ОДАҚТАСТЫҢ ОЙЫ ОРТАҚ

361
0
Бөлісу:

Еуразия Одағын құру туралы  идеяны Қазақстан Президенті  1994 жылы М.Ломо­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің профессор-оқыту­шылар құрамының жиналысында  көтер­ген болатын.  Бұл тұста КСРО тарқаған­нан кейін ТМД мемлекеттерінің  қай-қайсысы да үзіл­ген экономи­калық байланыс­тардың жібін жалғай алмай жатқан. Интег­рация­лық про­цес­терді жақын­дастыру бағы­тын­дағы Н.Назарбаевтың баста­масы қанша сынға ұшыраса да өміршең жоба болып шықты.

Биыл еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Еура­зия­лық одақ туралы шартқа қол қо­йыл­ғанына – 5 жыл. Ширек ғасыр ішіндегі ирек жолдардың түпкі мақ­саты – бұрынғы біртұтас мем­ле­кет құрамында болып, бір-бірі­мен саяси-экономикалық және әлеу­меттік жағынан жақын тұрған ха­лықтардағы сол тарихи сабақтас­ты­ғы­ның игі жақтарын үзіп алмай қайта жалғастыру, осы байла­ныс­тарды одан әрі дамыту. Еуропалық одақ секілді одақтас елдердің өзара ынтымақтастықты арттыру көздел­ді.
Алматыда Еуразиялық Эконо­микалық одаққа мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Арменияның үкіметбасылары бас қосып, келелі жиын өткізді. Еура­зия­­лық үкіметаралық кеңестің оты­рысы жылына бір рет өткі­зі­леді. Кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мем­ле­кеттер арасындағы сауда-сат­тық­ты дамыту қорытындысын шы­ғарды. Одақ елдеріндегі мак­ро­экономикалық жағдайды тал­­қылап, алдағы атқарылар іс­тердің ауқымын белгіледі. Қа­зақ­стан 2017 жылы төрағалық тізгінді ал­ған. Келесі жиын сәуір мен ма­мыр айларының тоғысар тұ­сын­­да Арменияда, Ереванда өтеді.
Былтыр Еуразиялық одақтың үкіметаралық кеңесіне Ресей төраға болған еді. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Қа­зақ­станға келген сайын қазақ­ша амандасып, елімізге жылы іл­ти­пат білдіреді. Бұл жолы да сөйтті.
Кеңесте Одаққа мүше мемле­кеттер арасындағы тауар айналы­мын одан ары кеңейту құралдары, соның ішінде сауда, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, салық және кеден саясаты салаларындағы заңнама­лық нормаларды біріздендіру талқыланған екен. Соның ішінде білім беру саласындағы бірқатар құжаттарды өзара тану жүйесін жетілдіру мәселесі де өзекті.
Осы басқосудың біздің ел үшін пай­далы тұсы да жоқ емес. Стра­те­гиялық маңызы зор бір мәселе оңынан шешілген. Ресей Федера­ция­сының теңіз порттарының қыз­меттеріне қол жеткізуге қа­тыс­­ты бірқатар құжаттардың қа­был­­дануы игілік бастауына айнал­мақ. Әсіресе, еліміздегі көмір өндірушілердің экспортқа жібер­ген өнімі айналма жолдарда жа­тып қалады. Енді қысқа мер­зім­де Ресейдің ішкі су жол­да­ры­мен өтуге, Қара және Балтық теңізіне жетуге мүмкіндік ашы­ла­ды.
Қалай болғанда да Қазақстан үшін интеграциялық байланыстан ұтыс табу – басты мәселе. Ұлт ұпа­йын жоғалтпаудан артық не бар?

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: