КӨКЖИЕКТІ КЕҢЕЙТУ

458
0
Бөлісу:

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи сананы жаңғыртудың негізгі басымдық­тарына баса мән берілді. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, жас ақын-жазушылар арасында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын жариялады. «Проза», «Поэзия», «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериал сценариі», «Публицистика» және «Балаларға арналған шығарма» сияқты бес аталым бойынша  белгіленген байқаудың басты мақсаты – рухани жаңғыру идеялары мен құнды­лықтарын дәріптейтін қазіргі заманғы қазақ­стандық әдебиетті дамыту және соған қолдау көрсету.

«Нұр Отан» партиясы Төраға­сы­ның бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың бұл баста­масы жас әдебиетшілер тарапынан жақсы қолдау тапты. Байқаудың басты мақсаты – еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын сурет­тейтін, қазіргі заманғы шындықты түсінуге және қазақстан­дық­тар­дың дүниетанымын қалыптасты­ру­ға ықпал ететін талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олардың еңбегіне лайық баға беру.
Сыншы Амангелді Кеңшілік­ұ­лы әлеуметтік желідегі парақша­сында: «Халқының саны 6 мил­лион­ғ­а да жетпейтін Норвегия мемлекетінің үш қаламгері ХХ ғасыр басында, айналасы 30 жыл­­да әдебиет саласындағы Но­бе­­ль сыйлығын еншіледі. Олар – драматург Бьернстано Бьерн­сон, жазушылар Кнут Гамсун мен Сигрид Унсет. Дегенмен бүгінгі күннің қалың оқырманына атағы жер жарып тұрған марапатты алған қаламгерлердің ішінен тек Кнут Гамсунның аты мен шығар­малары ғана жақсы таныс. Мүлде жаңа прозаның негізін қалаған суреткердің «Ашаршылық» атты романын көзіқарақты оқырман­ның бәрі де жақсы біледі. Фашис­тік Германияға бүйрегі бұрғаны үшін ұзақ жылдар бойы шығар­ма­ларын оқуға тыйым салғанына қарамастан, Кнут Гамсунның есімі әдебиет тарихында алтын әріппен жазылып қалды», – деп жазыпты.
Үш бірдей Нобель сыйлығына қол жеткізген осы норвег де­ген – ат төбеліндей ғана халық. Отыз жылдың ішінде бұл елдің қол жеткізген әдеби табысы осын­д­ай үш сыйлықпен баға­ла­нады. Біздің қазақтың басқаға таласы аз болса да, сөз өнеріне деген таласы зор. «Өнер алды – қызыл тіл», «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деген нақылды білмейтін қазақ жоқ.
Ақыры: әлемнің озық 30 елінің қатарына қосыламыз деп ұмтылып жатырмыз; алға кеткен елдердің технологиялық табы­сына ортақтасқанымыз болмаса, өз бетімізше керемет жаңалық ашып жатқанымыз жоқ; ғылым-бі­лім саласында оған қол жеткі­зуі­міз де неғайбыл сияқты, осы­ның бәрін таразылай келген­де, бәлкім бізге оң жамбасымызға келетін осы сөз өнерінің сайысына шындап бет бұру керек шығар.
Қажыр-қайратты, ақыл-пара­сатты, мақсат-мүддені негізінен әдеби өрісіміздің көкжиегін ке­ңей­туге бағыттасақ, қалай бо­лар еді?!. Ұмтылсақ, ұтылмай­тын сияқты­мыз!..

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: