Бастауыш сынып мұғалімдері жетіспей жатыр

3233
0
Бөлісу:

Семейде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арналаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына орай «Нұр Отан» партиясының филиалында барлық салада еңбек етіп жүрген ханымдар бас қосқан дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстелді Шығыс Қазақстан облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, депутат Айнұр Арғынбекова ұйымдастырды. Жиынға қаладағы кәсіпкер әйелдер, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Қаладағы Диагностикалық орталықтың директоры, медицина саласында еңбек етіп жүрген депутат Жанат Молдағалиева дөңгелек үстелдің үйлестірушісі болды.
– Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасына» ерекше тоқталғым келеді, – деді «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалы төрағасының орынбасары Зульфия Жамалтдинова. – Бүгінде осы бағдарлама арқылы 7-20-25 жобасын жүзеге асыруды қолға алдық. Тағы бір мәселе, әйелдер арасында бизнесті дамыту. Сондай-ақ, студенттерге арналған грант және жатақхана мәселесін де осыған қосыңыз. Студенттер үшін жатақхана мәселесі әрқашан маңызды. Балалар қайда тұрып жатыр? Олар тұратын жалдамалы пәтерге ата-ана төлей ме, кім төлейді? Балалар күні бойы оқуда, олар қайдан төлесін? Әрине, осының барлығы кімді алаңдатады? Әйел адамды. Міне, осы мәселелердің барлығын талқыға түсірсек жақсы.


Дөңгелек үстел барысында көптеген проблемалар қарастырылды. Аймақтың мемлекеттік бағдарламалар аясында экономикалық дамуы, осыған орай қоғамды әйел адамдардың алатын ролі қандай деген сұраққа жауап ізделінді.
Ең маңызды деген сұрақтарға «Терра Вита» ЖШС-інің директоры Насихат Исабаева жауап берді. Оның айтуынша, олар депутат Айнұр Арғынбековамен бірге алыс ауылдарды аралап, ол жақтағы әйел адамдармен сөйлескен. Алыс елді-мекендердегі ханымдар бизнеспен айналысқысы келеді екен.  Насихат Исабаеваның айтуынша, бір әйел адам шаштараз ашсам, онда тек сау адамдарға ғана емес, төсек тартып жатқан мүгедек адамдарға да көмек жасап, шашын, аяқ-қолының күтімін жасасам деп өтінген екен. Бірақ, осындай әйел адамдар бизнесті қалай ашу керек, ол үшін кімнен көмек сұрау керек, қай банкке баруға болады, міне, осылардың барлығынан бейхабар.
Жиында Елбасы Жолдауы аясында «Педагог статусы» мәселесі де талқыланды. Қазірде педагог мамандығын тек қана әйел адамдар меңгеретін болды. Сондықтан да ер азаматтардың жастарымыздың бұл салаға келмей жатқаны өкінішті. Сондай-ақ, Семейде қазақ, орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері жетіспей жатыр. Семей қалалық білім басқармасы бастығының орынбасары Гүлнар Оразбекованың айтуынша, Семейде 4466 педагог бар, оның 4056-сы жоғары білімді, ал 441-і орта арнаулы оқу орнын бітірген. Яғни Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің түлектері. Жоғары білімді ұстаздардың көп болуы біздің қаламыз үшін өте жақсы.
Гүлнар Оразбекованың айтуынша, жаңартылған білім жүйесіне орай курстық оқулардан өтіп келгендерге тағы да үстемақы қосылады. Елбасының Жолдауынан кейін «Педагог статусы» мәселесі қозғалып, еңбегі сіңген ұстаздарға 35 пайыз қосу да қолға алыныпты. Сынып жетекшілеріне дәптер тексергені үшін де жалақысына қосымша ақы қосылмақ. Ұстаздардың жүктемесі, мәселен бір апталық жүктеме 14 сағаттан 16 сағатқа дейін азайтылатын болған.
– Себебі қазір жұмыс істеу қиындап кетті, – деп түсіндірді Гүлнар Оразбекова. – Жаңартылған білім жүйесі мұғалімдерден де, оқушылардан да қажыр күшті талап етеді. «Күнделік kz», «Білімлэнд» және тағы басқа бағдарламалар күн сайын өзгеріп даму үстінде. Десек те бұл біздің жаңалыққа жаны құмар жастарымыз, жас мұғалімдеріміз үшін таптырмайтын бағыт-бағдар. Біздің жастар мұғалімдікті таңдайды деп үміттенемін.

Раушан Нұғманбекова,
Семей

Бөлісу:

Пікір жазу


*