Балалар өлімі 2 есеге, нәрестелердің шетінеуі 2,6 есеге азайды

720
0
Бөлісу:

Ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша басымдық берілген стратегиялық шаралар 2016–2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласын дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқылы өз шешімін тауып, соңғы жылдары балалар мен нәрестелер өлім-жітімі көрсеткішінің төмендеуіне мүмкіндік берді. Соңғы 10 жылда балалар өлім-жітімінің көрсеткіші 2 есеге (2017 жылы 1000 нәрестеге шаққанда 10,2) және нәрестелер өлім-жітімінің 2,6 есеге (2017 жылы 1000 нәрестеге шаққанда 7,9) төмендеді. Бұл туралы Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығында «Қазақстан Республикасы педиатрия қызметтің соңғы 10 жылдағы жетістігі» атты тақырыппен өткен брифингте атап өтілді.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымының міндетін атқарушы Жанар Сауранбаеваның айтуынша, ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында Қазақстан Республикасында босандыру мен балалық шақ қызметінің тиімділігін арттыру бойынша біріктірілген үлгіні енгізу жөніндегі Жол картасы жүзеге асырылуда.
– Балалар денсаулығын қорғау денсаулық сақтау саласының, мемлекет пен қоғамның ең өзекті және ең маңызды мәселелерінің бірі. Себебі, балалардың денсаулығы ересектер денсаулығының әлеуетін қалыптастырудың іргелі негізін құрайды. Еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  ана мен баланың бірге болуы, тек қана емізу, күні жетіп туған және ересек балаларды бағып күтуге жіберуге арналған «Қауіпсіз ана» стратегиясын қабылдады. Қазақстанда  Орталық Азиядағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен салыстырғанда  бір жасқа дейінгі балалар өлімі (7,9%) нәрестелер өлімі көрсеткіші деңгейінен 1,2 есеге төмен (ТМД бойынша – 9,3%: Қырғызстан – 19,9%; Тәжікстан – 11,8%, Өзбекстан – 10,7%;  Әзірбайжан – 9,8%; Ресей – 7,3%). ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан Балаларға медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісін енгізу бойынша Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Өңірлердегі балаларға медициналық көмек көрсетуді мониторингілей отырып, ана мен бала өлімін төмендету бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі Республикалық штаб ұйымдастырылды, көшпелі отырыстар өткізілді. 2018 жылы басқарушылық шешімдер қабылданған Республикалық штабтың 13 отырысы өтті. Қазақстан Республикасында педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты енгізілді, – дейді Ж.Сауранбаева.
Брифингте педиатриялық қызметтің соңғы 10 жылдағы жетістігі атап өтілді.
Елімізде балалардың туа біткен даму ақауын (әрі қарай – ТДА) жатырішінен анықтап қана қоймай, сонымен қатар жүкті әйелдерді емдеу әдісін жүргізуге мүмкіндік беретін перинатальдық диагностикалау жетілдірілуде. ТДА-дан болатын 1 жасқа дейінгі бала өлімі соңғы 10 жылда 1,5 есеге азайды, бұл пренатальдық диагностиканың жақсаруына және жедел араласу әдістерінің жетілдірілуіне байланысты, дейді мамандар.
– Соңғы жылдары медицинаның жетістіктерінің арқасында онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығы артып келеді, ал олардың басым көпшілігі іс жүзінде сауығуға қол жеткізуде. Бұл жетістіктерге біздің республикамызда лейкемияға шалдыққан балаларды емдеуде 20 астам уақыт қолданылып келе жатқан BFM неміс бағдарламасы мысал болатын химиотерапияны таңдамалы қарқындату, бағдарламалық емдеуді іске асыру есебінен қол жетті. Қазіргі кезде жіті лимфобластық лейкозға шалдыққан балалардың өміршеңдігі жоғары мөлшерлі ПХТ қолдану нәтижесінде Қазақстанда 78 пайызды құрайды, яғни, бұл дегеніміз әлемдік нәтижеге жақын. Әлемдік жетекші орталықтарда осы ауруға шалдыққан балалардың өміршеңдігі бүгінгі күні 80-85 пайызды құрайды, – деп атап өтті Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басшысының педиатрия жөніндегі орынбасары Гүлнәр Абдилова.
Брифингте Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясы бөлімшесінің меңгерушісі Гүлайым Байтанатова неонатологиялық қызметтің соңғы он жылдағы жетістіктерін тілге тиек етті.
– Балалардың денсаулығы тікелей ананың денсаулығына байланысты. Біздің орталыққа ауыр патологиялары бар аналар жатады. Орталық жылына 3000-нан аса әйелдерді босандырады. Туа бітті ақауымен дүниеге келген, хирургиялық көмекті қажет етететін нәрестелдерді бірден Педиатрия орталығына жібереміз. Біз бұл орталықпен тығыз қарым-қатынастамыз. Жылдан-жылға тиімді перинаталдық технологиялар жақсарды.  Соңғы 10 жылда перинаталды өлім-жітімі 30-дан 5,5 промилге, ерте жастағы неонаталды шетінеу 15-тен 3,2 промилге, неонаталды өлім-жітімі 20-дан 3,5 промилге төмендеді, – деп атап өтті Г. Байтанатова.

А.Ахметқазы

Бөлісу:

Пікір жазу


*