Ресми: Сауль Альварес пен Джейкобс жұдырықтасатын болды

773
0
Бөлісу:

WBC, WBA (Super) және The Ring тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен IBF титулының иегері америкалық Дэниэл Джейкобс жекпе-жек өткізетін болды.

Кездесу 4 мамыр күні Мексиканың «Синко де Майо» мерекесі қарсаңында өткізілмек. Жекпе-жек туралы екі боксшы және олардың промоутерлері, сондай-ақ DAZN сервисі ресми түрде хабарлады.

Екі боксшы да өздерінің соңғы кездесулерін Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өткізіп, жеңіске жеткен болатын. Мексикалық боксшы британиялық Рокки Филдингті жеңіп, одан екінші орта салмақтағы WBA чемпионы титулын тартып алса, Джейкобс төрешілер шешімімен украиналық Сергей Деревянченконы жеңіп, IBF белдігін қанжығаға бөктерген болатын.

Қос боксшы да қазақстандық Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыластары. Головкин мен Альварес арасында 2017 жылы қыркүйек айында өткен кездесу тең аяқталса, бір жылдан соң Альварес қазақстандық боксшыдан төрешілер шешімімен басым түсті және GGG-ден барлық белдіктерді тартып алды.

2017 жылдың наурыз айында Головкин Джейкобстан басым түскен болатын. Бұл ретте америкалық боксшының Головкинге 12 раунд бойы төтеп берген алғашқы боксшы екенін де айта кету керек.

Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойяның хабарлауынша, Канело мен Джейкобс арасындағы кездесу Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтпек.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*