«Ұлы дала» байқауы мәресіне жетті

961
0
Бөлісу:

Өткен жылдың соңында Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына тың серпін бергені белгілі. Соған байланысты елімізде ауқымды жұмыстар қолға алынып, нақты жобалар жүзеге асырыла бастады. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы да сондай игі істердің бірі.

Елбасы тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен алғаш рет өткізілген «Ұлы дала» республикалық шы­ғармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Байқауда үздік деп танылған жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Салтанатты іс-шараға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шара кезінде барша жеңім­паздар мен жүлдегерлерді құт­тық­таған Мәу­лен Әшімбаев алды­мен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының маңызына тоқталды.
– Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы дала­­ның жеті қыры» атты ма­қалалары арқылы елі­міздің идеология сала­сындағы жаңа кезеңін бастап берді. Өйткені бұл мақалаларда ұлт­тық кодты сақтап, тарихи санамызды қа­лыптастыруға, сол арқылы рухани өміріміз бен ұлттық санамызды ­жаң­ғыртуға бағытталған нақты мә­селелер көтерілген. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда ұлт болып сақталып, тәуелсіздігімізді мәңгі­лік етудің қаншалықты маңызды екені белгілі. Сол жолда осы ма­қалаларда айтылған басым­дық­тардың берері мол. Сон­дықтан Елбасы көтерген құндылықтар мен идеяларды дәріптеу, еліміздің рухани жаңғыруына үлес қосу – біздің басты міндетіміз, – деді «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары.
Сонымен қатар ол осы жұ­мыс­тарда қолына қалам ұстаған жан­дардың рөлі ерекше екендігін айтты.
– «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында жастармен жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Ол үшін жас буынға қызықты, оларға дұрыс құн­дылықтарды дәріптейтін шығармалар қажет. Сондықтан осындай байқау жариялап, оған жас қаламгерлерді қатыстыруды ұйғардық. Сол арқылы жас ақын-жазушыларымыздың шы­ғармаларының насихат­та­луына, олардың әдебиет әлемінде өзіндік орны бар көрнекті қаламгер болып қалыптасуына септігімізді тигізуді мақсат етіп отырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, партия Төраға­сының Бірінші орынбасары жас ақын-жазушыларды қолдауға бағытталған осындай жобалардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
– Партиямыз тек осы бай­қаумен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта да жас қалам­гер­лерді ынталанды­рып, қолдау мақсатында бірқатар жо­баларды жүзеге асырамыз. Сондықтан бүгін жүлдегерлер қатарына іліге алмай қалған жастарды сол жобаларға белсене қатысуға шақырамын. Осы байқауға қатысқан жұмыс­тардың барлығы алдағы уақытта халық ара­сында кеңінен тарап, оқырмандардың оң бағасын алады деп сенемін, – деді М.Әшімбаев.
Партия бұл жобаны Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырды. Тарқатып айтар болсақ, өткен жылдың қазан айында «Нұр Отан» партиясы отандық ақын-жазушыларға жүйелі қолдау көрсету үшін Жа­зушылар одағымен өзара ынты­мақтастық туралы меморандумға қой қойған болатын. Бүгінгі байқау сол игілікті істің нақты жемісі. Сон­дай-ақ бұл қадамның «Жастар жылы» аясында жас қалам­герле­ріміздің шығармашылықпен айналысуына көрсетілген үлкен қолдау екені сөзсіз.
Байқауға 18 бен 40 жас аралы­ғындағы қаламгерлер қатысты. Шы­ғармаларды қабылдау мерзі­мінің қысқалығына қарамастан 400-ден астам еңбек келіп түскен. Нәтижесінде бес аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
«Проза» аталымы бойынша «Құ­дық басындағы екеу» шы­ғармасымен Мақсат Мәлік үздік деп танылды. Екін­ші орын «Медаль» атты туынды­ның авторы Қанат Тілеуханға бұйыр­ды. Үздік үштікті «Казахстанец» шы­ғарма­сымен Татьяна Кретова еншіледі.
«Поэзия» аталымы бойынша 1-орынды Жанат Жаңқашұлы, 2-орынды Нұргүл Маулина, 3-орынды Батырхан Сәрсенхан алды.
«Драматургия, көркем фильм­дер мен телесериалдар сценариі» ата­лымында таяуда ғана «Qazaqstan» ұлттық телеарнасынан көрсетіліп, көптің көзайымына айналған «Кейкі мерген» телесе­риалының сценариін жазған Сер­жан Зәкерұлы топ жарды. Екінші, үшінші орындарды тиісінше «Ай­сұлу» фильмінің сценариімен Айдос Ділдебай және «Әбдіғаппар» драмалық туындысының авторы Абылай Мауданов иеленді.
«Балаларға арналған шығар­малар» аталымында «Ұлы даланың жеті қыры» өлеңдер топтамасының авторы Бауыржан Қарағызұлы үздік танылса, «Ұлттық музейге экскурсия» шығармасының авто­ры Асылан Тілеген екінші орынды, ал байқауға «Жылқы деген жануар» өлеңдер топтамасымен қатысқан Серікбол Хасан үшінші орынды жеңіп алды.
«Публицистика» аталымында 1-орын – Мақпал Жұмашеваға (шығармасы – «Көк бөрі тотемі»), 2-орын – Қанат Әбілқайырға (шы­ғармасы – «Мұздауан Мұздыбай»), ал 3-орын Гүлбану Тебегенова­ға (шығармасы – «Рухани жаңғы­ру – үштілділік») бұйырды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлде­герлерге қомақты қаржылай сый­а­қы­лар тағайындалды. Атап айтар бол­сақ, 1-орынға – 1,5 млн, 2-орын­ға – 750 мың, 3-орынға 500 мың теңгеден берілді.
Айта кетейік, қазылар алқа­сының құрамында Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Несіпбек Айтұлы, Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп, Жүсіпбек Қорғасбек, Көпен Әмірбек және Әлия Бөпежанова сияқты белгілі қаламгерлер болды.
Тағы бір атап өтер жайт, «Нұр Отан» партиясы Жазушылар одағы­мен арадағы меморандум аясында басқа да бірқатар жоба­ларды жүзеге асыруда. Мәселен «Астана» телеар­насы арқылы қалың көрерменге жол тартқан ақын-жазушыларымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін тележоба, партиялық жоба аясында жаңғыр­тылған кітапханалардағы коуор­кинг-орталықтарда қаламгер­лер­мен кездесу кештері және көрер­мендерге тәрбиелік сипаттағы көр­кем дүниелер ұсынатын ар­найы YouTube-канал ашу жобалары осы бағыттағы жұмыстардың жемісі.

Төлен ӘБДІК, жазушы:
– Бұл жолғы конкурстың жөні бөлек. Проза аталымы бойынша бәйге алған шығарманың екеуін ерекше атап өткім келеді. Біреуі – Қанат Тілеуханның «Медаль» атты туындысы, екіншісі – Мақсат Мәліктің «Құдық басындағы екеу» әңгімесі. Екі шығарма да бұрынғыдай бүгінгі өмірді дәріптеу, мақтау секілді бағыт жоқ. Өмірдің ішіндегі барлық қайшылықтар жақсы берілген. Әлеуметтік мотив жақсы көрініс тапқан. Бүгінгі шығармаларда осындай сипат байқалады. Ол қуантарлық жағдай.
Конурсты ары қарай жалғастыру керек. Бұл байқаудың тақырыптық жағын әлде де кеңейтуге болады. Мысалы бізде сатира деген жанр бар. Сатира қазіргі кезде ешқандай конкурстарға араласпайды. Ештеңені мақтамайды, дәріптемейді, қайта сынайды. Алда ұйымдастырылатын конкурстарда осы жанрды ескерсе екен.
Жастарға мүмкіндік беретін, жастардың есімін көп­ші­лікке танытатын «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы секілді конкурстар көбейе берсін деп тілейміз. Бұл бірінші кезекте талантты жастардың шығармашылық із­де­нісіне, ұмтылысына серпін береді. Сөз соңында айтпағым, біздің әдеби өміріміздің бір күнін үлкен мерекеге айнал­дырған «Нұр Отан» партиясына алғысымыз шексіз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы, «Жас өркен» ЖШС бас директоры:
– Көріп отырсыздар, сыйлық алған адамдардың дені жастар. Әдебиеттің бүгінгі, ертеңгі келбеті осылар. Жас­тардан үлкен үміт күтеміз. Көп нәрсе есте қалмауы мүмкін. Бірақ «Жастар жылында» алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы ұмытылмайды деп ойлаймын. Жастарға арнап осындай үлкен әдебиеттің тойын өткізгендеріңіз жақсы болды.
Қазақстанның даласы кең. Сыйлық алып жатқандар бір ауылдан екінші ауылға жел соқса құм ұшып бармайтын, су ақса судың бір тамшысы барып сіңбейтін жерлердің бәрін қамтыды. Соған ерекше қуандық. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының ішінен «ұлы дала» мен «жылқы» деген сөз көпшіліктің көңіліне қатты ор­нығыпты. Осыны анық байқадым. Жастардың шығар­масында да осы нәрсе кездеседі.
Басқа жанрлардың әңгімесі бір бөлек. Ал балаларға арналған жанрды Көпен Әмірбек екеуміз оқыдық. «Ба­ла­ларға арналған шығарма» аталымына жалпы саны 62 шы­ғарма келіп түсті. Барлығы да мықты. Үздіктерді таңдау біз үшін оңай болмады. Жарыс жеңімпаздарын айтулы жүл­де­лерімен құттықтаймын. «Ұлы дала» республикалық шығар­машылық байқауы ары қарай жалғасын таба бергей.

Мақсат МӘЛІК, жазушы, «Проза» аталымы бойынша 1-орын иегері:
– Бүгін біз үшін үлкен мереке. Байқауда үздік шыққан­дарды жүлделерімен құттықтаймын.
«Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы – бұл нағыз әдебиеттің тойы десек те болады. Өйткені еліміздің бас партиясы – «Нұр Отан» әдебиетті, оның ішінде шығармашыл жастарды қолдап, демеп келеді. Осы үлкен істің аясында әдебиеттегі жастар арасында игі істі бастап беріп отыр. Әдебиетті, руханиятты қолдаған ел әрқашан алға жылжиды, дамиды, өркендейді. Жақсы іс жалғасын тапсын! Жастарды қолдау жылында шығармашыл жастарды қолдайтын осындай жобалар көбейе түссе игі.

Нұргүл Маулина, ақын, «Поэзия» аталымы бойынша 2-орын иегері:
– Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен алғаш рет өткізілген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Себебі байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, шалғайда жатқан талантты жастар да қамтылды. Кең ауқымда өткізгілген шара шығармашылықпен айналысып жүрген жастарға жаңаша серпін берді.
Болашақта да осындай игі шаралар жалғасын табады деген үміттемін. Барлық байқау жеңімпаздарын бүгінгі жеңісімен шын жүректен құттықтаймын.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу: