Жәнібек Әлімханұлы бесінші кездесуінде жеңіске жетті

647
0
Бөлісу:

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы америкалық Стивен Мартинеспен жұдырықтасып, жеңіске жетті. Кездесу 8 раундқа жоспарланған.

Жәнібек пен Мартинес АҚШ-тың Техас штатындағы Фриско қаласындағы Top Rank промоутерлік компаниясы ұйымдастырған бокс кешінің аясында өтті. Бокс кешінің басты жекпе-жегі ресейлік Сергей Ковалев пен колумбиялық Элэйдер Альварес арасында өтеді.

Жәнібек бұған дейін төрт кездесу өткізіп, төртеуінде де жеңіске жеткен болатын. Ал қарсыласы Стивен Мартинес кәсіпқой шаршы алаңда 25 жекпе-жекке шығып, 18 рет жеңіске жеткен. 4 рет жеңіліп, үш мәрте тең түскен.

Қазақстандық боксшы алғашқы минуттан ақ қарсыласына соққы беріп, басымдығын байқатуға тырысты. Дегенмен раунд ортасына таман аздап аялдап, қарсыласын бақылап, аяқпен ырғып секіріп, сәтті қимылдады.

Екінші раундта Жәнібек шабуылдауға жиі ұмтылса, Мартинес қорғаныстан асқан жоқ. Эфирдегі комментатор, олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев «Жәнібектің қарсыласын әбден зерттегені байқалып тұр. Ашық қалған кезін аңдып, дөп соққы жасауға тырысып жүр» деп айтып қалды. Раунд соңына қарай Жәнібек бірнеше соққысын тура жасап, Мартинеске тіпті де айла қалдырған жоқ.

Үшінші раундта Жәнібектің бауырдан ұрған соққысы Мартинесті ногдаунға түсірді. Алайда америкалық боксшы жекпе-жекті әрі қарай жалғастырды.

Бірақ Жәнібек бәрібір дегеніне жетіп тынды. Бесінші раундтағы қазақ боксшысының сериялы соққылары Мартинесті бас көтерткен жоқ. Осылайша, Жәнібек кәсіпқой рингтегі бесінші кездесуінде де жеңіске жетті.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Оқуға кеңес береміз