ҰТҚЫР ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ ЕДІ

434
0
Бөлісу:

Биылғы 1 желтоқсан жазиралы Жаркент жерінің тарихында ерекше есте қалатыны сөзсіз. Тұңғыш Президент күні қаланың қақ ортасындағы саябақта Орбұлақтағы Жеңістің 375 жылдығына арналып кере­мет мемориалды кешен ашылды. Сәулетті де сәнді. Асқақ та айбынды. Аты қандай сәтті қойылған, «Ұлы Жебе»! Облыс әкімі А.Баталов, Мәжіліс депутаты Қ.Сұлтанов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Б.Нұрже­ке­ұлы бастаған бір топ зиялы қауым өкіл­дері лентасын қиып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан­дық мәдениет үйінде ғылыми-теориялық конференция өтіп, көрнекті тарихшылар келелі баяндама жасады. «Қасиетті Орбұлақ» атты кітаптың тұсауы кесіліп, Б.Римо­ва атындағы облыстық драма театр Орбұлақ шайқасы туралы спектакльдің премьерасын көрсетті. Аймақтық тарихи-танымдық «Орбұлақ» газетінің арнайы шығарылған нөмірі таратылды. Аста-төк ас беріліп, батыр бабалар рухына құран бағышталды.

Мұндай тойлар, әрине, тарихи-танымымен һәм тағы­лымымен құнды. Бұл тұрғы­дан таразылағанда бәрі дұрыс секілді. Мерейтойлық шаралар кезінде бабалар ерлігі туралы мейлінше жеткілікті айтылды. Оны індете зерттеп, дерегін тап­қан, ел-жұртқа паш етіп, кеңінен таныт­қан қайрат­керлер де барын­ша құрметтелді. Бұған артатын еш өкпеміз, қоятын титтей де кінәміз жоқ. Майдан қыл суыр­ған­дай аса ыждаһат­ты­лық­пен, өте төзімді­лік­пен атқа­рыл­ған ұлан-асыр зерттеу, анық­тау, дәлелдеу тақы­лет­тес ғылыми-сарапта­ма­лық істер өте лайықты бағаланды.
Дегенмен осы орайда әлі де олқы соғып тұрған тұстарымызды толтырып, той тағылымын түген­дей түскен жөн тәрізді. Бұл жерде тілге тиек еткелі тұрғанымыз – ресми құжат бойынша негізделіп, қара­пайым бұқарадан – жоғары билік эшалонына дейін толық қуаттал­ған «Орбұлақ жеңісінің» осыдан жиырма бес жыл бұрын алғаш рет аталып өткен 350 жылдық мерей­тойы туралы ой.
Иә, сол 1993 жылы республи­ка­лық деңгейде мерейтой өткізу туралы үкімет қаулысы шықты. Ендігі кезек – қағаз жүзіндегі құ­жат­ты іске асыру. Ал бұл міндетті орындау алдыңғысынан да ауыр болмаса, оңай емес. Ойлаңыз, Одақ тарап, «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» тараған шақ. Шаруа шатқаяқтап, кез келген саланың сиқы сұйыла бастаған. Оның үстіне «тас түскен жеріне – ауыр» демекші, барлық сал­мақ «Орбұлақ» орын тепкен бір ғана Панфилов ауданының иығы­на жүк­телген. Бұдан асқан жауап­кер­­ші­лік, бұдан биік сенім бар ма?! Енді, қайтпек керек?
Қаншалықты қиын болса да қиюын тауып, қисынын келтіріп мерейтойды өз деңгейінде өткізу керек. Ал осынау ұлы ерлік орын алған жерде оған арналған ұлан­ғайыр шараны ұйымдастыра ала­тын, сөйтіп ғасырлар бойы бо­дан­дықтың бұғауында бұққан халқымызға соны серпін, тың рух сыйлайтын «бүгінгі бейбіт заман­ның батыры» бар ма?
Шүкіршілік, бар екен! Үміт ақталды, сенім сетінемеді. Есіл ерлер шыққан өлкеде еміренген елін елеулі шараны жүзеге асы­руға жұмылдыра білетін, туған ел мен туған жер дегенде жүрегін жұ­лып беруге әзір ел ағасы та­был­ды. Ол сол тәуелсіздігіміз тәй-тәй басқан тұста Панфилов ауданының тұңғыш әкімі болған, өзі туралы кітапқа берілген атына заты сай «Орбұлақтың өр ұлы» атанған Әділшайық Ыбыраймол­даев еді.
Әдекең жаратылысынан ең­бек­­қор Жаркент жұртын жарты әлем назарын тіккен үлкен ме­рей­­тойды ұйымшылдықпен өткі­зуге аса ізденімпаздықпен ұйыт­қы болып, іскер басшылық жасай білді.
Бүкіл Алты Алаштың азамат­тары қатысқан аталмыш тойдың құндылығы сонда, біріншіден, мұнда бүгінгі ұрпақтары өздерінің келешегі үшін қасықтай қаны қал­ғанша шайқасып, жанын құр­бан еткен хас батыр бабалары­мыз­дың рухына тағзым етті. Екіншіден, енді ғана егемендік алған ұлтымызға бұл шара зор рух, тың серпін берді.
Сол кездегі Қазақстанның Премьер-министрі Сергей Тере­щенко салтанатты жиналыста қазақша сөз сөйледі. Халқымыз­дың қалаулы ұлы, Президенттің кеңесшісі Әбіш Кекілбай асқан шешендікпен ақтарыла сөйлеп, күллі көпшілікті тіптен тәнті етті.
Мерейтой кезінде еліміздің ең бір таңдаулы ұл-қыздарының таба­ны тиді бұл топыраққа. Олар­­дың арасында көрнекті ком­­по­зи­тор, сол кездегі Мәде­ниет ми­нистрі Еркеғали Рахма­диев, аты аңызға айналған ақын апа­мыз Фариза Оңғарсы­нова, жан­кешті май­дангер жазушы Қалмұқан Иса­бай, Халық қаһар­маны Ба­қыт­жан Ертаев, мемле­кет қайрат­кері Гүлша Тәңірберге­нова, тағы басқа да танымал тұлғалар болды.
Айрықша атап өтер тағы бір мәселе: ата-бабамыз асқан ерлік көрсеткен бұл жерде Қазақстан Қарулы Күштері сардарлары мен сарбаздары ерекше белсенділік танытты. Сол кездегі Қорғаныс ми­нистрі, Кеңес Одағының баты­ры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтың тікелей өзі бас­қарған әскерилер мерейтой­дың салтанатын жауынгерлік ат­ри­буттармен тіптен арттыра түс­­ті. Ықылым заманнан бері мүл­гіген тау арасын бейбіт өмірде атылған қызылды-жасылды сал­ют­­т­ер дүр сілкіндірді. Бұрынғы батырларша киінген азаматтар­мен қатар қазіргі заманғы сарбаз­дар бір сапта тұрып, ұрпақ сабақ­тас­тығын барынша әсем бейне­леді.
Әдекеңнің осыншалық орасан зор шараны ұткырлықпен ұйым­да­стыра алуы тегіннен-тегін емес еді. Ол қашан да баршылыққа таспайт­ын, жоқшылықта саспай­тын. Қандай істің болсын күр­ме­уін тез шешіп, айналасын­да­ғы­ларды ортақ ізгі мақсатқа жұмыл­дыра білетін. Қажет кезінде ақы­рын айтып та, батырып айтып та сөзін өткізетін. Шенділермен шеңдесе, бұқарамен біте қайна­сып қызмет ететін… Тіпті есімі елге әйгілі ғалымдар мен тілімен құс қайырған ақын-жазушы­лар­дың өзі Әдекеңнің білімі мен білігін, парасаты мен сұңғыла­лығын қапысыз мойын­дайтын. Оның қайрат­кер­лігінің шарықтау шыңы, әсіресе, сол бір тәуел­сіздігіміздің таңы атқан алғашқы кезеңде айқын аңға­рыл­ды. Елді егіншілікке, оның ішінде ең қажет­тісі – бидай егуге бейім­деді. Өзі де дамыл таппай, қара­ма­ғындағы шаруашылық басшы­ларына да тыным көрсетпей, ел қамы жолындағы игілікті іске жұмыл­дырды.
Жаркент жеріне берілген «Еркін экономикалық аймақ» мәртебесінің артықшылығын пайдалануда да өзінің тапқыр­лығы мен іскерлігін мейілінше молынан қолданды. Қолда барды ұқсатуға тырысып, Жаркент жерінде көтерме базар салғызу арқылы аудан бюджетіне қыруар қаржы құйды. Аудан аумағы арқылы күн сайын ары-бері ағылып өтіп жататын жүздеген автокөліктің экологияға тигізген кері әсерінің өтеуін қайтаруды да қадағалады.
Алматы, Талдықорған секілді қалаларда озат оқып жүрген жаркенттік студенттерге ауданнан шыққан атақты өнер, білім, ғылым, еңбек майталмандарының атында шәкіртақы тағайындатып берді. Жылына екі рет мереке кезінде арнайы автобустар жіберіп, оларды ауылына тегін тасымалдауды ұйымдастырды. Қазіргі күндері егемен еліміздің түпкір-түпкірінде әр салада қыз­мет етіп жүрген бір кездегі сол бозбалалар мен бойжеткендер бүгінде ел ағасының әкелік қам­қор­лығын тамсана еске алады.
Әдекең үлкенге қандай ізетті болса, кішіге де соншалықты қамқор еді. Оларға сенім артып, жігеріне жігер, қайратына қайрат қосатын. Оның қамқорлығымен, шыңдауымен ширап өскен бірта­лай азамат кезінде бір-бір меке­ме, шаруашылық, округ, аудан­ды басқарған. Қазір алды министр­лікте, қалғандары әр алуан деңгейдегі іс басында тізгін ұстап отыр.
Іс барысында айбарлы Әдекең жайшылықта өте жайдарлы еді. Сөз саптауы, сөз мергендігі өзін­ше бір өзгеше болатын. Табан астында тауып айтқан мірдің оғындай өткір, ойлы да отты, шоқша қарып түсетін тапқыр да күлкілі сөздері ел арасында әрқа­шан ауыздан-ауызға көшіп жүретін. Қарапайым халықтың оны қатты құрметтейтіні сонша­лық, Ескелді ауданындағы «Заря ком­мунизма» кеңшарында ди­рек­­тор болған кездегі оның көзін көріп, еңбегін бағалаған ел-жұрт ауылдарынан бір көше­нің атын беріпті. «Жақсы­ның жаттығы жоқ» деген осы болар, сірә! Өзі тұң­ғыш әкім бол­ған аудан орта­лығы –Жаркент қаласының үлкен бір көшесі және Көктал ауылының орталық кө­ше­сі де ол кісінің есімімен ата­ла­ды.
Көзі тірісіндегі келелі ісі, ке­мел қалпы қазір де көмескі тарт­пай, қайта оның кісілік келбетін одан ары көріктендіріп келе жат­қа­нына мұндай мысал өте көп. Соның бастысы да бірегейі – жо­ға­рыда атап өткен «Орбұлақ» тойындағы орасан зор ұйымдас­ты­рушылық ұтқырлығы, қайрат­кер­лік қарекеті. Осы Ұлы Жеңіс­тің күні кеше ғана атап өтілген 375 жылдық мерейтойы шеңбе­рін­де Әдекеңдей ердің есімін тағы бір рет еске түсіріп, ерен ең­­бегін ерекше атап өткенді жөн көрдік.

Тоқтарбай КЕРІМҚҰЛОВ,
«Қазсушар» мекемесінің Алматы филиалы
Панфилов өндірістік учаскесінің басшысы

Бөлісу: