Баспанасыз отбасы қара жамылды

3559
0
Бөлісу:

«Атамдатып  жылатсаң да, ботамдатпашы» деген халықпыз.  Бірақ мына сұмдық оқиға бір отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Үйі жоқ, уақытша баспана жалдап тұрған әке-шеше ел аман, жұрт тынышта бес бірдей баласынан айырылып боздап қалды.

Астана қалалық ТЖД  «101» пультіне сағат 02:34-те Сарыарқа ауданындағы Шыңғыстау көшесіне орналасқан жеке үйдің ауласындағы уақытша тұрғызылған баспанада өрт болып жатқаны туралы хабар түскен. 30 шаршы мер аумақты шарпыған жалын салдарынан 25 шаршы метрлік төбесі опырыла құлаған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бөлімшесі тілсіз жауды 03:06-да ауыздықтап, 03:24-те толықтай сөндірген. Сұмдықтың көкесі алда екен. Сол өртенген  үйден арысы он үш, берісі бір жастағы  2006, 2008, 2013, 2015 және 2018  жылдары туған бес баланың мәйіті табылған. Көпбалалы отбасының әке-шешесі балаларын асырау қамымен түнгі жұмыста жүргенде болған жағдай бұл.

Бұған не дейсіз? Кім кінәлі? Қашанғы біреудің үйін жағалап, арзанға пәтер жалдап жүрер қазақ баласы? Бұл тек Астана емес, жалпы қазақ жеріндегі жағдай. Өзіңіз сараптап көріңіз. Елордадан үй сатып алғысы келген адамның қалтасы қалың болуы керек. Өйткені бір шаршы метрі 330 мың теңгеден басталады. Осы соманы 25 шаршы метрге көбейтсек, 8 миллион 250 мың теңгені құрайды. Кімнің жағдайы көтереді. Күніне төрт-бес мың тауып, оны бала-шаға жыртығын жамауға, қалғанын үй жалдауға жұмсап отырған отбасы ма, әлде үлде мен бүлдеге оранып отырғандар ма? Әрине, бай-бағыландардың. Кейбір үйлердін бір подъезін толығымен сатып алып, жалға беріп отырған да – солар. Ал қарапайым қазақ, отбасын асырау үшін, осылай қыс қырауына қарамай біреудің уақытша салған баспанасын немесе жертөлені жалдап жүр. Жертөле демекші, бір таныс отбасы арзан ғой деп  осындай бір жертөлені жалдаған болатын, арты қайғылы аяқталды. Шиеттей ғана сәбиі екі өкпесінең суық тиіп көз жұмды.  Қазір «бауыр еті баласынан» айырылған ана екінші рет бала сүйе алмай жүр. Бұндай мысалды айта берсек таусылмас. Өйткені бұл дегеніміз – қоғам дерті.

Бір отбасы шиеттей бес баласынан айырылып, қара жамылды, ал салынып қолданысқа берілген көпқабатты үйлердің көбісі қаңырап бос тұр. Бұған не дейміз, ағайын?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ 

Бөлісу: