БИЛЕК БІЛІКТІ БАПКЕР МЕ?

239
0
Бөлісу:

Астанадағы Ritz-Carlton қонақүйінде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесуге жаттықтырушылар құрамының мүшелері чехиялық маман Михал Хипп және Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Байсуфинов, қақпашы­лардың жаттықтырушысы Николай Родионов қатысты.

Шара аясында бас бапкер Михал Билек алдағы мақсат-жос­парларымен бөлісіп, журна­лис­тердің сұрақтарына жауап берді.
– Қазақстан ұлттық құрамасы­ның бас бапкерлігіне тағайын­дал­ға­ныма қуаныштымын. Алдағы болатын ойынға дайындықты пысықтау үшін Түркияда оқу-жатты­ғу жиынын өткіземіз. Тізімге 36 футболшы енді. Футбол­шы­лардың шама-шарқын дайын­дық кезінде көреміз, – деді бас жаттықтырушы. Ал өзге сұрақтар легі төмендегідей болды.
– Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыру туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз? Құрамамен қанша жылға келісімшарт жасалды?
– Шешім қабылдау оңай болмады. Өйткені мен бұл кезде чехиялық «Фастав Злин» коман­дасының жаттықтықтыру­шы­сы қызметінде едім. Біздің арадағы келісімшартымыз аяқталмаған болатын. Дегенмен басшылыққа Қазақстан ұлттық құрамасынан ұсыныс түскенін айтып, мені клубтан босатуын сұрадым. Олар менің бұл шешіміме түсіністікпен қарады. Қазақстан футбол федерациясымен үш апта бойы келіссөз жүргіздім. Нәтижесі өздеріңізге белгілі. Келісімшарт мерзімі бір жылға жасалды. Маған үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сенімдеріңізден шығуға бар күшімді саламын.
– Кеңейтілген тізім жарияланды. Таңдау кезінде неге сүйендіңіз?
– Мен әлі бұл тізімдегі футбол­шы­лар туралы көп ақпарат білмей­мін. Құрамаға шақыртылған ойын­шыларды жаттықтырушылар құрамының мүшелерімен, бапкер­лер­дің кеңесімен таңдадық. Алда­ғы уақытта құрамаға лайықты деген футболшыларды іріктеп аламын.
– Елімізге келгенге дейін қазақ футболы туралы не білдіңіз?
– Мені «Астана» футбол клубы­ның жетістіктері қуантады. Әсіре­се, олардың Еуропа лигасында «Славиямен» ойнағанын жақсы білемін. Сол кездесу маған ерекше ұнады. Елге келерден бұрын Қа­зақ­­станда жұмыс істеген Миро­с­лав Беранекпен кездесіп, одан ақыл-кеңес сұрадым. Енді Қазақ­стан ұлттық құрамасын жат­тықтыра жүріп, қазақ футболын жақынырақ тани түсемін деп ойлай­мын.
– Қазақстан ұлттық құрама­сы­ның ойынымен таныстыңыз ба?
– Қазақстан құрамасы комбина­циялық футбол ойнайды. Олар көбінесе стандарттарға үміт артып, ұрымтал тұстан есеп ашуға дағды­лан­ған. Одан өзге ештеңе айта алмаймын.
– Неліктен тізімде Эрич, Евгений Постников және Бақтиер Зайнутди­нов жоқ?
– Эрич жақында ұлттық құрама­дан кетті. Ал Постниковтың азда­ған жарақаты бар. Бақтиерді құра­ма­ға шақырғымыз келген. Бұл туралы Карпинмен сөйлестік. Дегенмен ол «Ростовпен» Ресей кубогында кездесу өткізетінін айтты. Сондықтан оны жолдастық кездесуге жібере алмады.
– Құрамаға шақыртылған ойын­шылар арасында Александр Мер­кель бар екенін байқадық. Ше­телде ойнайтын өзге де ойын­шы­л­арды шақырту ойда бар ма?
– Меркель – голландиялық «Хераклес» командасының ойын­шысы. Ал бұл дивизион әлемдегі үздік лигалардың қатарында. Сон­дықтан біз Меркельді құрама­ға шақырдық. Оның бұрын құрамаға шақыртылғанынан хабардармын. Чехия­дағы братиславалық «Сло­ван» командасында ойнай­тын Юрий Медведевті де білемін. Жақсы ойынымен көзге түссе, құра­ма сапына шақыруға болады. Ал қалғанын уақыт көрсетеді. Кім мықты, сол құрамада ойнауға мүмкіндік алады.
– Еуро – 2020 іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасынан не күтесіз?
– Іріктеуге дейін уақыт бар. Оған дейін аяқдопшылардың аяқалысын байқаймыз. Қазіргі уақытта менің бар ойым алдағы Молдовамен болатын ойында. Жолдастық кездесуді өткізгеннен кейін нақты іске көшеміз. Ал іріктеу ойындары біздің команда үшін сәтті болады деп үміттенемін. Топтағы қарсыластардың бәрі де қарымды. Мен Қазақстан ұлттық құрамасының Ұлттар лигасындағы ойынын толықтай көріп шықтым. Команданың деңгейі жақсы. Мен баптайтын құрама жасыл алаңда соңына дейін күресетін болады. Бастысы, дұрыс тактиканы таңдап, сауатты ойын өрнегін көрсетуге тырысамыз.

Айта кетейік, ақпан айында Молдоваға қарсы өтетін жолдастық кездесуге шақыртылған ойыншылардың кеңейтілген тізімі жарияланды. Тізімге 36 ойыншы енді:
Қақпашылар: Владимир Плотников, Стас Покатилов (екеуі де – «Қайрат»), Марсель Исламқұлов («Қайсар»), Дмитрий Непогодов («Ордабасы»).
Қорғаушылар: Темірлан Ерланов («Ордабасы»), Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков (барлығы – «Астана»), Айбол Әбікен, Нұралы Әліп, Елдос Ахметов, Александр Соколенко, Ғафуржан Сүйімбаев (барлығы – «Қайрат»), Дәурен Мәжитов («Атырау»), Карам Сұлтанов («Қызыл-Жар СК»), Дмитрий Мирошниченко («Тобыл»), Александр Марочкин («Қайсар»).
Жартылай қорғаушылар: Исламбек Қуат, Георгий Жуков, Еркебұлан Тұңғышбаев, Ян Вороговский, Магомед Парагульгов, Бауыржан Исламхан (барлығы – «Қайрат»), Юрий Перцух, Серікжан Мужиков (екеуі де – «Астана»), Максим Федин («Тобыл»), Александр Меркель («Хераклес», Голландия).
Шабуылшылар: Еркебұлан Сейдахмет («Уфа», Ресей), Алексей Щеткин («Ордабасы»), Роман Муртазаев, Сергей Хижниченко (екеуі де – «Астана»), Бауыржан Тұрысбек («Тобыл»), Владислав Васильев («Энергетик-БГУ», Беларусь), Акмаль Бақтияров («Сочи», Ресей), Оралхан Өміртаев («Шахтер»).

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: