Қазандық қазаққа әу баста жат болған

567
0
Бөлісу:

Өнердің өкпесін қысатын түрлі реформалар ұлттық ойынымыз көкпарды да айналып өткен жоқ. 1996 жылы Ат спорты қауым­­дастығы көкпар алаң­қа­йы­ның ұзындығын – 320 метр, енiн – 150 метр етiп бекiткен едi. Кейіннен бұл ереже бұзылып алаң­қай­дың ұзындығы – 200 метрге,
енi – 70 метрге қысқарды. Ол аздай дәл осы жылы көкпарды жеткізетін «отаудың» орнына «қазандық» пайда болды. Содан бері адымдары қыс­қарып, еркін шаба алмай қалған аттардың қа­зандыққа соғылып, мер­тіккенін айтпағанның өзінде талай талантты көкпар­шы тілсіз кетіп жатты…

Шеңбер – мәселенің шешімі ме?
Біздегі көкпардың тарихында қазандық мүлдем болмаған. Шы­ны керек, оны қоңсымыз қыр­ғыз­дан алып қостық. Көкпар­шы­лар алғашқы кезде оған үйрене алмапты. Ұлттық спорт түрле­рі­нен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай болса қазан­дықтың орнына шең­берді қайта әкелген шешімнен ұтпасақ, ұтылмайтынымызды айтады.
2016 жылдан бастап елі­мізде көкпар ойыны қазандықсыз өтіп жүр. «Шеңбер аттың да, адам­ның да денсаулығына қа­уіпсіз. Шыны керек, қазандықпен өткен ойындарда небір жүйрік атта­рымыз мертігіп, жараланып жатты. Енді екі-үш жылдан бері осы шеңберге ойнап жүрміз. Қазандықтың басында аттар шүйлігіп, бір-бірімен тіресіп тұ­рып алатын еді. Осыдан 23 жыл бұрын елдегі алғашқы ере­сектер арасындағы чем­пионат қа­зандықпен ойналды. Ширек ғасырға жуық уақытта қан­ша­ма ха­лықаралық тур­нир­лер, респуб­ликалық чем­пионаттар, тіпті, Азиа чемпио­наты қазандыққа ойналған. Содан бергі тә­жі­р­ибеден қа­зан­дықтың зиян әрі баба салтына жат екені дәлелденді. Қа­зан­дықтың жара­қаттан басқа да қиын­дық­тары көп. Оны әр жер­ге та­сы­­мал­дап жү­ру керек. Ал шең­бер болса, көк­пар­ды кез кел­ген жер­де ой­най ала­мыз» дей­ді ол.
Қазандықты қимаудың астарында ат бизнесі тұр
Бүгінде қазандықпен біздің ел ғана емес, Өзбекстан, Моң­ғо­лия, Ресей елдері де қоштасып үлгерді. Қимай отырған қырғыз ғана. Жамбыл облысы Сәду Шәкіров ауылының тұрғыны көкпаршы Асқар Ембергенов болса, қырғыздардың қазан­дықты қимауын ат саудасымен байланыстырады. «Олар осы уақытқа дейін бізге аттарын сатып келді және оларды көкпарға да­йын­дайтын атбегілер де қырғыз ағайын­да­ры­мыз еді. Жасыра­ты­ны жоқ, біздегі көк­парға ша­ба­тын аттардың ден­і айыр қал­пақ­ты ағайын­дар­дікі болды. Ал енді қазандыққа емес, шеңберге сала бастаған тұста біз ұта бастадық. Бірін­ші­ден, олардан бұрынғыдай көп ат алмаймыз. Қазандыққа соғылып, мертікпеген аттарымыздың өмірі ұзара бастады. Сондықтан олар әлі күнге дейін қазандықты қор­ғаштап отыр. Міне – мәселе. Ір­геде отырғандықтан, бұл мәсе­ле­ні өте жақсы білеміз. Алайда ендігі жерде пікірімізден айны­мауымыз керек. Қазақтың жыл­қы­сы шағын ғана жерде шаппа­ған. Олардың дені кезіндегі реп­рессияда құрып кеткенімен, мықты қазанаттарымыздың тұқымы әлі де бар. Асыл тұқымды жануарларымызды тауып, танып, баптап, олардың санын көбейтіп, төл өнеріміз көкпарға да белсене араласу – міндетіміз», – деген ол қа­сиетті төліміз турасындағы мә­селені шешуге қарапайым халық қана емес, биліктегілер де бір кі­сідей атсалысу қажетін айтады.

Көкпарды қазандықпен бірге патенттеуі мүмкін
Көкпар серкесін қазандыққа тастаудың қаншалықты қауіпті екені елдің бәріне аян. «Басқасын айтпағанда, былтыр 1 айдың ішінде қырғыз бауырларымыздың үш бірдей атпал азаматы осы қазандыққа соғылып, қаза тапты. Сонда да бұл оқиға қырғыз аға­йынның әлі де жүрегіне тимей отыр­ғаны өкінішті. Айғыр қазан­дыққа барып екі рет соғылғаннан кейін қазандыққа жақындамай қалады. Өйткені ол да ет пен сү­йек­тен жаралған. Жүрегі қай­та­ды. Аллаға шүкір, бүгінде қазан­дық­ты көкпар ойынынан алып тастадық. Біздегі шеңбер қалың­дығы білектей шлангы болады, соның ішін құммен толтырып, ақпен бояп қояды. Ат та сүрінбейді, адам құласа да зияны тимейді. Өте ыңғайлы қылып жасалған. Осыны біздің ел, Моңғолия, Ресей істеп жатыр. Тә­жікстан мен Өзбекстан, бәрі шеңберге шаба бастады. Тек Қыр­ғызстан ғана бұған көнбей отыр. Оның тағы бір себебі, олар көкпарды осы қазандықпен бірге патенттеген болуы мүмкін. Егер олар қазандықты өзгертсе, па­тентінен айырылып қалуы ғажап емес. Өздерінің пайдасына шешілетін сондай бір салмақты себебі бар шығар. Әйтпесе, олар­дың ең мықты деген көкпар­шы­лары, жап-жас жігіттің аурухана төсегіне таңылып жатқанына алты айдан асты. Сол жігітті емдету үшін қырғыздың көкпар­шылары барын салуда. Кеше ғана Манс Ниязов деген атақты көкпаршылары 2016 жылы әлем чемпионатына киіп шыққан киімін аукционға қойды. Оның сыртында 30 желтоқсан күні ең мықты Барон деген көкпаршы аттары қазандыққа соғылып өлді. Осындай білетініміз бар, біл­мей­тініміз бар, дәл осы қазандыққа қатысты қаншама оқиғалар өтуде. Қырғызстан соған қарамай қазандыққа жабысып отыр. Олардың түп мақсаты не екенін де анық білмей отырмыз. Дәс­түрлі көкпарымызға келсек, қазандық болмаған. Халық түк таппай қалған күннің өзінде аталарымыз шапанын жайып, соның үстіне тастап отырған», – дейді Argymaq.kz порталының бас редакторы Ержан Жаубай.

Қырғызстанның Көкпар федерациясы биыл қарашада Өзбекстанда өтетін көкпардан әлем чемпионаты бұрынғы ереже бойынша өтуін талап етіп отыр.
Қырғызстан Респуб­ли­касы көкпар федерация­сының басшысы және халықаралық федерация­ның бас хатшысы Жырғал­бек Саматов биылғы чемпионаттың бұрынғы ереже бойынша өтуін талап етіп: «Алдағы күз мезгілінде әлем чемпионаты халықаралық ережелер бойынша өтеді. Біз арнайы келіссөздер жүргізіп, оларды осы ережені қабылдауға шақыратын боламыз. Егер нәтиже болмаса, Қырғызстан ассо­циа­циядан шығады», – деді.
Ал Халықаралық көкпар федерациясына мүше мемлекеттердің өкілдері бұл чемпионаттың ережелері алдағы уақытта Астанада өтетін конгресте бекітілетінін айтты.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*