Судьялар тәуелсіздігі күшейтілмек

525
0
Бөлісу:

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төраға­лы­ғы­мен өткен жалпы отырыста депутаттар сот жүйесі мен судьялардың мәртебесіне қатысты конституциялық түзету­лер­ді мақұлдады. Құжат Сенаттың қарауына жолданды.

«Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа конституция­лық заң жобасына және «Кейбір заңнамалық актілерге сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобасына Елбасы­ның өзі бастамашы болған.
Олар Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру мақсатын­да әзірленген және еліміздің сот жүйесін жаңғыртуға, судьялық кадр­ларды жаңартуға және сапа­лық тұрғыдан дамытуға, судья­лар тәуелсіздігінің кепілдіктерін кү­шей­­туге, судьяларға құқыққа қай­шы ықпал етуді болғызбауға бағыт­талған.
Бұл ретте Жоғарғы сот пен об­лыстық соттардың жалпы оты­рыс­­тары­ның төралқаларын тарату ұсы­нылады. Облыстық соттың кеңей­­тілген жалпы отырысы енгі­зіледі. Ол жергілікті соттың судья­ларын Жоғарғы соттың кеңейтіл­ген жалпы отырысының құрамына жіберу мәселелерін және Жоғары сот кеңесінің, Сот жюриінің, Кадр резерві жөніндегі комиссияның, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия құрамына судья­лар­дың кандидатураларын қарайды.
Судьяларға қатысты тәртіптік істерді қарау үшін Жоғары сот кеңесінің жанынан «Сот жюриі» құрылады. Ол жюри құрамы судья­лардан, заңгерлер қауымдас­тығы­ның өкілдерінен және Жоға­ры сот кеңесінің судья лауазы­­мындағы мүшесінен тұратын болады.
Жоғарғы соттың жанынан Сот төре­лігінің сапасы жөніндегі комис­сия түзіледі, ол Жоғарғы және облыстық соттардың судья­ларынан, сондай-ақ отставкадағы судьялардан құралады. Бұдан бас­қа, Жоғары сот кеңесінің жаны­нан Кадр резерві жөніндегі комиссия да қалыптастырылады.
Бос тұрған судья лауазымда­рына кандидаттарды критерийлер жүйесін пайда­ла­на отырып іріктеу туралы норма бекітіледі. Соның ішінде үміткер­дің соттағы, про­ку­ра­­тура орган­да­рын­­дағы, адво­катура­дағы жұмысы да ескерілетін болады.
Судья лауазымына кандидаттар «Жоғары сот кеңесі туралы» заңда көзделген жағдайларда полиграфо­ло­гиялық зерттеуден (жалғандық детекторынан) өтуге жіберіледі.
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов заңды, экономиканы, қар­жы саласын жақсы білетін білікті мамандарды сот саласына тарт­қы­сы келетіндерін, бірақ олар кел­мей­тінін ашық айтты.
– Өйткені олар келемін десе, талап бойынша міндетті түрде аудан­дағы және облыстағы қыз­мет­терден өтуі керек. Ауданда кемін­де бес жыл істеуі шарт. Бірақ ол мамандар сол жаққа бармайды. Аталған құнды мамандарды тарту­ға заң арқылы жол ашамыз. Аудан­нан өтпеуіне де болады. Соған қарамастан конкурсқа қатысуына рұқсат етіледі, – деді ол.
Ж.Асанов Жоғарғы соттың міндеті ауқымды екеніне назар аудартты. «Нақты істерді қараумен қатар, Жоғарғы сот бүкіл құқық қор­ғау органдарына, барлық судья­ларға және заңды пайдалану­шыларға бағыт-бағдар береді», – деді ол. Осы мақсатта заңдық күші бар нормативтік қаулыларды қабыл­дай­ды. Олардың жобаларын дайын­дау ісі мамандардың биік деңгейін талап етеді.
«Беделді, тәжірибелі, ғылыми дәрежедегі мамандар келуі үшін бұл кедергіні алып тастауды ұсы­нып отырмыз. Бұндай саусақ­пен санар­лық мамандардың канди­да­тура­сын Елбасының өзі Сенатқа ұсынатын болады. Оған Жоғарғы сот кеңесі араласпайды», – деді Жоғарғы сот төрағасы.
Құжатта тағы бір елді елең­де­тер­­лік жаңалық бар.
– Бұл өзгеріс облыстық соттың төра­ғалары және басқа да соттар­дың басшыларына, алқа төрағала­ры­на қатысты. Қазір олардың бір өңірден екінші өңірге ауысып, ірі басшылық қызметте жүре беруіне шектеу жоқ. Яғни, отыз жасында басшылық лауазым­ға қол жеткізеді де, 65-ке дейін төраға болып жүре береді. Заң жобасында төрағалық қызмет екі реттен аспауға тиіс де­ген талапты қойып отырмыз. Мы­салы, облыстық сот төрағасына осы қызметте болуына екі мерзім ғана беріледі. Әйтпесе, бір адам қайта-қайта бастық бола берсе, ол бара-бара командалық басқару әді­сіне көшеді. Сондай жұмыс тә­сі­лі қанынан сіңіп кетеді. Бұл су­дья­­лардың тәуелсіздігіне зиянын тигізеді. Екіншіден, кейбір төра­ға­лар тек менеджментпен айналы­сып, нақты істерді қарауды қояды, сөйтіп, өзінің кәсіби міндетін орын­­­дамайды, біліктілігін жоғал­та­ды, – деп дәйектеді Жақып Асанов.
Мәжіліс депутаттары прези­дент­тік түзетулерді құптады. Бұдан бөлек, қалаулылар бала құқықтарын қорғау жөніндегі ұйым­дардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы бір топ әріп­­тестері әзірлеген заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенат­қа ұзатты.
Заң жобасын пысықтау бары­сында депутаттар бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін нақтылауға, білім беру саласындағы уәкілетті органға балалардың құқықтарын қорғау саласында арнаулы әлеу­мет­тік қызметтер көрсету стан­дарт­тарын әзірлеу және бекіту жөніндегі функцияны беруге, өмірлік қиын жағ­дайда жүрген балаларды қолдау орта­лықтарын құруға және олар­дың жұмыс істеуі үшін заңна­малық негіздер қалыптастыруға қатысты бірқатар түзетулер енгізді.
Осы заң арқылы қолданыстағы Қылмыстық кодекстен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қыл­мыстар жеке бөліп шығары­ла­ды және жазалау мерзімдері ұлғай­тылады. Сондай-ақ оны жаса­ғандарға заңда белгіленген лауа­зымды атқаруға және қызметпен айналысуға өмір бойға тыйым салы­нады.
Жалпы отырыс соңында парла­мент­шілер мемлекеттік органдар басшы­лары атына депутаттық сауал жолдады.

Айхан Шәріп

Бөлісу:

Пікір жазу


*