Мұнайлы мемлекеттегі дағдарыс

810
0
Бөлісу:

2014 жылдан бері Оңтүстік Америкада орналасқан Венесуэланың жалпы ішкі өнімі үздіксіз қысқарып келеді. Мұнай қоры мол мемлекет бір баррель мұнай бағасы 45 долларға дейін арзандаған кезде экономикалық қиындықтардың алғашқы лебін сезіне бастады. 2013 жылы елді ұзақ жыл басқарған Уго Чавес көз жұмып, билікке оның ізбасары Николас Мадуро келді. Саяси өзгерістер мен экономикалық сынақтар қатар келіп, жаңа басшының Венесуэлада кездескен мәселелерді шешудегі қауқарсыздығы қоғам наразылығын туғызды. Сыртқы қарыз, тұралаған экономика мен кедейшілік, қылмыс пен жақсы өмір іздеп елден кету – Венесуэладағы қалыпты құбылысқа айналды. Бүгінгі материалымызда мұхиттың ар жағындағы Венесуэланың экономикалық ахуалынан аз-кем дерек келтіреміз.

Венесуэладағы экономика­лық дағдарыстың бір көрінісі – гиперинфляция. Бұл күннен-күн­ге тұтыну тауарларының баға­сы артып, ақша құнсызданып ба­ра жатыр деген сөз. Оппозиция басқаратын Ұлттық ассамблея жүр­гізген зерттеуге сәйкес, 2018 жылдың желтоқсанына ­де­йінгі бір жылда инфляция 1 300 000% болған. Халықаралық валюта қоры 2019 жылдың со­ңы­на қарай Венесуэладағы ин­фля­ция 10 000 000% жетеді деп бол­жай­ды. Өткен жылдың соңғы айларында тұтыну өнімдерінің бағасы әр 19 күн сайын екі есеге қымбаттап отырған. Miami Herald Рождес­твоның дәстүрлі асы саналатын доңыз еті қосылған нан Вене­суэлада 2018 жылдың жел­тоқсан айындағы көрсет­кіш­пен ең төменгі жалақыға тең ба­ға­да сатылғанын жазды. Баға­ның күн санап шарықтауы қарапайым венесуэлалықтардың азық-түлік пен бастапқы тұтыну заттарын сатып алуын қиындатып отыр.
Венесуэла – әлемде мұнай қорының көлемі бойынша алдың­ғы қатардағы мемлекет. Бірақ ел экспортының 95 пайызы мұнай саудасынан түсетін қаржыға тәуелді болғандықтан, 2014 жылы нарықта қара алтын бағасының күрт төмендеуі Ве­несуэлаға едәуір әсер етті. Мем­лекетке келетін шетелдік валю­таның қысқаруымен импорттық өнімдердің де қатары кеміді. Нәтижесі кәсіпкерлердің бағаны өсіруіне әкеліп соқты. Венесуэла билігі қосымша ақша басып, кедей топтардың арасында таны­малдығын арттыру үшін ең төменгі жалақы мөлшерін үнемі көтеріп отырды. Осы уақытқа дейін 34 есеге артқан ең төменгі жалақы мөлшері қазір 4500 боливар. Салдары – ұлттық валюта құнсыздана бастады. Инвесторлар Венесуэлаға қаржы құю үшін тәуекелге бара алмады, ал үкімет мәселені шешу үшін қосымша ақша басуды жалғас­тыра берді. Билік елдегі жағдайды реттеу мақсатында қосымша құн салығын 4 пайыздан 16 пайызға көтеріп, жанармай субсидиясын тек «Отан» куәлігі бар азаматтарға беру туралы шешім шығарды. Айналымға «тәуелсіз боливар» деп аталатын жаңа валютаны қосып, оны петро криптовалю­тасына байлады.
2016 жылдың 15 қаңтарында Николас Мадуро елде екі айға экономикалық төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін Венесуэла күн жарығын көбірек пайда­ланып, электр қуатын үнемдеу үшін сағат белдеуін ауыстырып, уақытты отыз минутқа алға жылжытты. Жұмыс аптасы төрт күнге дейін қысқарып, жанар­май бағасы өсті. 2016 жылдың 27 сәуірінен бастап мемлекеттік қызметкерлер аптасына небәрі екі күн ғана жұмысқа шығатын болды. Мемлекет электр жары­ғын күніне төрт сағат қана жоспарлы беру кестесін енгізді.
BBC-дің мәліметі бойынша, 2017 жылы Венесуэладағы азық-түлік дағдарысынан ел әлі зардап шегіп отыр. Ашыққан бала, баласына тамақ таба алмаған шарасыз ата-ана – әлемнің басты назарында. Статистикалық мә­лі­метте елдегі балалардың 54 па­йызы ашқұрсақ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ве­не­суэланың кей ауданында гу­ма­нитарлық дағдарыс жариялануы мүмкін деп дабыл қақты.
2017 жылы Венесуэланың сырт­қы қарыздарын өтеу бо­йын­ша міндеттемелерін орындай ал­майтыны белгілі болды. Елдегі PDVSA мұнай компаниясы мил­ли­ардтаған қарызға батты, ал мем­лекеттің сыртқы қарызының кө­лемі туралы әртүрлі дерек тарады.
БҰҰ мәліметінше, Венесуэла халқының 10 пайызы (шамамен 3 млн адам) елден көшіп кеткен. Елден кеткендер негізінен Ко­лумбия, Перу, Чили мен Бра­зилияға бет түзейді. Екі жүз мың азамат Испанияға қоныс аудар­ған деген де дерек бар. Бірақ Испания үкіметі венесуэла­лық­тардың барлығына бірдей жылы қабақ танытып отырған жоқ. Мәселен, 2017 жылы алдағы үш жылда босқын статусын алуға ықылас білдірген 12 875 вене­суэлалықтың 15-нің ғана өтініші қанағаттандырылған. Елде қал­ғандардың жағдайы ауыр. Ауру­ханаларда дәрі-дәрмек тапшы­лығы, ал дүкен сөрелері жартылай бос. Халық талон арқылы арзан нан алу үшін ұзын-соңар кезекке тұрады. Ауызсу мен электр энергиясын беруде үзілістер болып тұрады.
2018 жылдың тамыз айында Николас Мадуро бензин бағасын орташа деңгейге көтеруге ниетті екенін жеткізді. Ал арнайы карточкасы бар 16,5 миллион тұрғын екі жыл бойы бірдей бағамен бензин сатып ала алатын мүмкіндік жасады. Венесуэла валютасын өзгертіп, жағдай аз да болсын жақсарды. Бірақ елдегі тұрмыс көрсеткіші жоғарылаған жоқ. Бұл мигранттардың жағ­дайын қиындатты.
Венесуэладағы жағдайды 1923 жылғы Германиядағы не­месе 2000 жылғы Зимбабве күйі­мен салыстырады. Дегенмен жағ­дай бұдан да нашар болуы мүмкін. Reuters елдегі эконо­ми­калық дағдарыстан Венесуэладан қашқан жүздеген мың мигрант Колумбия мен Бразилияға бас сауғалағанын жазды.
2016-2018 жыл аралығында 2,3 млн адам елден көшіп кетті. Көш­кендердің 90 пайызы Перу, Чили, Боливия, Аргентинаны па­на­лады. 2018 жылдың қаңтар-та­мыз ара­лығында жарты мил­лион венесуэ­лалық Колумбия мен Эк­ва­дорға қоныс аударды. 24 тамыз күні Эквадор венесуэлалық ми­грант­­тарға арнап гумани­тар­лық дәліз ашқанын хабарлады. Бра­зи­лия да көрші елге қолдау біл­д­ірді. Бұ­ған қоса жүз мыңдаған вене­суэ­лалық шет елдерде заңсыз жүр.
Венесуэладағы миграциялық дағдарыс – Оңтүстік Америка та­рихындағы ең үлкені. Елдегі жағ­дай шетелдермен байланысқа да әсер етті. Мысалы 2016 жылы Лит­ва Венесуэладағы лит­ва­лық­тарды көшіріп әкетуді қолға алды. Бұл әрекет әлемде толқу тудырды. Жағдайдың қиындауы елдің халықаралық аренадағы жағ­дайы мен экономикасына үл­кен соққы болды. Тығырықтан жол іздеуге тырысып-ақ жатыр. Бі­рақ Мадуро да, билік те шарасыз.
Кәусар АХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*