ЖАС МУЗЫКАНТТАР БАЙҚАУЫ БАСТАЛАДЫ

626
0
Бөлісу:

Елімізде талантты жас музыканттарды іріктейтін жаңа байқау басталмақ. Жеңімпаздарды Цинандалидағы (Грузия) жаңа халықаралық классикалық музыка фестивалінің ұйымдастырушылары анықтайды екен. Бұл туралы Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізген ұйымдастыру­шы­лар айтып берді. 

Алдын ала тыңдауға Грузия, Армения, Әзірбайжан, Түркия, Украина елдерінің де 18-28 жас аралығындағы өнерпаздары қатыспақ. Іріктеуден іркілмей өткен хас таланттар аты әлемге әйгілі дирижер Джанандреа Нозеда жетекшілік ететін Пан-Кавказдық жастар симфониялық оркестрінің құрамында өнер көрсетпек.
– Елімізде эстрадалық музыка­ның даму қарқыны өте жоғары. Бұл бағыттың орындаушылары қолдауға ие және олардың жұмыс­тарын ілгерілету мақса­тын­да көптеген бастама бар. Бірақ классикалық музыкамен айна­лысатын жастар қалтарыста қалып кетуде. Осы тыңдаудың арқасында жас музыканттар симфониялық оркестрде шебер­лі­гін шыңдап, халықаралық музыка ұжымынан көп нәрсені үйренеді. Мен қазақстандық өнерпаздардың әлемдік деңгейге шығатынына сенімдімін. Біздің жастар әлемнің үздік оркестр­лерінің құрамына кірген кезде елімізде де классикалық музыка сапасы артады, – дейді Kusto Group директорлар кеңесінің төрағасы және Цинандалидағы фестивальдің ортақ құрылтай­шысы Еркін Тәтішев.
Танымал қазақстандық ком­по­зитор Еркеш Шәкеевтің айтуын­ша, бұл – қазақ жастарына берілген бірегей мүмкіндік.
– Осы арқылы біздің жастар халықаралық деңгейдегі дайын­дықты сезініп, жаңа байланыстар орнатады. Бұл мүмкіндік әрине, олардың өнердің биік шыңына жол ашуына ықпал етпек. Адам­ның өз бетінше жүріп мұн­дай үлкен шаруаны атқаруы қиын. Бұны өз тәжірибемнен білемін. Ал елімізде мұндай бастама қолға алынған екен, демек мүмкіндікті пайдаланып атсалысып қалуымыз керек, – дейді Еркеш Шәкеев.
Тыңдау байқауы 21 қаңтарда басталып, 8 сәуірге дейін жалға­сады. Бұл аралықта іріктеу кезең­дері Алматы, Анкара, Баку, Ереван, Киев, Львов, Тбилиси және Стамбұл қалаларында өтпек. Қазақстандық орындау­шы­лар 30 наурыз күні бақ сы­найды.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*