Пакьяо мен Мейвезер баскетбол жарысында кездесіп қалды (видео)

1083
0
Бөлісу:

Әлемге әйгілі кәсіпқой боксшылар филиппиндік Мэнни Пакьяо мен америкалық Флойд Мейвезер баскетбол жарысында кездесіп қалды.

Олар 22 қаңтар күні НБА турниріндегі «Лэйкерс» пен «Уорриорс» командалары арасындағы матчты тамашалауға барған. Кездейсоқ жолығысып қалған қос боксшы бір-біріне жылышырай танытып, амандасады.

«Mayweather Promotions» промоутерлік компаниясының бас директоры Леонард Эллербидің айтуынша, Мейвезер Пакьяомен реванш өткізуге аса құлықты емес.

«Шынымды айтсам, Мейвезерден бұл туралы толығырақ сұрайтын мүмкіндік болмады. Біз оның Сауд Арабиясына сапары туралы ғана әңгімелестік. Көбісі ол екеуінің қайта кездескенін қалайды. Бірақ ол мансабын аяқтап қойды. Мэнни жұдырықтасатын жартылай орта салмақта мықты боксшылар жетіп артылады. Ол өзінің жоғары деңгейлі боксшы екенін дәлелдеді. Әлі де болса Кит Турман, Дэнни Гарсиа, Шон Портер, Эррол Спенс секілді спортшылармен жұдырықтасса болады» дейді Эллерби өз сұхбатында.

Ал Пакьяоның ойынша, егер Мейвезердің баяғы қайраты қайтқан болса, онда онымен шаршы алаңға шығып қажеті жоқ.

«Келесі қарсыласымның кім болатынын промоутерлерімнен сұраймын. Анықталған соң көпшілікке хабарлаймыз. Мейвезерге айтып барыңдар: егер ол рингке оралғысы келсе, онда біз төбелесеміз. Мен үздіктермен айқасқанды жалғастырамын. Ал егер менің деңгейімде айқасуға дайын болмаса, онда қайтып оралудың керегі шамалы» дейді филиппиндік боксшы.

Еске салсақ, 2015 жылы қыркүйекте Андре Бертоны жеңгеннен кейін Мейвезер кәсіби мансабын аяқтағаны туралы хабарлаған. Алайда екі жылдан соң ММА жұлдызы Конор МакГрегормен жұдырықтасу үшін үлкен спортқа оралды. Жақында жапониялық ережесіз жекпе-жек шеберімен де кездесу өткізіп, айқын жеңіске жетті. Жалпы карьерасында 50 кездесу өткізіп, оның барлығын жеңіспен аяқтаған.

Мэнни болса сегіз салмақ категориясы бойынша титулдары бар әлемдегі жалғыз боксшы. Жасы 39-ға келгеніне қарамастан әлі қайраты кемімеген, күші бабында тұр.

Екеуі 2015 жылы кездесіп, олардың тартыстары әлем боксының тарихындағы ең кассалық кездесу ретінде рекорд қойды. Бұл рекордты әлі күнге ешбір боксшы бұза алатын емес. Екеуі жұдырықтасқан бокс кеші жарты миллиард доллар көлемінде қаржы жиған.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*