Сульшер Алекс Фергюсоннан да асып түсті ме: МЮ-дың жаңа бапкері туралы не білеміз (фото)

718
0
Бөлісу:

Кеше Англия чемпионатының 23 туры аясында «Манчестер Юнайтед» өз алаңында «Брайтон» командасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

 Осылайша, «қызыл сойқандар» Моуриньо кеткелі бері қатарынан алтыншы рет жеңіске жетіп, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Әрине, бұл қуанышты жаңалықтың басында бас бапкердің міндетін атқарушы болып жүрген норвег маманы Уле-Гуннар Сульшердің тұрғанын да айта кету керек.

45 жастағы бапкер команда тізгінін ұстай сала қатарынан жеті кездесуде қарсыластарын қоғадай жапырған АПЛ-дағы үшінші маман атанды. Осы жеті ойын барысында «МЮ» қарсыластар қақпасына 19 гол соғып, 4 гол жіберген. Бұрын мұндай жетістікке тек Карло Анчелотти («Челси») мен Хосеп Гвардиолла («Манчестер Сити») ғана жеткен болатын. Егер Сульшер келесі турда «Бернлиді» жеңе алса, онда бұл екі маманнан да жоғары тұрмақ.

Сульшер 1973 жылы 26 ақпанда Кристиансунн қаласында өмірге келген. Футболшылық мансабында шабуылшы позициясында ойнаған. Бапкер ретінде «Манчестер Юнайтед», «Кардифф Сити», «Молде» секілді клубтардың қосалқы құрамдарын жаттықтырған. Моуриньо отставкаға кеткелі бас бапкер міндетін атқаруда. Бұл міндетті ол маусым соңына дейін атқарады.

«МЮ»-ды сэр Алекс Фергюсон баптап тұрған кезде Сульшерді негізгі құрамда көп шығармаған. Ол норвегиялық ойыншыны екінші таймда ғана ойынға араластырған. Тиісінше ол ойынға сәтті кірісіп, маңызды голдар соққан. Ол «қызыл сойқандар» сапында жүріп 150 рет қосалқы құрамнан ойынға араласыпты. Бұл көрсеткіш бойынша Райан Гигзға (161 рет) ғана жол береді. Жалпы, «МЮ» сапында 235 рет алаңға шығып, 91 рет гол соққан. Норвегия ұлттық құрамасының жейдесінде 67 рет ойнап, 23 рет мергендік танытыпты.

Сульшер келгелі «МЮ»-дың ойыны жүрді. Қос қапталда да, алаң ортасында да еркіндік орнаған. Норвегтің тиімді тактикасы жемісін беруде. Уле-Гуннар маусым біткеннен кейін де командадан кеткісі келмейтінін айтқан.

«Әрине, мамырда қызметімнен кеткім келмейді. Бізде тамаша ойыншылар мен тамаша атмосфера бар. Осында бар болсам жұмысымды бар күшімді салып атқарамын және алда бізді қиын сынақтар күтіп тұр» депті ол.

Ойыншылар да Сульшердің кетуін қаламайтын көрінеді. Моуриньоның кезінде алаңда орныға алмай, позициясынан айырылып, нәтижесінде қаптаған қателікке ұрынған Поль Погба норвег маманына дән риза.

«Мен алаңда жүрген ойыншыларға әсер ете алмаймын. Поль бәрін өзі істеді. Мен тек оған жол көрсетемін. Сосын барып ол сол тапсырманы орындайды. Біз оларға мүмкіндік береміз. Оны жүзеге асыру-асырмау олардың қабілеттеріне байланысты. Иә, футболшыға бапкердің және командаластарының көмегі керек. Мен оларға тиісті нұсқауды беремін. Алаңдағы еркіндік туралы көп әңгіме болды. Мен бұл стилді бұрыннан ұстанып келемін. Және әр футболшыға жеке-жеке айта беруге де болмайды. Олар – кәсіпқой жандар. Өздері бәрін түсінеді» дейді Сульшер.

Daily Mail басылымы таратқан ақпарат бойынша, 45 жастағы маман маусым біткен соң өзінің негізгі жұмыс орны – норвегиялық «Мольде» командасына қайта оралады. Бірақ «қызыл сойқандардың» бапкерлік штабы мен футболшылары оны жібере қоюға құлықты емес. Команда бапкерлері Майкл Кэррик пен Киран Маккеннеге де Сульшермен жұмыс істеу ұнаған.

Қазіргі таңда «МЮ» ағылшын чемпионатында 44 ұпай жинап алтыншы орында келе жатыр. Олар келесі кездесуін «Бернлиге» қарсы өткізеді.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*