БЕЙБАРЫСТЫҢ БАРЫСЫ ИЗРАИЛЬДЕ ҚАЙДАН ЖҮР?

4827
0
Бөлісу:

«Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері». Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған. Олар жыртқыштардың, негізінен мысық тұқымдас аңдардың суретін көбірек қолданған».

Бұл – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан алынған үзінді. Шынында, біз тіршілік етіп отырған ұланғайыр Еуразия құрлығы, соның ішінде Қазақ топырағы – жер жүзіндегі талай тарихтың қайнар көзі, бастау бұлағы. Президент айтып отырған аң стилі біздің өлкемізде дүниеге келіп, күллі әлемді шарлап кеткені айдай анық нәрсе. Қалай дейсіз бе? Оның бірнеше дәлелі бар.

Бүгінде әлемдік өнердегі ең биік белестің бірі болып саналатын аң стилі – негізінен көшпелі халық­тарға тән өрнек. Алып сәулет кешендерінен бастап тұрмыстық заттарға дейін аң-құстың бейнесін салу бабаларымыздың асқан шеберлігінен, металмен жұмыс істеуді меңгергенінен, өндірістік тәжірибесінің мол болғанынан хабар береді.
Ғалымдардың зерттеуінше, аң стилі Еуразия құрлығында біздің заманымызға дейінгі кезеңдерде пайда болыпты. Бертін келе бұл стиль сәндік сипаттағы өнердің озық түріне айналды. Оған Қазақ жерінен табылған қазандар, қару-жарақтар, ат әбзелдері мен киім-кешектердегі аң-құстар, жан-жануарлар бейнесі дәлел бола алады. Мысалы, Есік қорғанынан табылған Алтын адамның киімінде 40 мыңға жуық әшекей болған екен. Көбі – аңдар бейнесі. Соның ішінде бірден көзге түсетіні – барыс. Осыған қарап-ақ өнердің бұл түрі Сақтар заманында салта­нат құрғанын шамалай беруге болады…
…Израиль астанасы Құдыста (Иерусалим) «Арыстан қақпасы» деген көне ғимарат бар. Бұл тарихи ғимаратты бүгінде еврейлер көздің қарашығындай сақтап отыр. Алай­да тарихын ақтарсақ, еврей­лер­ге қатысы аздау болып шыға келеді.


«Арыстан қақпасын» 1538-1539 жылдары бәріміз сериал арқылы жақсы білетін Осман империя­сы­ның билеушісі Сүлеймен сұлтан салдырған. Бұл жайлы аңыз былай айтылады. Сүлеймен сұлтан бірде түс көреді. Түсінде Құдыс қала­сы­ның екі жағынан екі арыстан торуылдап келе жатады. Екеуі де отты көздерін қадап, сұлтанға қойып кетеді. Сүлеймен шошып оянады. Дереу бір даныш­пан­ды жанына шақыртып, түсін жоры­та­ды. Ол сұлтаннан ұйықтар алдын­да не жайлы ойлағанын сұрайды. Сұлтан халықтан көбірек салық төлетуді ойластырғанын айтып береді. Сол кезде данышпан: «Сізге көрінген екі арыстан – Құдайдың қаһары. Сіз салықты ойлап, халықты ұмыттыңыз, сол үшін сізге жасаған ескертуі», – дейді. Сүлеймен сұлтан айыбын ұғып, қасиетті қаланы қорғау керегі есіне түсіп, осы «Арыстан қақпасын» тұрғызған деседі. Қорғанның жақтауына екі-екіден төрт арыстанның бейнесін қала­та­ды. Түрік тарихшыларының түсін­ді­руінше, қақпадағы төрт арыс­­танды Сүлеймен сұлтан 1517 жыл­ғы османдықтардың мәмлүк­терді жеңуіне орай бейнелеген көрінеді.
Көне ғимарат «Арыстан қақ­пасы» деп аталғанымен, онда бейнеленген аң арыстаннан гөрі барысқа көбірек келіңкірейді. Суреттегі мысықтұқымдас аңды арыстан, барыс, леопард, пантера деп түрліше атайтындар бар. Біз барыс деген нұсқасына тоқталдық.
…Құдыс әуелде Оспан империя­сына қарады. Ал оның алдында қасиетті қала Мәмлүк сұлтанды­ғы­ның иелегінде болды. Бұл мемлекеттің негізін Бейбарыс сұлтан қалады. Мәмлүк сұлтан­дығы 1250-1517 жылдары өмір сүрді. Ол кезде Қағира (Каир), Халеб (Алеппо), Дамашық (Дамаск) және мұсылмандардың қасиетті үш шаһары – Мекке, Медина, Құдыс қалалары мәмлүк­терге бағынышты болды.


Үш ғасыр билік жүргізген Мәмлүктер мемлекетін 1517 жылы Осман билеушісі І Селим сұлтан (Сүлеймен сұлтанның әкесі) құлатты. Ол мәмлүктердің соңғы билеушісі Тұманбай сұлтанды дарға асып, бүкіл иелігін тартып алды. Демек, Құдыстағы барыс бейнесі – осы мәмлүктерден, нақтырақ айтқанда Бейбарыс сұлтаннан қалған белгі деуге толық негіз бар.
Израиль астанасы Тель-Авивтен оңтүстік-шығысқа қарай 20 шақырымдай жерде Лод деген қалашық бар. Осы Лодта Жиндас деген көпір бар. Француз шығыс­танушысы Шарль Симонның зерттеуінше, бұл көпір 1273-1274 жылдары салыныпты. Осы көпір­дің екінші аты – Бейбарыс көпірі.
Бейбарыс сұлтан билік құрған жыл­дары Құдыста бірқатар құры­лыс нысандарын салдырғаны бел­гілі. Соның ішінде көпір құры­лы­­сына ерекше ықылас танытты. Ортағасырлық Жиндас, Ибна, ад-Халам деген көпірлерді Бейба­рыс сұлтан салдырған. Бүгінде үшеуі де аман сақталған. Қазіргі Израиль жерінде жатыр. Айтайын дегеніміз, осындағы Жиндас көпі­рін­де де екі барыс бейнесі бар. Екі барыс бір біріне қарап тұр: екеуінің орта­сына ойып тұрып арабша жазу жазылған.
«Бисмиллә… Мұхаммед пен оның отбасына, оның ізінен ерушілерге Алланың сәлемі болсын. Бұл қасиетті көпір ұлы сұлтан әл-Мәлік әл-Зәкр Рукн ад-Дин Байбарыстың тапсырмасы бойынша, оның ұлы, тақ мұрагері сұлтан әл-Мәлік әл-Саид Насир ад-Дин Беркенің (Барака) құр­ме­тіне орай салынды. Алла оларға рақымын төгіп, жеңіске жете­лесін…». Көпір Рамазан айын­да іске қосылған.


Бейбарыс салдырған құры­лыс­тар­да барыстың бейнеленуі нені білдіреді? Сұлтанның (дұрысы Байбарыс) есімінің өзі «Қуатты барыс» дегеннен шыққан. Бәлкім, содан болар Бейбарыс барыс стилін өзінің жеке геральдикасына айналдырды. Есімімен тікелей байланысты дүниелердің бәріне барыс бейнесін қондырды.
Израиль тарихшысы Моше Шаронның айтуынша, жоғарыда айтылған Жинда көпірі, Құдыстағы Барыс қақпасы және Газадағы Каср әл-Баша ғимаратында бейне­лен­­ген барыстардың бәрі – бір барыс. Тарихшы үшеуін де Бейба­рыс­тың барысы деп қарас­ты­­рады. Үшеуінің де салынған уақы­ты бірдей: 1273 жылы жасалған.
Бүгінде Палестина жеріндегі Каср әл-Баша ғимаратын да зама­нында Бейбарыс сұлтан салдырған екен. Бұл ғимараттың да қабырға­сында бір-біріне қарап тұрған екі барыс бейнеленген. Мәмлүктер салдырған, кейін османдықтар, одан кейін британдықтардың штабы болған бұл ғимарат қазіргі уақытта мемлекеттік музей қызме­тін атқарып тұр.
Бейбарыстың барысы бейне­лен­ген тағы бір тарихи ғимарат – Израильдегі Голан биігінде орналасқан Намрұд қамалы. Бұл қамалды 1229 жылы Айюбидтер әулетінің негізін қалаған атақты Салах ад-Диннің екінші ұлы әл-Әзиз ибн Осман тұрғызған. Айюбид­тер билігі құлап, орнына мәмлүктер келгеннен кейін Намрұд қамалын Бейбарыс одан әрі жетілдіре түсті. Іргесін нығай­тып, қамалға екі мұнара тұрғызды. Соңыра сұлтан бұл қамалды өзінің қолбасшысы Білікке сыйлады. Білік Бейбарыс сыйлаған қамалды одан ары жаңғыртып, 1275 жылы қамалдың қабырғасына сұлтанның таңбасы – барыс бейнесін қалатты. Осылайша, Білік өзінің Бейбарыс сұлтанға деген құрметін білдірген болатын.
Бейбарыстың барысы тек қамал, қорған, көпірде ғана емес, мешіт, медресе, тіпті тұрмыстық заттарда да бейнеленді. Барыс бейнесін Мысыр астанасы Каирдағы Бейба­рыс мешітінің қабырғасынан да көруге болады. Бұл мешітті 1266-1268 жылдары Бейбарыс сұлтан­ның өзі салдырған болатын. Құдыс­­тағы Израиль музейінде де Бейба­рыс­тың барысы бейнеленген ортағасырлық мүсін тас сақтаулы тұр. Бұл тас Цфат қаласы маңын­дағ­­ы қазба кезінде табылған екен. Сондай-ақ Бейбарыстың өзі соқ­тыр­­­ған тиынында, тіпті ыдыс-аяқ­­тарында да барыс бейнесі бол­ған.

Бұдан шығатын түйін қандай? Бейбарыстың туған жері – Қазақ топырағы. Сұлтан өзі билік құрған елдерге қазақтың бір белгісін апарып, сәулелендірді. Мәмлүктерді билеген Қайтпай сұлтан да (ол да Қазақ топырағында туған) Бейбарыс бастаған ізгі дәстүрді жалғады. Қайтпай сұлтан да өзі тұрғызған ғимараттарға, мешіттерге қазақтың қошқармүйіз оюын салдырған еді.
Мұның бәрі нені білдіреді?
Бұл – біздің бабаларымыздың озық мәдениеті болғанының айшықты дәлелі. Мәмлүк сұлтандығын 300 жыл бойы билеген Бейбарыс, Қайтпай, Барқұқ, Барысбай, Жанболат, Тұманбай сұлтандар – біздің бабаларымыз. Оны мақтанышпен айтатын кез келді. Елбасы айтқандай, «ежелгі Рим деген қазіргі Италия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады». Ендеше, неге бізге де тарихи тамырымызбен мақтанбасқа?!

Серікбол ХАСАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*