Жауынгерді сынаққа салатын сайыс

751
0
Бөлісу:

«Батыс» өңірлік қолбасшылығында Халықаралық Армия ойындарына қатысу үшін үздік мерген жұптары таңдалуда. Атырау, Ақтөбе және Ақтау гарнизонының жауынгерлерінен құралған мергендер Қазақстанның намысын қорғау үшін бақ сынасуда.

Жауынгерлердің іріктелуі мен даярлығы ақпан айының соңына дейін жалғасады. Бұл аралықта үздік мергендердің әрқайсысына жеке рейтинг жасалып, сынақ тапсыруға тура келеді. Жеке сынақ кезінде мергендер «Мерген биатлоны» жаттығуын орындайды. Ол бойынша сынаққа оқ ату жүргізіледі және қорғаныс пен шабуылда мергеннің іс-қимылдары көрсетіледі.
Сондай-ақ сайысқа қатысушылар түнгі уақытта да атыс нормативтерін тапсырады. Жұп сынақта үздік мергендер әуе нысанасынан оқ атудан сайысқа түседі. Объектіні іздестіру және жою бойынша жаттығуларды орындайды, көздеу нүктесін шығара отырып, атудың элементтерін паш етеді.


Драгунов снайперлік винтовкасымен қаруланған мергендер арнайы атыс жаттығуларын да орындайды. Олардың ішінде 100 метр арақашықтықта орналасқан теннистік шармен пара-пар нысанаға атылатын «суық атысты» айтып кеткен жөн. Мергендер тұтқынды босату үшін 200 метр және 500 метрдегі нысанаға тигізуді машықтанады.
Іріктеудің шешуші кезеңінде мергендер ойығы бар қабырғадан, шұңқыр секілді бірнеше кедергілерден өтуге тура келеді. Атыс тапсырмаларынан бөлек, мергендер айналадағы табиғи заттарды пайдалана отырып бүркенуді, заманауи қашақтық өлшегішті қолдануды, метеостанцияны, радиостанцияны, барлау және навигациялау комплекстерін қолдануды пысықтайды.
Анағұрлым жоғары нәтижелер көрсеткен әскери қызметшілер 2019 жылғы Халықаралық Армия ойындарында Қарулы Күштер сапында өнер көрсетеді.


Былтырғы «Мергендер шебі» сайысы Беларусь Республикасының «Брестский» полигонының базасында өтті. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшісі кіші сержант Артур Адилов қатысқан Қазақстан құрама командасы осы сайыста жарыс иелерін алдына салып екінші орыннан көрінген болатын.
Естереңізге сала кетсек, биылғы «Армия-2019» Халықаралық Армия ойындары 3-17 тамыз аралағында 11 елдің аумағында өткізіледі деп жоспарланған. Армиялық ойындар бағдарламасы 31 сайыс түрінен өтеді.

Елдар Қаба.

Бөлісу: