Қазақ ғалымдары адамзатқа беймәлім жаңалық ашты

1394
0
Бөлісу:

Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясында химия ғылымы саласы бойынша «Титанның қышқыл су ерітінділеріндегі постэлектролиздік химиялық еру құбылысы» атты алғаш ашылған ғылыми жаңалық авторлары – ҰҒА президенті, ғылыми жетекші Мұрат Жұрынов, ҰҒА академигі Әбдуәли Баешов, профес­сор Ажар Баешова мен доцент Ғани Ізтілеуовке  дипломдар мен медальдар тапсыру рәсімі өтті. 

– Титан металы ешқандай химиялық ортада ерімейді. Өте мығым, қатты метал. Метал­лур­гия зауыттарында титаннан істелген заттар тозып, сынып, қайта қалпына келтіру жұмыс­та­ры жүргізілуі керек болса, оны ешкім еріте алмайтын. Оған жаңадан ештеңе қоса алмайтын. Ол үшін затты 1000-2000 градус ыстықта қайтадан балқыту керек. Ол – өте күр­делі және қымбат үдеріс. Біз соны ерітудің жолын тап­тық. Бұл ғылыми ізденіс алғаш рет Қарағандыда басталған. Бұған ғалымдар Әбдуәли мен Ажар Баешовтар, аспирантымыз Ғани Ізтілеуов атсалысты. Түр­кі­станда Халықаралық қазақ-түрік университетінде ректор болып қызмет атқарып жүр­ген­де бұл жаңалыққа бірінші рет патент алдық. Кентау қала­сы­нан химиялық зертхана, элек­трохимия кафедрасын аш­тық. Дегенмен ғылыми жаңалық ашылды деуге біздің алған нәтижелеріміз жетпей­тін. Кейін оны терең зерттеп, көп­теген сұрақтарға жауап бердік. Жақында ғылыми жаңа­лық ашылды деп диплом тапсырылды, – дейді жаңалық авторларының бірі, академик Мұрат Жұрынов.
Жаңалық формуласына тоқталар болсақ, сулы ерітін­ді­дегі титанның бұған дейін бел­гісіз болған постэлектро­лиз­дік химиялық еру құбы­лы­сы анықталды. Металды бейс­та­ц­ио­нарлық токтармен (катод импульстарымен, өнеркәсіптік айнымалы) алдын ала поляр­ла­ған кезде, титанның беткі қаба­тындағы тотықты қабыр­шы­­ғы жойылып, соның сал­да­ры­нан титанның элек­трод­тық әлеуетінің мөлшері өзгеріп, ол сулы қышқылды ерітінділерде (күкіртқыш­қыл­ды, тұзқыш­қыл­ды) химиялық тұрғыда еріп кетеді.
№510 диплом алған ғылы­ми жаңалық – осы уақытқа дейін адамзатқа беймәлім бо­лып келген құбылыс. Бұл – химия саласы бойынша Қазақ­станда ашылған бірінші ғылы­ми жаңалық.
Ғылыми жаңалықтың тео­рия­лық, практикалық және еліміздің экономикасы үшін маңызы өте зор. Оның практи­калық пайдасы – титанның өндіріске қажетті тұздарын, то­тықтары мен басқа да қо­сын­­дыларын өте тиімді, оңай тәсілдермен алуға болады. Оларды титан өндірісіндегі жарамсыз метал қалдық­та­ры­нан алуға болады.
– Бізде ғылыми жаңалық­тар жоқ емес, бар. Әсіресе, ака­­­де­мияның тұсында акаде­мик­тер, профессорлар жаңа­лық­тар ашты. Дегенмен ке­йінгі жылдары елді елең еткі­зетіндей жаңалық болған жоқ. Жаңалығымен елді елең еткіз­бесе, ол ғылым емес. Жақсы, бі­лім­ді ғалым жаңалығын ха­лық­қа шашу етуі керек. Кеңес одағының тұсына жаңа­лық­тар көптеп ашылды. Халық та соған үйреніп қалған еді. Ғалымдардан тың жаңалық күтеді. Сондықтан бүгінгі ғылы­­ми жаңалық жыл басында үлкен қуаныш сыйлап отыр. Мұрат Жұрынұлы – біздің ғылым саласындағы дарынды ғалымдардың бірі де бірегейі. Химия, электрохимия сала­сын­да жаңалықтары бар. Соңынан шәкірттер ілестірген ұстаз. Қарағандыда, Түркі­станда, басқа қай жерге барса да соңында өзінің шәкірттерін ілестіре жүрді. Ол – Қазақстан ғылымына үлкен еңбегі сіңген азамат. Менің айтайын деге­нім, титан Қазақстанда көп. Титан-магний комбинаты бар. Біздің елден өзгелер титан мен магнийді сатып алып, пайда­ла­нады. Бұл еліміздің экспорт­тық әлеуетін арттыру үшін өте керек мықты металдардың біреуі. Ал оны терең зерттеп, кәдеге жарататын болсақ, тіпті жақсы. Бұл керемет қасиетімен әсіресе, қорғаныс саласында, басқа да жауапты жерлерде қажет метал. Сондықтан ашыл­ған ғылыми жаңалықтың маңызы аса зор. 2000 жылдары Түркі­станда жүріп осы еңбек­пен айналысып, патенттеп, зертхана ашқалы да 20 жылдай уақыт өтіпті. Содан бері бұл талай рет тексеріліп, сарапта­ма­дан өтті. Осының бәріне көзі жеткен Ресей ғалымдары үлкен ғылыми жаңалық ашыл­ды деп мойындап отыр, – деді академик Кенжеғали Сағадиев.
Титан, оның сынықтары мен үгітінділері күйіндегі ме­тал қалдықтарынан құнды қо­сындылар алуға болады. Қазір­гі кезде сынықтар мен үгі­тінділер күйіндегі титан қал­дық­тары бүкіл әлемде қорда­ла­нып қалған және олар іс жүзінде өңдеуден өткізілмеген. Аталған зерттеулер химия мен титан технологиясы саласында жаңа бағытқа жол салады. Тәжірибеде іске татымайды деп бағаланып келген сынық, үгітінді, ұнтақ күйіндегі титан қалдықтарын химиялық постэлекролиздік еріту арқы­лы титанның жаңа қосын­дыларын алуға жол ашылады.
Осылайша, бейстацио­нарлық токтармен поляр­лаудан кейін күкірт қышқылды және тұз қышқылды ерітін­ділердегі титанның өз бетімен химиялық еруінің жаңа құбы­лы­сы алғаш рет ашылып отыр. Осы жаңалық үшін авторларға Мәскеу қаласы Халықаралық ғылыми жаңалықтар мен өнер­та­быстар авторларының қо­ғам­дық академиясы төрал­қа­сының шешімімен арнайы дип­лом табысталып, ғалымдар Петр Капица атындағы алтын медальмен марапатталды.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: