Шу өңірінің келешегі не болмақ?

1580
0
Бөлісу:

Жақында облыстық құзырлы орган басшылары «Жамбыл» телеарнасына берген сұхбатында, «Есірткі өршіп тұрған аудандарың бірі – Шу» деп атап айтты. Расында, Қазақ хандығының туын тіккен, үш жүздің төбе биі Төле бабамыздың туған жері саналатын киелі, қасиетті өңірде – Шу ауданында есірткі бизнесі көптеген жастарды улап, жылдан-жылға өршіп бара жатқаны жасырын емес. Тіпті кей ауылдарда жақыны, туған-туысқаны, балалары істі болмаған үй жоқ. Мұны Шу ауданындағы ел-жұрттың тәлім-тәрбиесіне жауаптылардың, ұлттық тәртіпке ақылшы кәрі мен жастың бәрі білсе де, науқандық шаралардан нақты нәтиже болмай тұр. Шу өңірінен басталған сол қасіреттің өзге аудандарға да жайыла бастағанына қалың ел куә.

Қазір Шу ауданының батысындағы Қызыл құм қойнауы қарасора жапырағын терушілердің өрісіне айналғаны тағы рас. Бір зиялы қария 1980 жылдары «Қауырсын» құсбегілер ұйымы құрылып, сол Қызыл құмда «Тастүлек» фильмі түсіріліп, АҚШ, Болгария, Мажарстан сияқты шетелдерге шақырылғанын еске салып, келген қонақтар қызыға қарайтын сексеуіл орманының тақыр жерге, есі кеткен нашақорлардың мекеніне айналғанына қатты қиналатынын айтып, ауыр күрсініп еді.

Иә, сонау жылдары облыстық мәслихат депутаттығына үміткер болып түскенімде сол қариялардың нұсқауымен өңірдегі есірткі мәселесін біраз зерттегенім бар. Сонда төбе шашымды тік тұрғызған шындық: Тараз қаласындағы түрме-колонияларда жатқандардың басым көбі шулықтар екен. Бір үйде, бір ауылда туған, он екіде бір гүлі ашылмаған кілең жастар.
1980 жылдары болмаған, 1990 жылдардан кейін қаулаған нашақорлықтың өршуіне не себеп десеңіз, тағы сол көзкөрген қарттардың сөзіне жүгінуге тура келеді: «Кезінде әр кеңшарда 50-70 мыңнан қой болып, үлкен-кіші мал шаруашылығымен айналысып күн көрген. Өтпелі кезеңде – кеңшарлар тарағанда әкелеріміз әр үйдің жеке малынан жинап құраған сол қыруар малды пысықай-жемқор қулар есебін тауып еншілеп, ата-бабасына бітпеген байлық жинап, өздері бөліп алған соң, қарапайым халық күнкөріс көзінен айырылды. Темір, мүйіз теріп тентіреп, тамыр қазып қаңғырып, табиғатты тонап, сексеуіл, алтын ұрлап, ұяттан қалды. Ол азая бастағанда, жастар «сұраусыз дүние» деп, анашаға бас қойды».

Нашадан құтылудың жолы қандай? Полицейлер күрескен болады, көбіне жастар сотталып жатыр, ал түрмеден келгендердің оңғаны аз. Шу өңірінің келешегі не болмақ? Әлгі «Туған жерге туыңды тік» деген дақпыртпен туған жері – Шу ауданына келіп, әр жерде аз-кем көмек беріп жүрген зиялы жерлестеріміз, тек аттай, заттай жәрдемдесіп, биліктің алғысын алып, назарында болуды ойлай бермей, ел келешегі тұрғысынан да келелі ой толғағаны жөн болар еді. Бұл кесапатты бүгін тоқтатпасақ, ертең кеш болады. Аудандағы ардагерлер, кәсіподақ ұйымдары, депутаттар, қоғамдық кеңес өңірдің ілгерілеуіне күш салу керек шығар. Не де болса, жастарды есірткі ауруынан құтқару жолын іздеуге тиіс. Мұндай дертпен тек полицейлердің күрескені аз, билік, бүкіл ел болып күреспесек, жағдайымыз қиын.

«Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді». Барды жасырмай айту керек. Жай көзге өзге аудандардай күн кешіп жатқандай көрінгенмен, Шу ауданындағы көп елді мекен тұрғындары жастар үшін анаша күнкөріс көзіне айналып бара жатқаны жалған емес. Кеше есірткімен ұсталып бостандыққа шыққандар ескі әдетпен қайта қамалып жатыр. Бұған да тиісті орындардан алаңдап жатқан ешкім жоқ. Түрмеден шыққан 18-30 жастағы жастарды мемлекеттік қызмет түгілі, жай жұмысқа жолатпайтыны тағы бар. Бірлі-жарым сыртта өсіп-оқығандар ауылға жолағысы келмейді. Анашаның «лаңы» мектептерді де шарпитын сияқты. Сонда Шу жастарын «қасіреттен» қалай қорғаймыз?

Жапар САТЫЛҒАНОВ,
этнограф-құсбегі,
Мойынқұм ауданы.

Фото: Дамир Өтеген

Бөлісу:

Пікір жазу


*