ШЕНЕУНІК ӘДЕП САҚТАЙ МА?

628
0
Бөлісу:

Мемлекеттік қызметі мінсіз, мемлекеттік қызметкері адал ел жедел дамиды. Сондықтан әлем елдері мемлекеттік қызмет жүйе­сінің тиімділігін арттырып, мемле­кеттік қызметкерлердің мораль­дық бейнесін жақсартуға ден қойып отыр. Ал біздің елдегі мем­қызметкерлер бейнесі қан­дай? Олардың халықпен қарым-қатынасындағы әдебі туралы жылы сөзден гөрі, беделін түсірер бейнежазба неге көп? Мемқыз­мет­­керлер мәселесін қарайтын Әдеп жөніндегі кеңестен қайыр бар ма? Осы және өзге сауалдарға жауап іздедік.

Әуелгі әңгімені шетел тәжірибесінен бастасақ, бірқатар елдерде мемлекеттік қызметкердің әдебін қалыптастырумен тұтас институттар айналысады. Мәселен, АҚШ-та Америкалық мемлекеттік басқару қоғамы мемлекеттік басқарудың әдістері мен шеберлігін шыңдаумен айналысса, Үкіметтік этика бюросы елдегі әдеп нормаларын түзеді. Бұл елде­гі мемлекеттік қызметкердің қаржыны заңсыз жұмсауы этика бұзудағы ең үлкен қылмыс саналады. Қылмыстың бұл түрі Әділет министрлігі, Федералдық бақы­лау қызметінің бақылауында.
Францияда әдеп мәселесіне жауапты Коррупцияның алдын алу жөніндегі орталық басқарма, Шарттар мен құқық­тық келісім жөніндегі министрлераралық инспекция комиссиясы, сондай-ақ Этика жөніндегі жоғарғы кеңес бар. Данияда мемлекеттік қызметтегі этика мәселесімен Қаржы министрлігі айна­лысады екен. Себебі, аталған министрлік мемлекеттік қызметкерлер­дің жұмыс берушісі саналады. Англияда мемқыз­меткердің этикасына мемлекеттік қызметке тағайындау министрі жауапты. Этика мәселесінде күрделі заңбұзушы­лық тіркелсе, онымен мемлекеттік ревизор мен полиция бюросы айналы­сады. Ал ішкі ережелер мен әдеп норма­ларын сақтауды әр ведомство өзі бақы­лайды. Себебі, Ұлыбританияда этика мәселесімен айналысатын бірыңғай орган жоқ. Мемлекеттік қызмет стан­дарты жөніндегі комитет қана жал­пы­лама қадағалау жасап, үкіметке ұсыным береді, жылына бір рет мемқызметкерлер әдебі туралы баяндама дайындайды.

Мемлекеттік қызметкер әдепті ме?
Біздің елде мемлекеттік қызмет­керлердің әдебін бақылау Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жүк­телген. 2016 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлердің тәртібі тәртіптік ке­ңес­терде қаралатын. Президенттің
2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жар­лығымен мемлекеттік қызмет­ші­лердің Әдеп кодексі бекітілген соң, Тәртіптік кеңестің негізінде Әдеп жөніндегі ке­ңестер құрылды. Әдеп жөніндегі уәкіл­дер мен Әдеп жөніндегі кеңестердің жұмысын мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы заңдардың, заңда қарастырылған мемлекеттік қызмет­шілер мүдделерінің сақталуына жүйелі түрде бақылау жасайтын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үй­лес­тіреді. Аталған агенттіктің Мемлекеттік қызмет сала­сын бақылау департа­мен­тінің ди­рек­торы Равиль Тюлебаевтың айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік қызмет­керлер тарапынан заң бұзу фактілері екі есе азайған.
– Өткен жылы агенттік пен оның өңірлердегі департаменттері мемқызмет саласындағы заңдардың орындалуына 1 097 тексеру жүргізді. Егер 2017 жылы 18 363 заң бұзу дерегі тіркелсе, 2018 жы­лы бұл көрсеткіш 8 849-ды құрады. Аймақтар арасында Маңғыстау, Сол­түстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстарында заң бұзу айтарлықтай азайды. Сонымен бірге агенттік қыз­метіне деген сенім мен заңсыздыққа төзбеушілік индексі де көтерілді. Агент­тікке құқын қорғау үшін жүгінген 540 азаматтың шағымы соған дәлел. Осы шағымдарды қарау кезінде 282 аза­маттың құқы қалпына келтірілді. Агент­тік пен оның аумақтық депар­та­менттері қабылдаған шаралар нәтиже­сінде 607 (2017 жылы – 789) мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді Равиль Тюлебаев.
Оның айтуынша, Әдеп кодексі де, әдеп жөніндегі уәкіл институты да өзі­нің қажетін дәлелдеді. Бұған уәкілдерге келіп түскен өтініштердің соңғы екі жылда 25 есе көбеюін дәлелге келтіреді. Егер 2016 жылы уәкіл кеңесіне 445 аза­мат жүгінсе, 2018 жылы 11 866 адам өті­ніш тастаған. Осы өтініштердің ішін­де уәкілдерге мемлекеттік қыз­мет­шілер тарапынан 809 шағым түскен. Осы шағымдарды қарау барысында 199 адамның құқы қалпына келтіріліпті.
– Мәселен, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің әдеп жөніндегі уәкілі мем­лекеттік қызметшілердің жылына бір рет берілетін еңбек демалысына жәр­дем­ақы, сондай-ақ сыйақы алу құқын қалпына келтірді. Қостанай облысында әдеп жөніндегі уәкілдің жедел жұмы­сы­ның арқасында облыстық және аудан­дық деңгейдегі жекелеген мем­ле­кеттік органдар арасында әділ бөлінбей келген сыйақы мәселесі оңынан ше­шілді. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметтегі мүдделер қақтығысы дере­гіне де мониторинг жүргізеді және ол нәтижесіз емес. Мәселен, Павлодар облысындағы мемқызметшілердің бірінің екі бірдей лауазымды қызмет атқарғанын анықталды. Жолаушылар көлігі басқармасының іс жүргізу инс­пекторы маршруттық желіні бөлу ко­миссиясына мүше, міне сол инспекторы Тасымалдаушылар қауымдастығының президенті лауазымын да қоса атқарып келген. Әдеп жөніндегі уәкілдің ұсыны­сымен ол инспектор мемлекеттік қыз­метінен босатылды, – дейді Р.Тюлебаев.

Уәкіл тәуелсіз болуы керек пе?
Агенттік дерегіне сүйенсек, бүгін­дері елімізде әдеп жөніндегі 764 уәкіл жұмыс істейді, оның 29-ы дербес мәр­тебеге ие. Қалғандары әдеп жөніндегі уәкіл қызметін негізгі қызметіне қоса атқарады. Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов әдеп жөніндегі уәкілдер тәуелсіз болуы керек деген пікірде.
– Мемлекеттік қызметкер мен бас­қа сала өкілдерінің арыз-шағымын, мұң-мұқтажын тыңдайтын адам бол­ғаны жөн. Дербес мәртебесі жоқ, яғни басқармалардағы уәкілдер сол құры­лымдағы басшыларға бағынатын­дықтан, олардың осалдығы білініп қалады. Әдеп жөніндегі уәкілдер өзі қызмет ететін құрылымға тәуелсіз болса ғана нәтиже болады, сондықтан олар агенттікке ғана бағынышты болуы тиіс. Себебі, олардың жұмысы үшін агент­тік жауап береді. Ондай болмаған жағдайда уәкіл жалақысын төлеп отырған басқармадағы ішкі әдеп мәселесін қарауда басшыдан асып кете алмайды, – дейді.
Ал сарапшы Айбол Арынғазинов әдеп жөніндегі уәкілдер үшін агенттікте жеке штат ашудың қажеті жоқ деп санайды.
– Әдеп жөніндегі уәкіл үшін қандай да бір штат бірлігін енгізудің қажеті жоқ. Шығыстарды арттырып, мемле­кеттік қызметкерлер санын көбейтудің не керегі бар? Біз ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Азаматтар мен мем­қыз­мет­керлер құқы бұзылса, оны өзі­нен жоғары тұрған Әдеп жөніндегі ке­ңеске жеткі­зудің түрлі механизмдері бар. Соны пайдаланса болды емес пе, – дейді ол.

Әдеп жөніндегі кеңестің қауқары
Әдеп нормасын бұзған мемқызмет­кер мәселесі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралады. Кеңес құрамында мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мем­лекеттік органдар басшылары кіреді. Әдеп жөніндегі кеңес мүшеле­рінің са­ны тақ әрі кемінде 7 адамнан құралады. Өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңестер 160 отырыс өткізіп, 1 207 мәселені қараған. Агенттік дерегіне сүйенсек, 2015 жылдан бері мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін қылықтар 52 пайызға азайған: 2015 жылы 746 мемқызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, былтыр бұл көрсеткіш 353 адамды құраған. Мемқызметшілер арасында теріс мінез-құлық көрсету, мәселелерді шешу кезінде өзінің материалдық мүд­десін қанағаттандыру үшін лауазымдық қызметін пайдалану, сондай-ақ қызмет­тік автокөлікті жеке мақсатына пайдалану азайыпты.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қараған бір мәселеге тоқталсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігі Агоро­өнер­кәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспек­ция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақ­тық инспекциясы жетекшісінің орынбасары мемлекеттік қызмет­кер­лер­дің Әдеп кодексі нормасын сақта­мағаны үшін, яғни, қол астындағы қызметкері – жұмысшы инспекторға дөрекі сөйлегені үшін Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен мемлекеттік қызмет­тен босату туралы ұсыным жіберілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы міндетін атқару­шы­ның бұйрығымен ол көп ұзамай қыз­ме­тінен қуылған. Жалпы, аталған кеңестің қауқарына сенген жұрт мемлекеттік қызметкерлердің дөрекілігіне кеңеске шағым жазу арқылы «жауап» беріп жатыр.

Әдеп кодексіне қайта оқытудың қажеті бар ма?
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мем­лекеттік қызметшілерге Мемлекет­тік басқару академиясы мен оның фи­лиал­дарында әдеп құндылықтарынан дәріс оқиды екен. Ал әдеп жөніндегі уәкіл жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне әдеп нормаларын сақтау, заң талаптарын бұзбау жөнінде семинар өткізеді. Әдетте мұндай семинарларда әдепсіз мінез-құлықтың алдын алу үшін мемлекеттік қызметкерлерге қо­йы­латын талаптардың күшейгені сөз болады. Оларға жұмыс барысында, демалыс күндері қонаққа барғанда немесе табиғат аясында демалғанда әдеп сақтау керегі ескертіледі. Себебі, «бұқара халық сендерден үлгі алып, соларға қарап бой түзейді» дейді.
Біз мемлекеттік қызметкерлерді әдеп сақтау мәселесінде бұрышқа тақап жіберген жоқпыз ба? Мысалы, АҚШ-та мемлекеттік қызметкер орындықта аяғын айқастырып отыра береді, тіпті үстел үстіне шығып алса да, әдеп бұзған саналмайды. Ал біз мемлекеттік қыз­мет­керлердің еңбек демалысында шет­елге барып демалғанда түскен фото­су­ретін жариялауға да рұқсат етпейміз. Бұл талаптар мемлекеттік қызметкер болуға деген ынтаны шайып жібермей ме?
– Мемлекеттік қызметкерлер қазір пышақтың жүзінде жүргендей күйде. Өйткені олардың жұмысы мен өмірі жан-жақты бақылауда: әдеп жөніндегі уәкілдер мен кеңестердің бақылауы аздай қоғамдық бақылау бар, БАҚ өкілдері – сіздер де олардың объективте ұстайсыздар, яғни, оларды бақылаудың түрлі инструменттері бар. Бұл біздің қоғам үшін қажет те болар, бірақ уақыт өте келе, еуропалық, америкалық фор­матқа жақындағанда ондай қажеттілік өз-өзінен қалады деп ойлаймын. Мем­лекеттік қызмет туралы заңда мем­ле­кеттік қызметкердің мемлекеттік қыз­мет­ке түсе отырып, қандай да бір шек­теулерді қоса қабылдайтыны анық жазылған. Демек мемлекеттік қызметке келгенде қызметкер сол талаптармен саналы түрде келіседі, – дейді Айбол Арынғазинов.
Мемлекеттік қызметтегі басшы­ларға да қол астындағы қызметкерлер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы міндеттелген. Қол астындағы қызметкерге қатысты негіз­сіз айыптауға, қадір-қасиеттерін қор­лауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қыз­меттік жағдайын пайдаланбауы – мұ­ның барлығы Әдеп жөніндегі кодексте де, салалық заңда да бар. Ал соны оқып, санасына сіңіріп алуға мемлекеттік қызметкерлердің білімі жетеді. Әрі-беріден соң мемлекеттік қызметке Әдеп кодексін білетін адам ғана қабылданады ғой. Олай болса, мемлекеттік қызмет­кердің алтын уақытын алып, білетін нәрсесін қайта сұраудың қажеті бар ма? Біздің бұл сұрағымызға заңгер Марат Ба­шимовтің берген жауабы былай болды:
– Психологтар журналистер бір ақпа­ратты 5-6 рет қайталаса ғана қо­ғамға әсер етеді дейді. Өзім де заңдарды есте сақтау үшін бірнеше рет қайталап оқып жүремін. Бәрін білетін адам бол­майды. Өз басым ондай дәрістер керек деп санаймын, – дейді. Оның жас әріп­тесі Айбол Арынғазинов та осы пікірде.
– Дәрістер мен семинарлар про­фи­лактикалық шаралар ғой, мемле­кет­тік қызметке емтихан тапсыру алдын­да кодексті жаттағанымен, кейін ұмытып қалуы мүмкін. Оның үстіне, ­мем­­қыз­мет­кердің кодексті қайталап қарап оты­ратын уақыты болмауы мүмкін. Ал се­минар кезінде уақыт бөлуіне ­мүм­кіндігі болады. Сондықтан сы­байлас жем­қор­лыққа қарсы нор­малар мен эти­ка жө­нін­де қызмет­кер­лердің есіне салып тұру­дың артықтығы болмайды, – дейді.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу: