Аспантаудың ақиығы ардақталды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Айтылар естеліктер мен туралы» атты Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналған шығармашылық байқау өтті.
Мұзбалақ ақынның туған күніне орайластырып өткен жыр кешіне Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, «Мұқағали ізімен» және «Өлеңнен төгілген әсем ән» бағыттары бойынша өз өнерін ортаға салды. Жыр падишасының туындылары сондай-ақ жастардың жүрекжарды шығармалары орындалған байқау Қыздар университетінің Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаменті мен «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының мұрындық болуымен ұйымдастырылды.
Әдеби сайысқа ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар және жасөспірімдер театрының актері Әсет Иманғали, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаров, әнші, композитор Ерғали Көшербаев және ақын Батырхан Сәрсенхан қазылық етті.
Жиында Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова сөз сөйлеп, мұзбалақ жыр шайырының шығармаларын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған игілікті істің алдағы уақытта дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
– Мұқағали – ғұмырының соңына дейін шығармашылықтан алыстамай, қолынан қаламы түспей, қазақтың қара өлеңінің құдіреті мен сырына молынан қаныққан ақын. Өлең киесінің мәні мен мағынасына терең бойлап, сөз маржанын келісті кестелей білген Мақатаев мұралары қазақ әдебиетіне қосылған баға жетпес туындылар. «Туады, туады әлі нағыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын» деп жырлаған Мұқағали өзі де қазақтың қара өлеңінің Хантәңіріне айналып отыр бүгінде. Жалындаған жастардың поэзияға деген құштарлығын арттыру орайындағы тағылымды шара өміршең болады деп ойлаймын, – деді ол.
Тартысты өткен байқау қорытындысында кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті анықтау оңай болған жоқ. Десе де, «Өлеңнен төгілген әсем ән» бағыты бойынша бас жүлде Қыздар университетінің студенті Алтынай Жәңгірдің қанжығасында кетті. Бірінші орынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Еділ Жетпісов ие болса, екінші орын Қазақ ұлттық университетінің студенті Айерке Сайранға бұйырды. Ал Қыздар университетінің студенті Аружан Насыролланова үшінші орынға қол жеткізді.
«Мұқағали ізімен» ақындар жарысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Шадияр Есенәлінің жұлдызы жанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Осы бағыт бойынша бірінші орынға Қыздар университетінің студенті Лаура Жаңабай, екінші орынға Қазақ ұлттық университетінің студенті Нұркен Құмарбек және үшінші орынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Оралбай Мырзақұлов ие болды.
Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың алғысхаты мен дипломы табысталып, бағалы сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар ақынның туған күні қарсаңында «Есіңе мені алғайсың…» атты жыр алыбын еске алу кеші өтті. Аспантаудың ақиық ақынының Алматыдағы ескерткішінің алдында ұйымдастырылған жиында Қыздар университетінің студенттері ақынның өміршең өлеңдерін орындап, жүрекжарды жырларын тебірене оқыды.
Дәстүрге айналған тағылымы мол шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінің басшысы, ақын Әділғазы Қайырбеков, Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев, келіні Бақытгүл Айдарова, оқу орнының ұжымы және студенттер қатысты.
Ұлы ақынның ескерткішінің алдына гүл шоғы қойылып, кеш шымылдығын Бауыржан Жақып ашты. Ол жыр шайырының шығармаларын жастар арасында кеңінен дәріптеу тұрғысында қолға алынған игілікті істің мәні мен маңызы турасында ой қозғап, Мұқағали мұрасының мәңгілік екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ университет ұжымына шынайы ризашылығын жеткізді. Ал Әділғазы Қайырбеков Мұқағали Мақатаевтың қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен қарым-қатынасы жайында кеңінен әңгіме қозғады. Ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Айдарованың әсерлі естеліктері кеш ажарын аша түсті.
Жандар АСАН