгіруші едік. …Бүгінде ондай бала қалды ма?

Иә, немеренің дені иненің «кө­зіне» көзін жеткізе алмайтындай халдеміз. Біз қазір ата-әжеміздің, әке-шешеміздің ғана емес, өзі­міздің де көзілдірігімізді іздеп қар­манып қалып жүрміз. «Жаман ауру» ретінде тіркелмесе де, жа­нарымызға қатысты кез келген ауру, көру қабілетіміздің нашар­лауы, мына өмірге шынының ар­тынан ғана қарай бастағанымыз алаң­дай­тын ахуалға айналып кетті. Дүние­жүзі ғалымдары 2050 жылы жаһан­ның жартысынан көбінің көру қабілеті нашарлайтынын жария­лап еді. Мына түрімізбен жартысын да жолда қалдыратын түріміз бар. Өкінішті, әрине.

Еліңді қалай қорғайсың, алыстан көзің көрмесе?

Өмірімізде ерекше орын алатын сезім мүшесінің бірі – көз. Онсыз мына әлем қараңғы түнек болар еді. Мұны бәріміз мойындай­мыз. Сөйте тұра қадіріне жете алмай жүрміз.
Күнделікті қажетті ақпараттың 70 пайызын жанарымыз арқылы алатынымыз да рас. Мектептегі әрбір үш баланың бірінің көз ауруы бар деген уайымымызға, әскерге шақырылған зіңгіттей жігіттердің мәселесі қосылды. Соңғы жылда­ры комиссияға шақырылған 50 адам­ның үш-төртеуі ғана әскери қызметке жарамды болып шығады екен. Ең өкініштісі, ел қорғауға қабілетсіз жандар арасында әс­керге шақырылғандарға жиі қойы­ла­тын «бас сүйек ішіндегі қан қы­сы­мы жоғары» диагнозына қазір көз аурулары қосылған. Ма­ман­дар басқа ауру түрлері ішінен көз ауруы бірінші орынға шық­қа­нын жасырмайды. «Негізінен әс­керге шақырылғандар бас сүйек ішін­дегі қан қысымының жоғары­лы­ғы бойынша сыннан сүрінеді. Осы диагнозға соңғы жылдары көз ауруы қосылды. Бірақ олар әскерге мүлдем жарамсыз деген сөз емес. Тек минустары өте жоғары дәре­же­де болғанда өтпей қалуы мүм­кін. Енді өзіңіз дәл қазіргі мек­теп оқушысын қараңызшы, көзіл­дірікке тәуелді. Екеуінің бірі сон­дай. Бізге де сол оқушылар ғой мек­теп бітіріп келіп отырған», – дей­ді ҚР Ұлттық ұланы Әскери-медициналық басқармасының көз дәрігері Жұлдыз Қарсыбекова.
Оның айтуынша, таңнан қара кешке дейін смартфоннан көз алмайтын да балалар бар. Сабақта да, үйде де смартфонға тәуелді. Міне, сондай балалардың жанары әлсірейді. «Қарапайым ғана мысал айтайын, адам күнделікті өмірде күніне 30 мың рет көзін жыпы­лық­татады. Әр жыпылықтаған сайын одан ылғал бөлінеді. Ал біз жаңағы телефонға ұзақ таңылып отырған кезде осы рефлекс бұзылады. Міне, осыдан көзіміздің жанары құрғай бастайды. Осы құрғаудан үлкен қауіп кеп жатыр», – дейді.

Оқушылардың 65-70 пайызының көзі көрмейді

Жыл сайын елімізде көзі көрмей қалған 2 мыңға жуық адам мүгедек атанады. Тіркелген зағип­тар саны 56 мың адамды құраса, оның 2 мыңға жуығы – балалар. Соңғы деректер бойынша, елімізде жыл сайын шамамен 1 миллион адам офтальмолог-дәрігерлердің көмегіне иек артады. Сәйкесінше, көзге қатысты ауру түрлері де кө­бейген. Олардың арасында қабыну аурулары, алыстан көрмеушілік, сығырлық, қылилық, катаракта, су қараң­ғылық та бар.
Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының мамандары бүгінде, әсіресе, балалардың смартфонға тәуелділігін азайтпаса, бұл аурудың одан сайын өршитінін ашық ай­туда. Астана филиалының балалар офтальмологы Ирина Мельнико­ва­ның айтуынша, мектеп оқушы­ла­рының 70 пайызы көзілдірік киеді. Мектепке жаңа барғанда, балалардың тек 4 пайызында ғана көз аурулары анықталса, мектепті тамамдағанда олардың үлесі 45 пайыздан асады. «Біз дәл осы ке­зеңді технологиялық төңкеріс де­сек те болады. Мектептердегі дәрі­герлік тексерістен кейін мек­теп оқушыларының 65-70 пайызы­ның көзілдірік киіп жүргенін біл­дік. Тіпті көзілдірік киіп үлгер­ме­ген­дерінің де көру қабілеті мақ­та­нарлықтай емес. Әсіресе, сығыр­лық (миопия) пен алыстан көр­меу­шілік (близорукость) көп кез­деседі», – дейді ол.
Дәрігердің алаңдауына негіз бар. Өйткені миопия деп отырғаны – тұқым қуалайтын ауру болса, алыстан көрмеушілікті дер кезінде емдемесе, көз тартыла түседі екен. Оның айтуынша, бұл ауруды кейін ота арқылы емдеп аламын дей­тін­дер де қателеседі. Өйткені сол ота­ны тек 18 жасқа дейін ғана жа­сап үлгеру керек. Сол себепті, тек смартфон, гаджеттерді ұстатпай ғана аурудың алдын алуға болады. Ирина Мельникова 6 жасқа толмаған балаға смартфондарды беруге мүлдем болмайды дейді. Бірақ ол дәл бүгін мүмкін бе? Ба­лаңыз смартфоныңызды қанша уақыт қолданады? Ал өзінікін қанша уақыт ұстайды?

Ислам не дейді?

Көз – асылында адамзат бала­сына берген Алланың ұлы нығметі. Өкініштісі сол, ең ғажайып жа­ратылыстың қадіріне жете алмай жүруіміз жанға батады. Қос жана­рыңмен мына мөлдіреген әлемге назар салуды ғана ойламай, оны тек жақсы нәрселерді көруге арнау да керек. Ғалымдар ұзақ уақыт бойы көзді бейнекамералармен де салыстырып келді. Алайда ол тек ин­­женердің жетістігі ғана. Көз – Алланың адамға берген теңдессіз нығметі. Ол екеуінің ұқсастығы бары рас, бірақ салыстыруға кел­мейді. Адамның ақылымен ойлап табылған жасанды техникалар да көз құрылысын жасауға қауқарсыз. Құранда Алла Тағала: «Сендерге есту, көру және ойлау қабілетін бер­ді. Әрине, шүкіршілік етер­сің­дер», – деген.
«Бір тақуа пенде Жаратушы ал­дына 500 жылдық үздіксіз құл­шы­лығымен барса керек. Алла Тағала: «Менің мейіріміммен жән­нат бағына кір», – дейді, сон­да: «Жоқ, мен өзімнің 500 жылдық құл­шы­лық-амалыммен кіремін», – деген пендесіне Жаратушы Иеміз таразы қойып, оның бір басына 500 жылдық құлшылықты, ал екінші бір басына адамның бір ғана көз нығметін қояды. Екі бір­дей көз емес, бір ғана көзді таразы­лайды. Сол кезде көздің нығметі пен­денің сонша жылдық құлшы­лық амалын басып кетеді. Осыдан Алланың адамға берген байлығын түсіне беруге болады», – дейді «Нұр-Мүбарак» университетінің студенті Елдос Қырықбаев.

Сіз не дейсіз?

Самал ЕРКІНБЕКҚЫЗЫ,
ата-ана:

– Менің баламның көзі – 11. Екі рет ота жасаттық. Мектепте оқиды. Біз оларға арналған арнайы білім ошағы болса деп едік. Мұндай арнаулы оқу орны дәл қазір Астанада жоқ. Бүгінде көзі көр­мей­тін балаларға арналған оқу-құрал­дары да аз. Біз содан қинала­мыз. Ал күн санап, менің балам сияқ­­ты көзі нашар көретін балалар са­ны көбейіп барады. Мұны мем­ле­­кет­тік деңгейде шешу керек. Себебі, бұл жай мәселе емес.

Нәзира ДУМАН,
мұғалім:
– Байқайсыз ба? Қазір далада серуендеп ойнайтын бала аз. Ауладан көп көрмейміз. Мектепте де сол. Барлығы бір бұрышқа шо­ғырланып алады да, үзілісті солай өткізеді. Мемлекеттік мекемелерге телефонмен кіргізбейтіндей етті ғой. Міне, сол сияқты біздің мек­теп­ке де балалардың телефонмен кіруін қадағалау керек. Ең болмаса бір мезгіл көздері демалсын. Ал қазіргі оқу бағдарламасын білесіз. Балаға оңай емес. Соның бәріне осы смартфонның зияны қосылды. Ал не болды? Мына отырған бала­лардың жартысының көбі алыстан көрмейді. «Менің балам бірінші партаға отырсын» деген айқайдың астында біз жүреміз сосын. Көзі көрмегесін баланың жазуы бұзыла бастайды. Енді күні-түні ком­пьютер мен теледидар алдынан шықпаған бала жанарының көру жүйесінің бұзылатыны рас. Әсіресе, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар ара­сында көздің қатерлі дертіне шалдығып, көру функцияларынан айырылған балалар күрт өсіп барады. Бұған, ең біріншіден, ата-аналар кінәлі. Балаларын дұрыс бақылауға алмайды. Ал бақылаусыз кеткен бала өз қалағанын істеп, денсаулығына, оның ішінде, ең бастысы, көзіне орны толмайтын зиян әкеліп отыр.

Ырымгүл ХАСЕНҚЫЗЫ,
көз дәрігері:
– Қазақта ең көп кездесетін көз ауруы медицина тілімен айт­қанда «глаукома» болып отыр. Яғни, көздегі қысымның салда­ры­нан пайда болатын су қараңғы соқырлық. Оның екі түрі бар – ашық және жабық. Ең жаманы – ашық глаукома. Бұл кезде адамның көз қысымының көтерілгені білін­бейді, ауырмайды, ұзақ уақыт жақ­сы көріп жүре береді. Науқастың өзіне сезілмесе де, көздің ішінде өте жоғары қысым пайда болып жата­ды. Сондықтан адамдар су қараңғылық ауруының дамып жатқан сатысында дәрігерге ке­леді. Ал оның ең асқынған саты­сын­да адамның көзі жан-жағын­да­ғыны көрмей қалады. Сондық­тан аурудың алдын алуға кім-кімге де кеш емес. Басқа ауруларға алаң­дағаныңыз сияқты, көзге де ерекше күтіммен қарап, дәрігерге көрініп тұрған жөн.

Біз көзге қатысты көп нәрсені саралап, сараптап бердік. Құр статистиканы тізгеннен де ұтарымыз жоқ. Бар-жоғы 8 грамм ғана салмақ тартатын көзіңізге
жаныңыз ашымаса, сіздің де осы тізімнен табылуыңыз әбден мүмкін…

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: