Құрамаға неге бапкер құтаймайды?

961
0
Бөлісу:

17 қаңтар күні футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов қызметінен кетті. «Астананы» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне алып шыққан маман құрама тізгінін ұстағанда шаруасы шатқаяқтап жүрген құрама ойыны енді түзелер деген ой әр жанкүйердің көкейінде жарқ еткен. Алайда олай болмай шықты.

Стойлов «Ұлттар лигасының топтық кезеңінен шығу» деген тапсырманы орындай алмады. Қазақстан құрамасы D дивизионының бірінші тобында Грузияны алға шығарып, екінші орынды місе тұтты. Болгариялық маман алғашқы ойында Будапештте Венгрия құрамасын жеңді (3:2). Одан кейін Болгариядан (1:2) жеңілді. Үшінші матчта Астанада Әзірбайжан құрамасын ойсырата ұтты (3:0). Осыдан соң Станимирге деген сенім орныға бастаған. Алайда Грузиядан екі рет жеңілу, Латвиямен екі рет тең ойнау, тіпті Андоррамен сырт алаңда итжығыс түсу көңілде дық қалдырды. Әрине, жанкүйер болған соң күйіп-пісеміз. Әйтпесе, Стойлов келгелі командадағы түсіністік артып, он бір жігіттің қимылы бір арнаға түсіп келе жатқаны өтірік емес еді. Оның кезінде бірнеше жас талант құрамаға шақырту алып, назарға ілікті. Мәселен, Еркебұлан Сейдахмет, Бақтиер Зайнутдинов және Оралхан Өміртаевтар өздерінің дебюттік матчтарында гол соқты. Сонымен қатар Юрий Перцух («Атырау»), Максим Федин («Тобыл»), Еркебұлан Тұңғышбаев («Қайрат») сияқты жастарға да жол ашты.

Фото: ҚФФ

Құрама ойыны реттеліп, ойыншылар тактиканы енді аңғара бастаған кезде бапкердің ауысып кетуі – Қазақстанда жиі қайталанады. Тарихқа көз жүгіртсек Қазақстан құрамасының тізгінін ұстаған мамандардың екі жылдан әрі аспағанын байқаймыз. Тұңғыш бас бапкер Бақтияр Байсейітов 1992 жылы бес ай ғана жұмыс істеген. Одан кейінгі рет былай түзіледі:

Бауыржан Баймұхамедов – 1994 жылдың 11-17 сәуірі;

Серік Бердалин – 1995 жылдың 27 желтоқсанынан 1997 жылдың 8 қарашасына дейін;

Сергей Гороховадацкий – 1998 жылдың 1 желтоқсанынан 12 желтоқсанға дейін;

Ваит Талғаев – 2000 жылдың 20 наурызынан 7 қазанға дейін.

Бапкерлер тұрақсыздығы жаңа мыңжылдықта да жалғасты. Владимир Фомичев жарты жыл; Вахид Масудов 1 жыл, 4 ай; Леонид Пахомов 1 жыл, 2 ай; Сергей Тимофеев 1 жыл, 1 ай; Арно Пайперс – 2 жыл, 7 ай; Бернд Шторк 2 жыл; Мирослав Беранек – 2 жыл, 9 ай; Юрий Красножан 1 жыл, 7 ай; Талғат Байсуфинов – 9 ай; Александр Бородюк – 9 ай; Станимир Стойлов – 11 ай еңбек еткен. Жылыңыз не, санаулы ай, санаулы күн жұмыс істеген бапкерлер де бар. Осыншама маман ауыстырып әбігерге түскенде – тым құрығанда іріктеу кезеңіндегі топтық кездесулерде азуымызды көрсете алмадық. Ащы да болса шындық осы. Белгілі спорт журналисі Әзиз Жұмаділдің айтуынша, Стойловпен әріптестікті тоқтату шешімі – бапкердің мықтылығына күмән келтіруден туындамаған секілді.

Фото: Әлеуметтік желі

– Менің ойымша, бұл жерде мәселе қаражатқа келіп тірелетін сияқты. Стойловтың жалақысының аз емес екендігі түсінікті. Сондықтан Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) бюджеті ықшам бапкер қарастырып жатқандай. Қазір келесі бапкер ретінде чехиялық Михал Белектің есімі аталып жатыр ғой. Меніңше, дәл Стойловқа төленген ақы Белекке беріле қояды деп ойламаймын, – дейді журналист.

Оның ойынша бір бапкерге ұзақ уақыт мүмкіндік беру керек. Бұл әлемде мойындалған тәжірибе.

– Еуропада бапкерлерді бірнеше цикл бойы ұстайды. Оған Германия құрамасы дәлел. Иоахим Левтің баптауымен «неміс машинасы» екі рет Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленіп, 2014 жылы мундиальда топ жарды. Оның арасында Еуропа чемпионатында жүлделі орындарды еншіледі. Конфедерация кубогында жеңіске жетті. Бізге де осындай тұрақтылықты ұстанатын уақыт жеткен сияқты, – дейді Әзиз Жұмаділ. Расымен, Лев секілді тапжылмай жұмыс істеп, тамаша нәтижеге жеткендер баршылық. Бұл ретте Швеция футболын тәрбиелеген Эрик Хамренді, Франциямен алты жылда екі ірі жүлде алған Дидье Дешамды айта аламыз.

Белгілі спорт комментаторы Сергей Райлянның ойынша, федерация бапкерлерді асығыс ауыстырып жатыр деуге келмейді. Бірақ басшылықтың бапкер таңдау кезіндегі ойын түсініп болу мүмкін емес.

Фото: Әлеуметтік желі

– Бізде бапкерлер іріктеу циклін толық аяқтайды. Сөйтіп, қызметімен қоштасады. Келген маманның бірі – біз тәжірибелі футболшыларға иек артуымыз керек дейді. Одан кейінгісі ресейлік футболшыларды натурализация жасауға күш салады. Келесі бапкер құраманы жасарту керек дейді. Осыдан келіп федерацияның құрамаға қатысты нақты көзқарасын түсіну қиындап отыр. Өз басым ендігі бапкердің Стойлов қолға алған бағытты жалғастыратынына күмәнданамын, – дейді комментатор.

Стойлов кезінде құрама бірде бір ресми матч өткізген жоқ. Сондықтан болгар маманына пәлен деп баға беру қиын дейді спорт журналисі.

– Иә, біздің құрама жақсы шабуылдады, прессинг жасады, бірінші нөмірмен ойнауға тырысты. Бірақ алты матчта бір рет жеңіске жету – болымсыз нәтиже. Егер ол тым құрығанда іріктеу кезеңін күтіп, Ресей мен Шотландияға қарсы ойнағанда ғана бағалауға болушы еді. Әрине, ҚФФ «екіжақты келісім бойынша келісімшарт тоқтады» деген. Менің түсінуімше, әріптестікті тоқтатуға Стойлов көбірек мүдделі болған сияқты. Демек, оған басқа бір тараптан жақсы ақшамен келісімшарт ұсынылған. Яғни, болгариялық маман үшін Қазақстан құрамасынан гөрі қаржы маңыздырақ болған сияқты, – дейді Сергей Райлян.

Мақаланы дайындау барысында ҚФФ-дан пікір сұрадық. Баспасөз қызметі «Футболда бапкерлердің ауысуы әртүрлі себептерге байланысты. Олардың арасында нәтиже, келісімшарт мерзімінің аяқталуы бар. Бас бапкерді таңдаудағы басты талаптардың бірі – ұлттық құрама мен клубтық футболда жұмыс атқарған маманның кәсібилігі» деп жауап берген. Ендігі бас бапкер құраманың тынысын ашып, ұзаққа шаба ма, әлде тағы бірнеше айдан соң федерацияның шұғыл шешімін естиміз бе, оны уақыт көрсетер.

P.S. Бүгін Қазақстан футбол федерациясы құраманың жаңа бас бапкерін таныстырды. Енді ұлттық құраманы чех маманы Михал Белек баптайды.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*