ЖАРҚАНАТ – ҚҰС ЕМЕС, ал оның «ұясын» іздеп жүргендерді кім дейміз?

1678
0
Бөлісу:

Біреудің ақшасын оп-оңай, ұрмай-соқпай алып қою бүгінгі таңда бәзбіреулердің кәсібіне айналған ба дерсің. Кеңес одағы ыдыраған уақытта белең алған, бірден байып кету үшін жасалған айла-шарғылар әлі де көбеймесе, азаяр емес. Ол қақпанға түсетін де қарапайым халық.

Бастапқыда «алик, малик, шариктен» бастағандар халық­тың қалтасын қағатын небір түрлі ойындар мен қаржылық пирамидаларды түзді. «Ауызы күйген үріп ішуші» еді, олай болмады. Ел аман, жұрт ты­ныш­та қанша ақшасынан айы­ры­лып жатса да, осындай алаяқтардың құрған қақпаны­на түсіп, соңғы тиынына дейін өз қолымен апарып беретіндер жетіп-артылады. Сондай айламен ақша жасау түрі 2014 жылы да шықты. Ғаламторда «1952-1957 жылдары шыққан «Зил-Москва» тоңазытқыш­та­рын сатып аламын» деген жар­на­малар толып кетті. Дел­дал­дар осы тауарға 1000-10000 АҚШ доллары айнала­сын­да баға ұсына бастады. Тауарға қойылатын негізгі талап – тоңазытқыш есігінің тұтқасы тік орналасқаны жөн және мұздатқыш камерасы міндетті түрде жоғарғы оң жақ бөлігінде тұруы керек-мыс. Ескінің кө­зін іздегендер ауыл-аймақты ара­лап, қаладағы пәтерлердің есі­гін қағып кетті. «Зил-Мос­ква» тоңазытқыштарында та­би­ғатта сирек кездесетін, бәл­кім мүлдем кездеспейтін қы­зыл сынап бар көрінеді, оның бір түйірінің өзі миллион дол­ларға бағаланады. Онымен қоса, «агрегаттың мұздатқыш камерасына фреон орнына құйыл­ған сұйықтық ұялы теле­фондардың сигналын тұншық­ты­рады, тоңазытқыш­та кезінде құны бағаланбаған ядролық қару жасауға пайда­ла­нылатын қымбат металл бар» деген алып­қашпа әңгіме де тарады.
Осылай жарнамасын жақ­сы­лап тұрып жасаған алаяқ­тар­дың ойы жүзеге аса бастады. Алғашқы лекпен ауласындағы ескі тоңазытқыштарын сатып жібергендер кішкене болсын пайда тапса, делдалдар оны алып, екіншісіне сатты, ең со­ңында осыны ойлап тапқан­д­ар мол табысқа батты. Қаншама адам соңғы малын өткізіп, бас­қадан сатып алған тоңазыт­қы­шы керексіз темір-терсек бо­лып қалып, тақырға отырды. Ал алаяқтар осындай ойынды не­містің тігін машинасымен де жасады.
Артын суытпай, жақында осы айланың жаңа түрі де бе­лең алды. Бұл жолғы «жыр» – жарғанаттың ұясы. Көршілес өзбек елінде «табиғат қорғау­шы­­лар әлеуметтік желідегі алая­қ­тардың «мыңдаған дол­лар­ға жарғанаттың ұясын са­тып аламыз» дегеніне сеніп, осынау сүтқоректілердің өмір сүру ортасын жойып жіберу қау­пі туындап отырғанына алаң­даулы» деп жазды ca-news.org. Алайда Өзбекстандағы әлеуметтік желілерде жар­ға­нат­­тың ұясын өткізіп, 5-10 мың АҚШ дол­лары арасын­да табыс табуға бо­латыны жай­лы қызу пікірталас әлі күнге дейін жүріп жатыр. Ташкенттік «Живая пла­нета» жан­уарларды қор­ғау қоғамының белсендісі Ана­с­тасия Ташилова: «Осын­дай мәнсіз өтірік ақпаратқа сеніп, адамдар жарғанаттардың ұясын бұзып жатыр. Оларға сенбеңіздер, ол – алаяқтардың ойлап тап­қаны. Салдарынан сүт­қорек­тілер зардап шегіп жатыр», – деп шырылдауда.
Бұл жағдай бізде де бар. «Жарғанаттың ұясын арабтар мыңдаған долларға алады. Мен тауып алдым да, мол табысқа кенелдім. Міне, мынау – сол ұя» деп интернетке салған­дар­дың жарнамасына сенген жұрт қора-қопсыны, үй шатырын, таудағы үңгірлерді ақтарып кетті.
«Бұл не деген батпан құй­рық, айдалада жатқан құй­рық?» деп ойланып жатқан біреу болса-шы… Бұл іске тос­­­қауыл да қойылар емес. Біреу­лердің қалтасын ғана қа­ғып, әлдекімді байытып қойса жақсы, бұның арты табиғат балансын бұзып тынады. Өйт­ке­ні қыста ұйқыға кеткен жар­қа­нат қазір шошып оянса, көктем туа қайта «өмірге» кел­мей­ді. Ал жарқанаттікі деп бұзылған ұялар басқа, құрқыл­тай, қарлығаш сынды құстар­ді­кі болуы мүмкін. Бұған дәлел ретінде таяуда биолог маман­дар­дың жарқанатта ұя болмай­ты­нын, ол өзіне ұқсайтын тыш­­қан тұқымдас жәндіктер сияқ­­ты балалайтынын алға тар­тып, дабыл қаққанын алсақ та жеткілікті. Демек, олардың табиғатта атқарар өз миссиясы бар. Осыны ұмытпауымыз ке­рек. Әрбір айтаққа ере бер­ген дұрыс емес. «Аңқау елге арамза болып» жүргендердің қақ­па­ны­на түсе бермей, ойланып ба­рып қадам жасайтын уа­қы­ты­мыз әлдеқашан-ақ келмеп пе еді?!.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*