Айтыскер ақынмен кездесу өтті

700
0
Бөлісу:

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңннен баста» кіші бағдарламасы аясында маңғыстаулық айтыскер ақын Нұрлан Мусаевпен кездесу өтті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасының Маңғыстау өңірінде жүзеге асырылуына тоқталды.

– Біз бұған дейін Арман Бердалин, Дәулеткерей Кәпұлы сияқты танымал ақындармен кездесулер өткіздік. Ал биылғы жылдағы кездесуді жергілікті Нұрландай азаматтан бастағанды жөн санадық. Жалпы ұлттық рухты нығайтып, мемлекеттік қызметшілердің шығармашылығын дамыту қашанда маңызды. Ақын – ақиқаттың жаршысы. Ал ақынның шығармашылығымен танысу, белгілі бір тақырыпқа орай көзқарасын білу, кім-кімге де қызықты болары сөзсіз, – деді ол.

Рас, рухани азық беретін осындай шаралар мемлекеттік қызметшілер үшін ауадай қажет, әсіресе жастардың патриоттық сезімдерін шыңдауға септігін тигізері хақ. Басқосуда ел татулығы, бірлік пен тұтастық ұғымдары туралы маңызды ақпараттар айтылды. Суырып салма ақын екеніңізді қайдан білдіңіз деген Нұргүл Жанназарованың сұрағына, ақын былай деп жауап берді: – Мектеп қабырғасында тәрбие сағаттарына қатысып өлең шығаратыным бар еді. Әкем құр адам емес, нағашыларымның да өткір-өткір әзілдері бар. Әкемнен екі, ал нағашы жұртымнан бір шумақ шықса, менен 5-6 шумақ шыққанын мектепте жүріп байқадым. Жылда Қашаған Күржіманұлы атындағы оқушылар айтысы болатын, әннен сабақ беретін ұстазымның сол байқауға барасың деген сөзін тастамай алғашында 11-сыныпта жүріп аудандық байқауда жүлдеге ие болдым, содан соң облыстық деңгейде өнер көрсетіп 2-ші орын алғаным есімде. Осылайша республикалық байқауларға жолдама алып, көзге түстім.

«Ер адам ақша тапса бұзылады, әйел адам бұзылса ақша табады» деп әзілдеген айтыскер ақын, жастардың парадан алыс болғанын және кәсіп жасап адал термен ақша тапқанын тілеймін деді.

Өткен жылы «Өнер мен мәдениетте сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ!» атты акцияның өтуіне бүгінгі кейіпкердің үлесі орасан болыпты.

Сабыр Адай, Меліс Қосымбай, Есенбай Құли сияқты алдыңғы аға буыннан үйренгені көп және бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресуді өзінің борышы санайтын Нұрлан Мусаев, айдың 30 күнінде өз көрерменімен қауышуға әрдайым дайын екендігін жеткізді. Мемлекеттік қызметшілер ақынға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, естелікке суретке түсті. Қазақстан Халқы Ассамблеясының ғимаратында өткен кештен мемлекеттік қызметшілер ерекше әсермен тарасты.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: