Шетелдік нөмір таққандар шектен шығып барады

2492
0
Бөлісу:

Батыс Қазақстан облысының аумағы тым көлемді болмаса да, Ресейдің Астрахан, Волгоград, Самара, Саратов, Орынбор секілді бес бірдей губерниясымен шектесетіні белгілі. Бұрыннан «ауылы аралас, қойы қоралас» бұл өлке-өңірлердің КСРО мемлекет ретінде жойылғаннан кейін сан салалы қарым-қатынасы сап тыйылмағанымен, біраз жыл әжептәуір бәсеңдеп қалған-ды. Ал Кеден одағы құрылғалы бері мемлекеттік шекаралардан әрлі-берлі өту көп жеңілдегеннен кейін алыс-беріс те күрт жанданып, барыс-келіс те тым жиіледі. Соның бір айғағы – соңғы жылдары батысқазақстандықтардың Ресейдің губернияларынан қолданыста болған автокөліктерді алып келу тым жиіледі. Әлгіндей темір тұлпарлар тіркеуден шығарылғанымен, ресейлік нөмірмен Батыс Қазақстан облысының аумағында тайраңдап жүр. Нақтырақ айтқанда, әңгіменің бәрі әлгіндей көлікті тақымына басқан батысқазақстандықтардың өздеріне барып тіреледі. Өйткені олар өздері тізгіндеген автоарғымақ еш жерде тіркелмегендіктен, жол жүру ережесін бұзуға тым үйір көрінеді. Ақ Жайық атырабы аумағындағы көптеген жол-көлік оқиғаларына түрткі болған ресейлік нөмірлі көліктердің лаңы аздай, енді оларға Армениядан әкелінген автоарғымақтар тізгінін ұстағандар қосылды.

– Былтыр облыс аумағында 385 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның басым бөлігі ресейлік нөмірлі көліктер салдарынан бол­ған. Жаңағы 385 жол-көлік оқи­ғасының кесірінен өкінішке қарай, 440 адам жарақат алып, 111 адам қаза тапқан. 2017 жылмен салыс­тырғанда жол-көлік оқиғалары кесірінен жарақат алғандардың саны кемігенімен, есесіне жарық дүниемен қоштасқандар саны көбейген, – дейді БҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполков­нигі Кенжебек Құспаев.
Ресейдің Самара облысының аумағындағы Тольятти шаһарында бұрынғы «Жигули», бүгінгі «Лада» автокөлігінің түр-түрін шығаратын Ресейдің аса ірі өндіріс ошағы орналасқан. Су жаңа көлікті қолы жеткен, жағдайы көтерген адам ғана алады, әрине. Ал Оралдың орыс-қазағының көбі Ресейдің көршілес облыстарында бірнеше жыл қолданыста болған темір тұлпарларды Батыс Қазақстан облысы аумағына енгізгенімен, жергілікті «пропискаға» тұрмай-ақ, Орал өңірінде ызғыта береді. Міне, иелері Қазақстанның жол жүру ережесін тым жиі бұзатын сол көлік құралдарын батысқазақ­стандық полицейлер қазақстандық заң талаптарына қайтсек бағын­дырамыз деп бас қатырып жүр­ген­де, енді жергілікті жұрт Арме­ния­дан әкелінген көліктерге әбден «же­рік» болып алды. Қазіргі кезде Арменияның нөмірімен Оралдың көшелерінде ойқастап жүрген жеңіл мәшине атаулы салақ қыз­дың шашындағы биттен көп бол­ма­са, аз емес-ау. Өйткені Қап тауы қой­науындағы елден көлік жет­кі­зу­ді кейбір жерлестеріміз кірісті кә­­сіпке айналдырып алған көрінеді.
– Күні кешеге дейін мініп кел­ген көлігімнің әбден тозығы жетті. Автосалоннан жаңасын сатып алуға қалта көтермейді. Отбасылы болған соң бірнеше жылға несие алғанды да жөн көрмедім. Қазір жұрттың бәрі арзан көлікті Арме­ниядан әкеліп жатыр ғой. Содан біреулерден ақысын төлесең, сол елге ертіп барып, көлік алып бе­руге жәрдемдесетін «делдал­дар­дың» телефон нөмірлерін сұрап алдым. Алғашында «Армения қайда, біз қайдамыз?» деп қорық­қам, соңынан тәуекелге бел будым. Әлгі адаммен хабарласып, қанша қаражатымның бар екенін, қандай көлік алғым келетінін айттым. Ол да өз еңбегінің бағасын жа­сырмады. Сөйтіп, 40-50 мың теңгені «көшбасшыға» беретін болып келістік. Өзім секілді ар­манындағы көлігін арзан бағаға алғысы келетін бауырларыммен бірге минивенге мініп, Арменияға аттанып кеттік. Жолшыбай кімге қанша сомаға қандай көлік керек екендігін біліп алған жолсерігіміз сол жақтағы әріптестерімен бай­ланыс ұстап отырды. Барған бойда әркімнің көздеген көліктерінің бірнеше нұсқасын дайындап қойыпты. Таңдағанымызды алып, есептесіп, елге қайттық. Бұрын қай­да, қанша жыл жүргенін біл­меймін, әйтеуір, сырты бүтін көлік алғанымызға біз де риза, діттеген жұмысымызды бітіріп, олжалы оралған делдал да разы. Енді қан­ша жыл кәдеме жарарын уақыт көрсетер, – дейді Бақберген есімді Оралдың байырғы тұрғыны.
Қазақстанда құрастырылған темір тұлпарлардың бағасы анау-мынау кісіге жалынан сипатпайды. Соның салдарынан Еуразиялық одақтың мүмкіндігін пайдаланып, Ресей, Қырғызстан, Армения се­кілді мемлекеттерден өз елімізге ескі көліктер ағылуда. Ретті же­рінде бұл фактордың экологиялық кесір-кесапаты да елеулі екенін айта кетелік.
2017 жылдың қазан айынан бастап Еуразиялық одаққа мүше елдер үшін автокөлік құралдарына жеңілдетілген тәртіп енгізілді. Дәлірек айтқанда, бұрын Еура­зиялық одаққа қатысты мемле­кеттерде тіркелген көліктер жарты жылдан соң шекарадан кері шы­ғарылуы немесе уақытша тіркелуі тиіс болса, бүгіндері бұл шектеудің күші жойылғандығына екі жылға жуықтады.
– Батыс Қазақстан облысы аумағында қазіргі кезде 140 мың­нан астам көлік құралы заңды түр­де тіркелген. Есесіне Еура­зия­лық одаққа мүше мемлекеттерден жеткізілген көліктердің нақты саны белгісіз. Шет мемлекеттерден келген көліктерді тіркеуге алу заңмен белгіленбеген. Орал өңірі Ресейдің бес бірдей облысымен шекаралас болғандықтан, көрші елден әкелінген көлік саны күрт артып отыр. Мұның басты себебі, Ресейде көлік бағасының арзан­дығында. Біздің облыстың тұр­ғын­дары Ресейден ақшасы жететін көлікті емін-еркін шекарадан өт­кізіп, Қазақстан аумағына кіргізіп, емін-еркін пайдалана береді. Бұған ешқандай тыйым жоқ. Жергілікті полиция қызметіндегі іздеу бөлімі шетелдік нөмірлі көліктердің есе­бін жүргізуге тырысып-ақ бағуда. Ұйымдастырылған шаралар бары­сында ресейлік нөмірлі авто­кө­ліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп, тізімге енгізуде. Бүгінде біздің тарапымыздан тіркеуге алынған ресейлік нөмірлі авто­кө­ліктердің саны мыңнан асты. Сол тізімге тіркелген көліктер туралы ресейлік әріптестерімізге көліктің заңдылығы, есепте тіркелуі туралы сұраныс жолдаймыз. Бұл тек іс-шаралар барысында анықталғаны ғана. Негізі олардың саны едәуір көп екендігі белгілі. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тіркеу нөмірлері арқылы ресейлік әріптестерімізге жолданған 400-ге жуық сұраныс­тың 100 шақтысына жауап келді. Нәтижесінде 20-дан астам көліктің жоғарыда аталған Ресей облыстары есебінен шығарылғаны, үш көлік­тің іздеуде екені анықталды. Бізде тіркеуде бар, бірақ бұрынғы жүрген өңірінде есепте жоқ автокөлік иелерін жолдан тоқтатып немесе тұрғылықты жерлеріне барып, мемлекеттік нөмірлерін тәркілеп, көліктерін айыппұл тұрағына қойғызу шаралары жүргізілуде. Былтыр шекаралас облыстармен өзара ынтымақтастық мемо­ран­думына қол қойылған болатын. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жақсы жолға қойылды, – дейді БҚО ПД жергілікті полиция қыз­меті басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Кенжебек Құспаев.
Егер шет мемлекеттерден әке­лінген автокөлік «ЕУРО-4» стан­дартына сәйкес болса, онда біздің мемлекетке заңды түрде кіргізе ала­ды. Бірақ көлік иелері біздің мем­лекетке тіркеуге қойып, нөмір алу үшін қыруар қаражат жұмсауы ке­рек. Ол шығындар көліктің өзін­дік құнынан 2-3 есе асып кететіні анық.
Армениядан әкелінген көлік­терді сатып, пайда табушылардың саны да артқан. Ғаламтордағы көлік сатуға арналған парақ­ша­лар­ды қарасаңыздар да, темір тұлпар базарына бара қалсаңыз да, сол елдерден әкелінген көліктен көзіңіз сүрінеді. Сырты жылтырап тұрған көліктердің бағасы да әжептәуір арзан.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, Армениядан әкелінген автокөліктер жаңа әрі сапалы бол­ғандықтан шығар, бұл көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы әзірге орын алмаған. Тіркеуге қойылмағандықтан, бүгінгі таңда олардың нақты саны да белгісіз. Полицейлер тұрғылықты жерін таппай, тайраңдаған темір тұлпар иелеріне көшедегі жол белгілері, жылдамдықты сақтау тәртібі, бей­небақылау камералары секілді шектеулер тіптен соқпайды екен. Шетел нөмірлі көліктердің қаты­суымен болған жол-көлік оқиға­ла­рының көбеюіне де осы жүген­сіздік ең басты себеп көрінеді.
– Жергілікті полиция қызметі ұйымдастырған «Борышкер» атты профилактикалық іс-шара бары­сында иелері айыппұл төлеуден жалтарып жүрген 138 ресейлік нө­мірлі автокөлік анықталып, олар­дан 1 млн 880 мың теңге айып­пұл өндірілді. Жол сақшыларының құрығына түскен бір ғана ресейлік аутокөлік иесінің мойнындағы айыппұл мөлшері 2 миллион тең­гені құрады, – дейді БҚО ПД жер­гілікті полиция қызметі бас­қар­масы бастығының міндетін атқа­рушы, полиция подполковнигі Кенжебек Құспаев.
Осыдан 15-20 жыл бұрын көлік байлық пен барлықты байқатса, бүгінде қарапайым күнделікті қозғалыс құралына айналған. Құп делік, қаракөз ағайынның жағдайы жақсарып, заманына лайық тірлік кешкеніне, әрине қуанамыз. Алай­да қалтаға қолайлы болғанымен, өзіміздің емес, өзгенің экономи­касын өркендетуге үлес қосып жатқанымыз, ел ішіндегі көлік «қо­қысын» тазартамыз деп жүр­ген­де ел аумағына қолданыста бол­ғандығына пәленбай жыл өткен ескі-құсқы көліктердің кіріп жатқандығы өкінішті-ақ.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» жергілікті жердің жолымен жүгенсіз жүріп, жол-көлік оқиға­ла­рын жиілетіп, ел-жұрттың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп әрі қоршаған ортаға зиян келтіретін, салық пен полициядан бой тасалайтын «келімсек» көліктерге белгілі бір заңдылықтың, тәртіптің керегі айдан анық. «Ел құлағы – елу» немесе «Естіген құлақта жазық жоқ» дегендей, мәселе тек бір ғана Батыс Қазақстан облысында емес, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінде де өршіп тұрған көрінеді. Осы түйткілдің түйінін шешіп, белгілі бір заң немесе ортақ ереже қабыл­данбаса, шетелдік нөмірлі көліктерді тақымына басқандардың шектен шығуы сап тыйыла қоймайды-ау…

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*