ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІМЕН ӘЛЕМ ТАНЫСАДЫ

705
0
Бөлісу:

 

Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. Онда тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерді  әлемге таныту мақсат. Соның ішінде қазіргі қазақ прозасы мен поэзия жинақтарын 6 тілге аударылмақшы. Сондықтан да қазақстандық авторлар шығармаларын аударатын аудармашылармен кездесті.

 Осыған орай Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей және Қытай аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының өкілдері шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлармен кездесу үшін Қазақстанға арнайы келді. Оған қоса, аударманың көркемдік сапасын арттыруға бағытталған бірқатар арнаулы шаралар жоспарланды. Соның бірі – 14 қаңтарда Астанада және бүгін Алматыдағы өткен кездесу.  Жиында әр елден келген аудармашылар мен әріптес ұйымдардың өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, авторлармен пікірлесті.

Қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асуда. Университет баспасы жобаға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартқан. Ал британдық әріптестер «мәдени индукция» (Cultural Induction) тәжірибесін қолдануды ұсынды. Ол аудармашылар мен редакторлардың түпнұсқа мәтін (елдің) мәдениеті мен оның мазмұнына терең үңілуіне жол ашады. Осы сапарда антология жобасына қатысушы шетелдік мамандар  қазақстандық авторлармен аудармаға байланысты туындаған сұрақтарын талқылап қана қоймай, Қазақстан мәдениеті, тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігімен жақын танысады.

Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясын испан тілінде сөйлетуге Испания мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, әйгілі «Сервантес институты» кеңесші ретінде қатысады. Жобаға Еуразия және Орталық Азия елдері әдебиетін аударуға маманданған тәжірибесі мол аудармашылар тартылған. Антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы қатысса, орыс тілінде мәтін аудармасы мен әдеби редакциясы жұмысын үйлестіруге Ресей жазушылар одағы­ның мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси­те­тінің баспасы атсалысады. Қазақ әдебиетінің жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратумен Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» айналысады. Жинақтарды араб әлеміне Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы таныстырады.

Бұған бүгінде 50-ден аса маман тартылып, ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталып, қытай және араб тіліндегі жолма-жол аударма жұмысы жасалуда.

Өтетін кездесулер аясында қазақ ақын-жазушылары мен шетелдік мамандар көркем әдебиетті аударуға қатысты ортақ мәселелерді талқылап, авторлар мен аудармашылар жеке-жеке сұхбат құрады. Бұл аударманы  түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етпек. Жоба Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.

 

«Айқын-Ақпарат»

Бөлісу:

Пікір жазу


*