Геннадий Головкин жаңа телесеріктес тапты

683
0
Бөлісу:

Орта салмақта әлемнің экс-чемпионы Геннадий Головкин жаңа телесеріктес тапқан сыңайлы. Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, жақын арада Головкин әйгілі DAZN стримингтік сервисімен келісімшартқа отырғанын жария етеді.

«Де Ла Хойяның жақын арада Головкин-«Канело» триологиясы туралы жасаған мәлімдемесі бір нәрсені ғана меңзейді. Яғни, жақын арада GGG DAZN-мен келісімшартқа қол қояды. HBO телеарнасы бокс саласынан кеткеннен кейін Головкин бірқатар телекомпаниялармен келіссөз жүргізді. Анонс жақын арада жария болмақ. Өйткені Головкиннің рингке оралуына да аз уақыт қалды» деп жазады шетелдік басылым.

Бұған дейін әйгілі британиялық промоутер Эдди Хирн Головкинді DAZN компаниясымен келісімге келуге шақырған болатын. Былтыр Хирн стримингтік сервиспен құны миллион доллар болатын сегіз жылдық келісімшарт рәсімдеген. Аталған келісім бойынша сервис 32 бокс кешін қамтамасыз етуі тиіс.

Еске салсақ, Головкинді жеңгеннен кейін «Канело» Альварес осы DAZN сервисімен құны 365 миллион доллар болатын келісімшартқа отырған. Бұл келісім аясында былтыр желтоқсан айында алғашқы жекпе-жегін де өткізіп үлгерді. Осылайша, Альварес британиялық Рокки Филдингті айқын жеңіп, екінші орта салмақтағы жорығын сәтті бастады. Сөйтіп, үшінші салмақ категориясы бойынша белдікті иеленді.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: