БАЛЫҚТА – ТІЛ ЖОҚ, БАСТЫҚТА – ҮН ЖОҚ

883
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы экологиялық ахуалды жақсартудың шараларын қаперден шығарған емес. Елбасы тапсыр­м­а­сы­мен Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдаған. Аталған құжат ұлттық экологиялық заңнаманы Орхус конвенциясына сәйкес келтіруге бағыт­тал­ған. Орхус конвен­ция­сының  негізгі мақ­саты – қоршаған орта сала­­сындағы мәлі­мет­тердің ақпараттық қорын қалыптастыру. 

Аталған мақсатта заң аясында экологиялық ақпараттардың мемлекеттік қоры арқылы қоғамды ақпараттандыру жүйесінің тәртібі де қарастырылған. Осы негізде қоршаған ортаның жағдайы мен табиғи ресурстарды пайдалану бойын­ша жыл сайынғы Ұлттық баян­дама әзірлеу көзделеді.
Қазақстанда қортпа, қабыр­шақ­­ты және жалаңаш көкбас, бекіре, май балық, шоқыр, табан, піл­май, қылышбалық, сүйрік, ал­тын және күміс түсті мөңке ба­лық, қарынсау (бадырақ көзді­ле­рін және дөңгелек бастыларын қоса алғанда), сазан, тұқы, қара жон, ақ және шұбар дөңмаңдай, құбылмалы бахтах, жайын, майқан, нәлім, көкшұбар балық, кәдімгі алабұға, көкшарбы, пайда балық, көксере, шыр, беріш, мұқсын, жыланбас ба­лық, сібір хариусы, буффало, тікен­ді балық, түйетабан, шортан, тор­та, қаракөз, тұрпа балық, ша­бақ, аққайран, кәдімгі және талас­тық тарақ балық, ақ амур, қызыл қанат, ақмарқа, балпан балық, оң­ғақ, білеу балық, қызылкөз, ай­на­­көз, қарапайым шармай, көк­тран сияқты балық түрлері барын білесіз бе?
Осының бәрі – бір Құдайдың адамзат баласына берген несібесі. Жыл сайын жер бетінде қанша мил­лион тонна балық ауланады: мұхиттар мен теңізде, көлдер мен тоғандарда балық аулаумен мыңда­ған кәсіпорын айналысады; алып жатыр, алып жатыр… Сонда да ба­лық азаймайды.
Адам баласы табиғатқа зорлық жасаумен келеді. Өзен-көлдерді ластау әрекеті тыйылмай тұр. Со­ның салдарынан айтарға тілі жоқ, шығарар үні жоқ балық байғұс жүз мыңдап қырылып жатыр. Мәселен, Атырауда «Жұмыскер» және «Геолог» ықшамаудандары маңын­да ала­бұға, торман, қылышбалық секілді қара балықтар қырылғаны тіркелді. Перетаск өзенінде бір тоннадан астам қылышбалық, мөңке балық, ақтабан, қаракөз балықтары та­был­ған. Осыған байланысты ве­дом­­ствоаралық комиссия құрыл­ған. Олар қырылған балықтан аммиак табыл­ғанын растады. Арада апта өтпей Атырау облысындағы Жайық өзенінде балықтардың жаппай қы­рыл­ғаны анықталған. 2018 жыл­дың желтоқсанынан бері Жа­йық өзе­ні­нен 87,7 тонна өлі ба­лық жиналып алынған. Өлі балық­тарды жинау­мен еріктілер айналысып жатқанға ұқсайды. Облыстық Экология департамен­тін­дегілер осы уақытқа дейін тіркелген деректер бойынша тексеріс қорытындысы желтоқсан­ның соңына қарай анықталатынын мәлімдеген-ді. Осы жағдайға бай­ла­нысты Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балықтың жаппай қырылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғала­ты­нын жария еткен еді.
Балықтың жайы – белгілі. «Біз қы­р­ылдық» дей алмайды. Ал Аты­рау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшылары неге үндемейді?

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*