Үш керекті игеруге күш керек

3001
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының  «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы әлеуметтік-экономикалық саланы одан ары жетілдірудің басты көрсеткішіне айналғаны анық. Кез келген елдің экономикасының негізі  шағын және орта кәсіпкерлік екені белгілі. Ал бұл орта тапты орнықтырады.

Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты шаралар Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылы 6 наурызда қабылдаған «Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсе­туді жеделдету шаралары» деген қаулысынан басталды. Сосын «Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» заң­дар қабылданды. Шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы жағдай­лар жасау үшін, қаржылай және ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында Елбасы «Қазақстан Республика­сында шағын кәсіпкерлікті қол­дау мен дамытудың басым­дық­­тары мен аймақтық бағдарла­м­а­лары туралы» пәрмен берді .
Өнеркәсібі дамыған елдерде шағын кәсіпкерлік үлесіне барлық жұмыспен қамтамасыз етілгендердің 50-60 пайызы және жаңа жұмыс орындарының 70-80 пайызы келеді. Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіп­орындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын береді.
Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде
50 пайызын өндіретін болады. Еңбек өнімділігін 5 есеге – қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру көзделіп отыр.
Елбасы «Біз жалпы ішкі өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылы­мында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбаниза­ция­ның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі» деген-ді.
Осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынұлы «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп халыққа нақты бағыт сілтеген болатын. Уақыт алға озған сайын осы «үш керектің» орны белгі беріп тұрады.
Бұрын «қазақ сауда жасай алмайды» деген сұғанақ пікір бар еді. Тәуелсіздік тұсында біздің көптеген қандастарымыз жеке кәсіпкерлікті ұршықша иіріп әкетті. Ендігі таңда қазақ кәсіп­керлігін жаңа биікке шығару талабы алға шықты. Бизнес жүргізетіндердің басым бөлігі қазақтың еншісіне бұйырмайын­ша қамкөңіл қалыпта жүре береміз. Бізге бәсекеге төтеп берер бизнес-қабілет керек. Биз­нес­те бәсекелі ұлтқа айнал­ған­да ғана берекеміз кіреді.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*