Теңіз жыршысы

457
0
Бөлісу:

Ұлттық құндылық­тары­мыз­дың ортасынан өзінің орнын ойып алған күрделі де көркем шығармалар­дың авторы Әнес Сарай­дың оқырманы, шынында да, көп. Оның бағзы тарих­­тың қатпарын қопа­рып, ғылыми ойдың тай­қа­за­нына салған шебер­лі­гіне қалың оқырманы және қанық. Күні кеше Ұлт­тық академиялық кітап­ханада жазушының алтын көмбенің есігін аш­қан тағы бір тың туын­ды­­­сының тұсаукесері өтті. 

«Еділ-Жайық» роман три­ло­гия кітабы 1919-1920 жыл­дар арасын қамтитын, құжаттық-деректілік негізде жазылған шығарма. Ол «Ұлу аралы», «Еділ-Жайық», және «Мұз кешу» атты үш кітаптан тұрады. Басты кейіп­керлері өмірде болған адам­дар. «Ұлу аралы» романында Ахтан Мұхамбедиев, Ізбасар Жане­кенов, Қажығали Жақын­баев­­тардың қиын-қыстау тағды­ры баяндалады. Автор бұл кітабында Оралға арналған шайқас туралы тарихи деректерді жазады.
«Еділ-Жайық» трилогиясы – дәуір жүгін көтеріп тұрған шығармалар. Теңіз жағасында қанатын қатайтқан жазушының бұл тақырыптағы алғашқы әңгімесі 1963 жылы «Дауылда» деген атпен жарық көрген. Содан бастап жарты ғасырдан астам уақыт осы «Еділ-Жайық» трило­гиясына дейінгі барлық шығар­ма­лары теңіз тақырыбына арна­лып келді. Жазушының өз заман­дастарының арасында «теңіз жыршысы» атанып кетуі тегін емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін жазылған бұл тарихи туындылар­дың автордың өзге шығармалары­нан өзгешелігі көп. Трилогия кейіпкерлері «Жан берсек те жер беруге болмайды» деп, ХХІ ғасыр­дың жастарын елді, отанды сүюге шақырады. Саңылауы бар санаға ұлттық құндылықтардың қасиетін ұғындырады.
«Еділ-Жайық» трилогия­сы­ның тұсаукесер рәсімінде сөз алған жазушы Төлен Әбдік: «Тарих деген идеология емес. Идеология бір бөлек. Тарих бір бөлек. Тарих деген өмірде не болды, сол. Оның ішінде кемші­лік­теріміз болуы мүмкін. Тарих­тың артықшылығы – ертең халық өзінің кеткен кемшілігін қайтала­мауға тырысады. Сол үшін керек. Әртүрлі тарихи жағдайдан халық ұялмау керек, одан тек сабақ алу керек. Әнекең осы тарихқа тари­хи шығарма деп қана қарайды. Әсіресіз, бұрмалаусыз баяндай­ды», – деді.
«Әнес Сарайдың қазақ тарихы туралы, оны сонау көк түркілерден қозғап, Ноғайлы жұртының шежі­ре­сін баяндаған еңбектері өте құнды. Бұл кісінің еңбекқор­лығы ерекше. Оның жазған шығармаларынан ұлттық рухтың самалы есіп тұрады», – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Сондай-ақ отырыста бар өмірі тек еңбектенуден тұратын жазу­шы­ның бұл қасиетін аузына алма­ған жазушы болмады. Шара­ға қаламгердің жары, белгілі журна­лист, жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрах­ма­нов, академик Ғарифолла Есім, жазушы Сұлтан Оразалин, Қуа­ныш Жиенбай қатысып, лебізде­рін білдірді.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: