Нағыз мотиватор – Қазыбек би

653
0
Бөлісу:

Заманауи сөзбен кестелер болсақ, қазақ журналистикасындағы бүгінгі брэнд-есім – Нұртөре Жүсіп. Брэнд-есімнің жазу стилі болса трэндке айналары қапысыз. Солай деп айтуға хақымыз бар. Шебер­лік дәрісіне қатысқан Еура­зия ұлттық университеті жур­налистика және саясат­тану факультетінің студент­тері­мен кездесуге даярлығы тыңғылықты екен. Тыңдау­шы­лар – журналистика, баспа ісі, PR мен саясатта­ну­ға маманданған өрендер. 

 

Қаламгер әңгімесінің әлқисса­сын кітап оқу мәдениетінен баста­ды. Ой зердесінде бүгінгі студент пен кешегі студенттің келбеті. Жиі қозғалар мәселе – кешегі буынның кітапқұмарлығы, бүгінгі ұрпақтың интернетке икемделуі. Көптің көке­йін­дегі сауалға қонақтың жауабы бөлекше шықты: «Кітап оқу мәдениетін жоғалтып алғаны­мыз рас. Бірақ ол қасиеттің қайта түлейтініне сенемін. Әлемді жиі аралаймын. Еуропада қоғамдық орынның әр тұсында кітап, газет оқып отырған адамды көзім шал­ды. Шетел халқымен араласқа­нымда сұрап білгенім, олар да кезінде кітап оқу мәдениетін жоғалтып алған кезеңді бастан өткерген. Бірақ кейін бұл мәде­ниет­ті жаңғыртқан. Кітап дүкен­дерін, кітапханаларды жаңа фор­матта жұмыс істеуге көшіруге ықпал еткен. Адамдарды оқуға ынталандырған. Меніңше, біздің елде де қазір осы ынталандыру жү­ріп жатыр. Ендеше, оқу мәде­ниетін қайта қалыптасты­ра­ты­ны­мызға сенемін. Өйткені адамның дұшпаны кітап оқымаған адам».

 


Кітап оқуға келгенде ауызды қу шөппен сүртетін бүгінгі жастар­ға көңілі толмас деген ойымыз бекер екен. «Жастарға көңіліңіз тола ма?» деген сауал бағзыдан келе жат­қан классикалық сұрақ қой. Б.з.д. 399 жылы қайтыс болған Сократ «Жастардың тәрбиесі нашар. Олар байлыққа құмар. Басшысын келемеждеп, үлкенді сыйлауды білмейді, ата-анасын тыңдамайтын тілазар. Жастар бұзылған» дегенді қай заманда да айтып келген. Классикалық сұрақ­қа «толмайды» деген классикалық жауап беруге болады. Бірақ менің жастарға көңілім толады. Жастар – алғыр, елгезек, еркін елдің еркін ойлы ұландары. Көңілім толмай­тын тұсы болса, ең алдымен өзіміз­ге көңіліміз толмауы керек. Өйт­кені сол жастарды тәрбиелеген өзіміз ғой. Дегенмен аға буынға қатыссыз да жайт бар. Соған көңі­лім толмайды. Ол – жастардың ұмыт­шақтығы. Қазір оқыған нәрсе­сін қазір ұмытатыны. Ол да бір заманның бүгінгі болмысы. Осындайда «Қырымның қырық батырын» жатқа соға жырлайтын баяғының Мұрын жырауы еске түседі. Не деген жады, ә?!».

 


Қалам ұстаған жастарға бағыт-бағдар берген қаламгер үйретуден жалық­пайды. «Жазудан жалық­паң­дар. Мықты журналист жаз­ғанда өзін аямай жазуы керек, мол жазуы керек. Сонда ғана өзіндік стил­дерің қалыптасады. Амери­калық әлемге әйгілі жазушы, журналист Джек Лондонды бәрің білесің. Сол кісінің алғашқы кіта­бын баспа­да­ғы­лар 600 рет қайта­рып тастап отырған екен. Бірақ ол сонда да беті қайтпаған екен. Мұн­дай қайсарлық, жанкештілік сіздерге де тән болсын. Сонда ғана журналистік машық­тарың ұштала­ды, өрелеріңіз өседі. Екінші бір айтарым, танымал адамдар туралы досье жинауға әдеттеніңдер. Ол жүйелі түрде болуы керек. Досьеге қарап оты­рып, терең талдау жазуға машық­та­ның­дар. Досье ол бір мәлі­меті мол дереккөз ғой. Ауқым­ды, іргелі іспен айналысуға жүрек­сін­беңіздер. Жас кезде батыл бо­лы­ңыздар. 13 жасын­да елге билік етіп, төрелігін айтқан Қазы­бек би қаперде болсын. 13 жасында ол Тайкелтір би бастаған қазақ елші­лері құрамында қалмақ ханы Қонта­жыға барып, батыр­лы­ғымен, шешендігімен көзге түскен. Моти­ва­цияны көп айтасыңдар ғой. Нағыз мотиватор – Қазыбек би» деп жол сілтеді.

 


Елбасы кітапханасында қалам­гермен болған 2 сағаттық кезде­су зу ете өте шықты. Әңгіме­нің тағылымына шөліркеген шә­кірт­­тердің «тағы да айта түссе екен» деген сұраулы жүзінен аң­ғардық. Кездесуге азсынған сту­дент­терге қалған айтар сөзді кіта­бынан іздеуді ұсынды. Сөйтті де автор өзінің «Мың құмырсқа және біз» көсемсөз еңбегін кітап­ха­на қорына және үздік сауал қой­ған студентке тарту етті. Сту­дент Пери­зат Сағантай: «Алған әсе­рімді айтып жеткізу қиын. Әсі­ресе, қаламгер ағамыздың «қан­дай маман иесі болса да, бастысы кәсіби маман болу, жақсы адам болу – міндетің» деген сөзі бізге қанат бітіріп, шабыттан­дыр­ды. Өне­ге болар сөздерді түртіп алып отыр­дым» деген ойымен бөлісті.

 

Қанат ӘУЕСБАЙ,
Елбасы кітапханасының аға сарапшысы

Бөлісу: